Атырау, 11 қазан 21:32
 ашықВ Атырау +7
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Атыраудағы «троллейбус жыры»

4 184 просмотра
Атырау үшін троллейбус арман боп қалды . Көрнекі сурет.

1995 жылы Атыраудың орталық көшелерінің бойымен троллейбус электр желісі тартылды, бірақ бұл өміршең жоба болмады: 1999 жылы оның шаруасы бітті. Соның өзінде 3 миллион доллар жұмсалған еді.

Қалада тұратын аға буын троллейбус қозғалысы қысқа мерзімге болса да, іске қосылғанын ұмыта қойған жоқ. Авангардтан «Ағила» сауда орталығына дейін 11,8 шақырым байланыс желісі салынып, 4 троллейбус сатып алынды. Өкінішке орай, одан көбірек алуға ақша жетпеді. Бір жолға түсіп кету үшін автобус-троллейбус паркі тек осы бағытқа кемінде 15 троллейбус сатып алу қажет болды. Тек желіні ұзартқанда (жоба бойынша – теміржол вокзалы мен Балықшыға дейін) және троллейбустар санын 50 бірлікке  жеткізгенде ғана пайда түсетін еді.

«Жол мен көше қиылыстарының ені троллейбустың қауіпсіз жүруіне және соңғы аялдамада бұрылуға қиындық туғызатыны анықталды. Мен сол кезде Дом радиода вахтёр болып жұмыс істедім. Бір күні кешкі ауысымда мен троллейбус жүргізушісі екінші қабаттағы дәретханаға кіріп кеткенін байқамай, сол қанатты жауып тастағанмын. Терезеден біздің кеңсеге қарама-қарсы аялдамадағы троллейбус ұзақ уақыт қозғалмай тұрғанын байқадым. Содан жиырма минуттан кейін жүргізушінің есікті қағып тұрғанын естіп қалып, оны босаттым.  Екінші қабаттың есігін ашқан кезде, ол метеор секілді жанымнан ұшып өтті. Содан кейін троллейбустарды тоқтатып, мыс сымдарды кесіп, бағандарды бұзып тастады.  Соңғы бағана биыл бұзылды – Махамбет көшесі мен Азаттық даңғылының қиылысында, «Роник» телеательесіне қарама-қарсы тұрды», - деп есіне алды біздің «Компаньоннан» «Ақ Жайыққа» дейін: 90-жылдардың алғашқы жартыжылдығында не туралы жаздық» атты шолуымызға комментарий қалдырған оқырмандардың бірі.

Шын мәнінде, троллейбустардың тарихы біз ойлағаннан да әріден басталады. Гурьевте троллейбус желісін салу мәселесі КСРО кезінде, өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында көтерілді. Бірақ бізден ақтөбеліктер озып, республикалық қазынадан барлық мақсатты қаржыны алып кетті. Сол кездегі салалық басқарманың бастығы Галина КИМНІҢ пікірінше, егер құрылыс жобадан ешқандай ауытқусыз және барлық нормаларды толық сақтай отырып жүргізілгенде, онда жүз пайыз рентабелді болар еді.

Атырауға троллейбус жіберу идеясы 90-шы жылдардың басында, «газельмен» тасымалдаушылар болмаған кезде пайда болды. Адамдар аялдамаларда бірнеше сағаттап тұрды, суықта тоңып, жазда күнге күйіп тұратын. Жұмысқа және оқуға уақытында жету үшін қала тұрғындары сирек жүретін автобусқа мінуге таласады. Сонда арнайы «троллейбус» жобасын қаржыландыру үшін жергілікті көлік салығы енгізілді. Жиналған қаражат - шамамен 400 миллион теңге, сол кезде орасан көп ақша - есеп бойынша бірінші кезеңді аяқтауға ғана емес, сонымен қатар Балықшыдан Привокзальныйға дейінгі желіні салуға да жеткілікті болуы тиіс еді. Желі құрылысы басталды. Сол кезде әкім ауысып, С.Түгелбаевтың орнына Р.Чердабаев келді. Ақша облыстық қазынаға кетті, бірақ идея аман қалды. 1997 жылдың қыркүйегінде бірінші желі зорға іске қосылды, екінші желіге ақша жетпей қалды – инфляция.

Автобус-троллейбус паркінің дерегі бойынша, 1997 жылғы қарашадан бастап 1999 жылғы ақпанға дейінгі қаржылық шығын 9,5 млн теңгені құрады. Ал облыс троллейбус шаруашылығына жалпы 225 млн теңге жұмсады. Қала тұрғындары жаңадан келген жас әрі өте жігерлі облыс әкімі И.Тасмағамбетов бұл жобаға дем береді деп үміттенді - бірақ ол оған онша көңіл бөле қойған жоқ. Сол уақытқа дейін шығын жылына 7,7 млн теңге болды, оның ішінде амортизациялық аударымдар 6,3 млн. теңгеге жетті.

Нәтижесінде Атырау әкімдігі троллейбус желісін пайдалану, оны консервациялау және кейін бөлшектеу мақсатына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдады.

Сол кезде газетіміз шығынды есептеді. 1996-1997 жылдардағы троллейбус кешенінің баланстық құны 232 миллион теңгеге немесе сол кездегі бағам бойынша 3,67 миллион долларға бағаланған. Желге ұшқан әжептәуір ақша. Бірақ ол кейіннен қолға алынған алып «жобалардың» қасында мардымсыз көрінеді. Ерік Мостовой, фармацевтикалық зауыт, концерт залы және монша кешені, әуежай трассасына метасеквоя отырғызу сияқты оқиғалардың өзі неге тұрады (тура және ауыспалы мағынада). Біздің шенеуніктердің қиялы кең, ауқымды. Тек қаражатты мұқият есептеу және қатаң бақылау жетіспейді. Мұның артында бюджетті "талапайға салу" болмаса. Соған көбірек ұқсайтын сияқты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА   

22 мамыр 2021, 19:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.