9 мамырда Александр Лукашенко "Егемендік пен конституциялық құрылысты қорғау туралы" жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Азаттық радиосы оның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Құжатта Лукашенко мерт болған жағдайда Беларусь мемлекетін басқару қалай іске асырылатыны жазылған. Жарлық күшіне енді.
"Мемлекет басшысы қастандық, террор шабуылы, сыртқы агрессия және басқадай күш қолдану салдарынан қаза болған жағдайда мемлекеттік органдардың барлығы және олардың басшылары Қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сай әрекет етеді, кеңес отырысына премьер-министр төрағалық етеді. Бұған қоса ел аумағында дереу төтенше не әскери жағдай жарияланады" деп хабарлады Лукашенконың баспасөз қызметі. Сонымен бірге жарлықта елде жаңа сайлау өткізу туралы шешім қабылдау Қауіпсіздік кеңесінің құзыретінде екені айтылған.
Беларусь Конституциясы бойынша, президент қайтыс болған немесе қызметін атқару қабілетінен айырылған жағдайда оның міндетін атқару премьер-министрге жүктеледі деп көрсетілген, ал Қауіпсіздік кеңесіне берілетіні жайлы ештеңе жазылмаған.
Лукашенко алда-жалда қазаға ұшыраған жағдайда билік Қауіпсіздік кеңесіне берілетіні туралы жарлыққа қол қоятынын сәуірде мәлімдеген. Ол мұны Беларусь арнайы қызметі оған "қастандық жасап, әскери төңкеріс жасамақ болғандарды әшкерелегенін" мәлімдегеннен кейін айтты. Лукашенко бұл жарлықты аса маңызды шешімдердің бірі деп атады. Қауіпсіздік кеңесіне Лукашенкодан басқа тағы сегіз адам мүше. Соның төртеуі – күш құрылымдарының өкілдері.
Биыл сәуірдің ортасында Ресей және Беларусь қауіпсіздік қызметтері – ФСБ мен КГБ бірлескен операция барысында "Минскіде төңкеріс жасамақшы болған" төрт адамды қолға түсірген. Олардың арасында Беларусь пен АҚШ азаматтығына ие адвокат Юрий Зенкович және саяси технолог Александр Федута бар. Олардың өзін оппозицияны қолдайтын беларусь әскерилеріміз деп таныстырған адамдармен кездесіп, Лукшенконы биліктен күшпен тайдыруды талқылап отырғаны бейнеленген видео жарияланды. Тұтқындалғандар өздеріне тағылған айыпқа байланысты пікір білдірген жоқ. Жақын танитындардың айтуынша, олар Беларусь елінде жағдайдың қалай өрбитіні жайлы түрлі вариантты талқылаған болуы мүмкін, бірақ өздері төңкеріс дайындамаған.
Батыс елдері Беларусь мемлекетінде былтыр өткен президент сайлауын заңда деп есептемейді. Ресми мәлімет бойынша, Лукашенко сайлауда жеңіске жеткен деп танылып, ол алтыншы мерзімге сайланған. Сайлаудан кейін билік оның қорытындысымен келіспей жаппай наразылыққа шыққандарға күш қолданып, басып-жаншыған.