Атырау, 11 қазан 21:29
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

«Ақшаны медициналық сақтандыру қорынан алуға болатын болса, пациенттің қалтасына қол сұғудың қажеті қанша?!»

Бейнежазба
3 621 просмотра

Емхана дәрігерлері әдеттегідей сақтандырылған науқастарды КТ және МРТ диагностикасын жасату үшін облыстық ауруханаға жібереді. Ол жерде науқастар өз кезегін бірнеше апта күтуге мәжбүр. Алайда емханадағылар сол күні диагностика жасай алатын кез-келген жеке клиникаға жолдама бере алады. Көбіне күтуге мүмкіндігі жоқ пациенттер сол облыстық ауруханада ақылы негізде диагностика жасатады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен мәжілісте Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) Атырау филиалының директоры Сәбит ҚҰРАЛБЕК әңгімеледі.

Бүкіл профильді медицина мекемелерінің басшылары  қатысқан жиналысты облыс әкімінің орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВА жүргізді. Жалпы, біздің облыс сақтандырылған адамдар саны бойынша көшбасшылардың бірі - 86,4% (республика бойынша орта есеппен - 82%). Біздің өңірде 16137 шағын және орта бизнес субъектілері бар, оларға мемлекет жеңілдік– МӘМС-ке заңды негізде аударым жасамау мүмкіндігін ұсынған, олардың 4493-і әлі күнге дейін осы құқықты қолданбаған.

- Яғни, 4 493 жеке кәсіпкер 2020 жылғы 1 наурыз бен 31 желтоқсан аралығында МӘМС-ке жарна төлемеген, бірақ бұл қаржылық ауыртпалықтан босату мүмкіндігін пайдаланбаған. Ал оларға бар болғаны өздерін базада белсенді ету керек еді. Оны жасау өте оңай. Egov.kz немесе SaqtandyryBot Telegram арқылы, тіптен болмағанда, 1406 нөміріне қоңырау шалса болғаны. Жұмыс берушінің бұл олқылығы оның қызметкерлерінің сақтандырылмағанын және медициналық ұйымға жүгінген жағдайда міндетті медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық қызметтерді ала алмайтынын білдіреді. Өйткені заңға сәйкес «сақтандырылған» деген мәртебе азаматтарға тек соңғы 12 айдағы төлемді толық төлеген жағдайда беріледі, - С.Құралбек.

Оның пікірінше, жеке кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын әкімдіктер ғана емес, мемлекеттік кірістер органдары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да жүргізуі керек. Жыл басында Мемлекеттік кірістер департаменті ғана МӘМС хаттарына жауап беріп, жұмысын тоқтатқан шағын кәсіпорындар тізімін жіберді. 16137 ЖК-нің 734-і жабылып қалған екен. Бұл мәселені ауыл мен ауылдық округтерде неғұрлым белсенді түрде түсіндіру қажет. Егер шағын кәсіпорын жұмыс істейтін болса, онда қызметкерлерге сақтандырылған мәртебе беру үшін олардың ЖСН-ін Қордың ақпараттық жүйесіне жүктеп, ал егер олар өз қызметін тоқтатса, оларды тізімнен алып тастау керек.

ЖЕКЕ ЕМХАНАЛАРҒА КІМ ТӨЛЕСЕ ДЕ БӘРІБІР

Екінші мәселе - дәрігерлер науқастарға көптеген тегін қызметті алуға құқығы бар екенін түсіндірмейді.

- Қазір кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекке немесе МӘМС-ке кірмейтін мұндай қызметтер жоқтың қасы, бірақ адамдар бұл қызметтерді ақшаға сатып алады. Біз бірнеше рет емханалардың өкілдерімен кездесу өткізіп, бізде КТ да, МРТ да жұмыс істейтін жеке емханалар бар екенін, онда кезек тек 1 күн екенін айттық. Ал емханалар бұрынғыша балалар мен ересектерді облыстық ауруханаға жібереді. Онда пациенттерді дұрыс бөлмеу салдарынан ұзын-сонар кезек пайда болады. Ал жеке медицина мекемелеріне Денсаулық сақтау министрлігінің тарифі қолайлы, олар бізбен жұмыс істеуге дайын. Біз олардан: сіздерге бізбен жұмыс істеуге не кедергі, неге сізге адамдар аз келеді деп сұраймыз. Олар емханадан өздеріне пациенттерді жібермейтінін айтады. Қазір емхана мен басқа медицина мекемелерінің арасында келісімшарт жасау тіпті қажет емес: ақпараттық жүйе автоматтандырылған, барлық жеке емханалар аймақтық қызмет көрсетушілер базасында орналасқан. Біздің емханалар базаға кіріп, кезектің қай жерде аз екенін көре алады. Тексеруден өтуге тіркелу кезінде базада бірлесіп орындау келісімшарты жасалады, есепшот жазылып, қаражат біз арқылы аударылады. Бүкіл мәселе емханаларда, - деп қынжылды жергілікті МӘМС басшысы.

Мысалы, кардиология орталығында 434 КТ және МРТ тексерісі жүргізілді, оның 120-ы сақтандыру бойынша, тиісінше 314-і ақылы негізде. Демек, МСАК мекемелері өзіне бекітілген тұрғындарға қымбат медициналық қызметті тегін жолдама арқылы ала алатынын түсіндірмейді. Тіпті, бұл қызметтердің қай медицина ұйымында бар екенін білмейді де. Бұл жағдайда пациенттердің талабы негізді. Балалар ауруханасында жағдай одан да нашар, ол жерде бұл қызметке жүгінген 1814 баланың 133-і ғана КТ процедурасынан тегін өтті. Басқа жағдайларда, тексеріс үшін ата-аналар ақша төлеген.

- Егер бұл ақшаны медициналық сақтандыру қорынан алуға болатын болса, онда сіздер неге пациенттердің қалтасына қол сұғып отырсыздар? – деді Б.Хаменова жиналғандарға.

Пациенттер профильді мамандардан кеңесті ұзақ күтеді. Мысалы, облыстық ауруханада гематолог пен нефрологқа қаралу кезегі үш аптаға немесе одан да көпке созылады. КТ, МРТ аппараттарында диагностиканы күту уақыты 20-25 күн, ал УЗИ аппараттарында (ЭХО, КГ) - 15 күн.

Жағдайды өзгерту үшін С.Құралбек бірқатар шараларды, соның ішінде ТМККК/МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызметті жұмыс уақытында, ал ақылы қызметтерді жұмыстан тыс, сағат 16-17-ден кейін және демалыс күндері көрсететіндей етіп мемлекеттік медицина мекемелерінің жұмыс кестесін қайта қарастыруды ұсынды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Бейнежазбаны түсірген автор

23 мамыр 2021, 21:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.