Атырау, 25 қараша 06:29
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құлсарыны тұрғызған құрылысшы

11 401 просмотра

Сурет Құлсары қаласының сайтынан алындыСурет Құлсары қаласының сайтынан алындыМоноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде қазір Құлсарыда он шақты құрылыс нысандары бой көтеруде. 50 мың халқы бар қаланың бүгінгі көркі жайлы 80 жастағы тәжірибелі құрылысшы Ертілеу РЗИЕВТІҢ (суретте) әңгімесін тыңдап қайттық. 

АЖ АНЫҚТАМАСЫ:

Ертілеу Рзиев 1913 жылы қаңтарда Құлсары қаласында дүниеге келген. Фабрикалық-зауыттық оқу мектебінде оқып, ағаш шебері мамандығын алған. Құрылыс басқармаларында ағаш шебері, мастер, прораб болып жұмыс іңстеген. Мәскеудегі Губкин атындағы университеттен білім алғаннан кейін «МаңғыстауМұнайГаз», «ЕмбіМұнайГаз» бөлімшелерінде басшылық қызмет атқарып, СМУ-3 трест бастығы болған.  

- Сіз Құлсарыдағы көптеген нысандарды салуға тікелей қатыстыңыз.

- Иә, ол солай. Аудандық әкімдік ғимаратын, мұнайшылар мәдениет үйі, «Мереке» клубы ПНГС-тің екіқабатты үйлерін, «Беркад» базарын, мешітті тұрғыздым. 1985 жылы Теңіз кенішінде зауытты салуға қатыстым. 

- Білуімше, сізге қазіргі Құлсарының сәулеттік көркі онша ұнамайды…

- «Беркад» базарын салғанда айналасында ештеңе жоқ, төбенің басындағы әсем ғимарат еді. Ал қазір базар айналасы жыпырлаған жекеменшік дүкен, асханалар. Тіпті көлік қоятын жер жоқ, таксилер тақасып тұрады. Көше өте тар. Базардың өз ауласы жоқ. Артында қуыста аудандық сот үйі орналасқан. Мешіт салынды, ал оған қарасты ауланы жасақтауды ойламаған. Жұма күнгі намаздың уақытында лек-лек машиналар адамдардың мешітке өтуіне қиындық туғызады.  

Қала қалай болса солай салынған. Ғимараттар бір-біріне тым жақын орналасқан. Бірыңғай сәулеттік стиль жөнінде айтуға тұрмайды. Кеңестік заманда салынған ғимараттар мен үйлердің сапасын да қазіргімен салыстыруға келмейді. Мәселен, ондаған жыл болған аудандық әкімдік ғимаратын алайық. Бұл өте мықты ғимарат. Осы уақытқа дейін оның бір кірпіші түсіп көрді ме екен десеңізші. Менің кезімде құрылыстың сапасының жақсылығы бәрінен бұрын жобасы мықты жасалуына байланысты болған. Барлық құрылыс материалдары – құм, цемент, кірпіш - бақылаудан өткізіліп тұратын. Ал құрылыс аяқталған кезде қабылдау комиссиясы аяғына жетпеген іске бармақ басты, көз қыстымен қарамайтын. Ал қазір ше? Қазір не болып жатқанын қараңыз: нысанға қыруар қаржы жұмсалады, ал ол екі-үш жылдан кейін жөндеуге мұқтаж болып жатады.

- Құлсарының әсем қала атануына әлі де мүмкіндігі бар ма?

- Бар деп үміттенем… Менің балаларым Атырауда тұрады, бізге көшіп келіңіз деп шақырады. Бірақ, мен өзімнің туған Құлсарымды қимаймын.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.