Атырау, 11 қазан 23:21
 ашықВ Атырау +9
$ 490.84
€ 536.88
₽ 5.04

Жарнамасы жасырын, зардабы зор есірткі

5 868 просмотра

Атырауға синтетикалық есірткінің қайдан келетіні, интернеттегі есірткі бизнесінің схемалары туралы Атырау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысымен күрес басқармасының бастығы Марат ТАҒАНИЯЗОВ әңгімелеп берді.

Соңғы кездері Атырауда синтетикалық есірткімен айналысатын қылмыскерлер жиі ұсталады. Бұрын полиция ақпарынан апиын, героин, гашиш пен марихуана туралы ғана білсек, қазір «меф», «мяу», «соль», «кристалл» деген есірткі түрлерін естіп жүрміз. «Синтетика» өсімдік шикізатынсыз арнайы лабораторияларда оңай әрі тез дайындалады. Тек химияны білу және дәріхананың кәдімгі дәрі-дәрмектері қажет.

Әзірге атыраулық полицейлер Атырауда мұндай есірткі зертханалары жоқ дейді сеніммен.

- Ұсталған наркокурьерлердің айтуынша, Атырауға синтетикалық есірткілер Алматы, Тараз және Қарағанды қалаларынан жеткізіледі. Жақында Қарағандыдағы әріптестеріміз екі үлкен лабораторияның көзін жойды, - дейді Тағаниязов. - 2 021 жылдың 1-тоқсанында синтетикалық ескірткіге қатысты 13 қылмыстық іс тіркелді, оның 2-еуі аса үлкен көлемде есірткі сақтау, 7-уі - сату, 4-еуі қолдану бойынша. Айналымнан 1 кг 230 грамм есірткі алынды.

 

НАШАҚОРЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАЗУ

Тағаниязовтың айтуынша, есірткі өнімдерін заңсыз жарнамалаған факт анықталған. Иә, қазіргі кезде есірткінің жасырын жарнамасын қоғамдық орындардан кездестіруге болады. Көбіне көп қабатты үйлердің қабырғаларында, дуалдарда түсініксіз граффитиді – аэрозоль бояулармен жазылған жазуларды, хэштегтер мен сызбаларды көруге болады. Бірақ бұл көше суретшілерінің салған суреті емес, мақсатты аудиторияға - нашақорларға арналған «хабарламалар». Бұл - Telegram-каналдағы есірткі сататын дүкендердің мекен-жайы. Өйткені бұл жерде телефон нөмірі көрінбейді және кез-келген есіммен парақша ашуға болады. Атырауда есірткі дүкендерінің мекенжайын көшеге граффитимен салған қыздың 1,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Бүкіл есірткі бизнесі Telegram арқылы жұмыс істейді. Яғни тапсырыс қабылдап, тапсырыс жеткізу де осы жерде жүзеге асады. Ешкім ешкімнің бет-жүзін танымайды, бәрі құпия, - дейді сұхбаттасушым. 

 

ЖЕЛІДЕГІ «АЛЫПСАТАРЛАР»

Қазіргі есірткі сатушылардың жұмысына егжей-тегжейлі тоқталайық. Дозаны алу үшін «алыпсатарларға» баратын ескі сызба өткеннің еншісінде қалды. Техникалық прогресс есірткі сатушыларға Интернетке шығуға мүмкіндік берді. Мұнда оларды қадағалау мүмкін емес, ал сатушы мен сатып алушы бір-бірін көрмейді. Жұмыс істейтіндер - лабораториядағы администратор,  курьер, «гранатчик», «закладчик» пен тұтынушы. Мәселен, Қарағандыда синтетикалық есірткі дайындалып болғаннан кейін, курьер Атырауға алып келеді. Ол бұл қызметі үшін 1000$-дай сыйақы алады. Сақтық шаралары үшін әрқашан көлікпен жүріп, бір қалаға 1 кг артық апармайды. Атырауға келген соң, оны бір жерге көміп кетеді. Ол көмген жерге “гранатчик” келіп, тауарды алып, 0,3, 0,5 грамм қылып өлшеп, тауарды бөледі. Бұл қызметіне - 25-30 мың теңге аралығында жалақы алады. Осыдан кейін ол да басқа жерге тығып кетіп, “закладчикке” мекен-жайды фотоға түсіріп жібереді. “Закладчик” алып кетіп, администратор айтқан жерге есірткілерді тығып кетеді. Ол бір мекен-жай үшін 1500-2000 теңге аралығында алады. «Закладчиктер» есірткі нарығының қара жұмысшылары, көбінесе ұсталып, сотталатындар да осылар.

Әрі қарай администратор тұтынушылардан ақшасын алып, қай жерде екенін айтады.  Тұтынушы бір дозасын 15-29 мың теңгеге сатып алады. Айта кету керек, жоғарыда аталған “әріптестер” бір-бірін ешқашан көрмейді. 


«ЗАКЛАДЧИК» КІМ?

- Осы салада жұмыс істейтін адамның портретін құрастырайық.

- Интернетте құпия жеңіл жұмыс туралы түрлі хабарландыру толып тұр. Мұндай жұмыста істейтіндердің көпшілігі студенттер мен жұмыссыз жастар. Олар тұйық, көп сөйлемейтін, досы аздарды ғана алады. Егер балаңыз түнгі уақытта себепсіз көшеге шығып кете беретін болса, қолында ақша пайда болып, қымбат заттар ала беретін болса, үйде ас үй таразысы, изолент, пакеттер пайда болатын болса - балаңыз есірткімен айналысады деген сөз. Сол себепті ата-аналар балаларына көңіл аударуы керек. Ұсталған жігіттердің бәрінің қолында соңғы маркалы Iphone. Жас балада айфон алатын қайдағы ақша?

Тағаниязовтың айтуынша, балалар көшеде есірткі дүкендерінің сілтемесін граффити суретімен салып та ақша табады. Олардың сөмкелерінде бояу баллоны болады. “Суретшілердің” сурет салып жатырғанын көрсеңіздер, бірден «102»-ге хабарласу керек. 

ПОЛИЦИЯҒА КЕДЕРГІ ЖАСАДЫ

Басын қатерге тігетін «закладчиктің» өмірі қауіпті. Оларды полицейден басқа, нашақорлардан жалыққан қарапайым азаматтар да жазалай алады. Кейде есірткі курьерлерін жергілікті спортшылар ұстап алып, өздері сазайын беретін. Мүлдем бұлай жасауға болмайды, себебі бұл заңсыз, деп ескертеді полиция.

Қыста Химпоселок елді-мекенінде тұрғындар “закладчикты” ұстап алды. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіге тарады. Олар “закладчикты” ұрып-соғып, әрі кетсе 1 грамм мефты тартып алған болар. Кейін жіберіп қойды. Бейнежазбаны көріп, іздеу жұмыстарын бастағанда, ол жігіт облыс аумағынан шығып кеткен. Әлі қашып жүр. Сол кезде бірден “102”-ге хабар бергенде, біз оны ұстап, тергеу амалдарын бастайтын едік. Мүмкін басқа жерге есірткі тығып қойған болар?

- Адамдар көбіне полиция қызметкерлері есірткі сатушыларды өздері “крышевать” етеді деп сенбейді...

- Жоғарыда айтқанымыздай, ешқайсы бір-бірін көрмейді. Бір-бірімен виртуалды әлемде әңгімелеседі. Сонда қалай “крышевать” етеміз?

Әдетте, «гранатчик» пәтер жалдап, тауарды бөледі. Пәтерге келген кезде бір ғана пакетпен келеді. Кейін кеткенде төсегі бұзылмаған, тіпті тамақ та ішпеген. Осындай күмәнді болған кезде пәтерді жалға беруші “102”-ге хабарласуы керек және күмәнді клиенттерінің жеке куәлігін суретке түсіріп алуы керек. 

Қала тұрғындарына айтарым, синтетикалық есірткіге қатысты күдікті жәйтті байқасаңыздар, бірден “102”-ге хабарлаңыздар. Өйткені бұл өте қауіпті есірткі, - деп ескертті М. Тағаниязов.

 - Олар көбінесе тауарды қандай жерлерге тастап кетеді?

- Барынша бейнебақылау камералары жоқ жерлерді таңдайды. Тек қана түнгі уақытта жұмыс істейді. Қала аумағындағы ескі гараждардың, жылу жүйелері құбырларының астына жасырады. Айта кету керек, көпшілігін бейнебақылау камералары арқылы ұстадық.

Фархат ӘБІЛОВ 

12 мамыр 2021, 21:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.