Жаңа күн туды. Ұйқыдан тұру. Таңғы ас. Теледидар. Түскі ас. Кешкі ас. Ұйқы. Жалғыз қуаныш – терезе. Мөлдір әйнек артындағы әлем. Ол жапырақтардың үзіліп түсуін, нөсерлеткен жауынды, жапалақтаған қарды, аула балаларының қалай өскендерін сол терезе арқылы бақылайды. Дала шамдарын әрқашан дәл жетіде жағады. ...Осы бір шағын ғана бөлмеде ол үшін уақыт түсінігі қалыптаспаған. Сағат ескі сағыздай созылады. Ал ас дәмінің кешегі күннен еш айырмасы жоқ, сол күйі.
Есік қағылды. Кім келгенін білу үшін екі қолымен жер қармап, жансыз аяқтарын дәлізге қарай сүйрей жөнелді. Менің бетім ол үшін жаңа суреттей, сәби мен ғашық адамның көзқарасындай, тапжылмай, жан-дүниеңе бойлай, ішіп-жеп қарайды. Қазір ол отызда – оның өмірі өзгеріссіз. Ол өз сезімдерін білдіру үшін дыбыстардың өзін қиындықпен шығарады. Оқи алмайды. Амангелді МҰҚАШЕВ бала жасынан бері балалардың церебралды сал ауруымен ауырады, басқа сөзбен айтқанда, сөйлеу және ақыл-есінің дамуы тежелген.
Алайда 52 жастағы анасы ұлын еркелетіп «асыраушым» деп атайды. Бұл кісі кезінде мектепте тазалаушы болып жұмыс жасаған екен. Бірақ үнемі бала күтімі үшін демалыста болатын қызметкер кімге керек дейсің? Ақыры жұмысқа тұрақтай алмады. Олар көп жылдардан бері бұрынғы Молодая гвардия көшесіндегі ескі қираған жатақханада 26 мың жәрдемақымен күнелтуде.
- Ол сәби сияқты ғой, үнемі қадағалап отыру керек. Құлап қалуы, өткір бір нәрсе ұстауы мүмкін... – дейді он екі шаршы метрдің қожайыны Гүлайым БИСЕНҒАЛИЕВА. – Жұмысқа шығуға еш мүмкіндігім жоқ. Содан кейін осындай жасымда мені кім жұмысқа алар дейсің.
Менің келуім ол үшін кездейсоқ жағдай болды. Басылым бетіне шықса, қайырымды адамдар көмектесер деп баспасөз құралын шақырған көршілері екенін білгенде, апай көзіне еріксіз жас алды:
- Иә, көршілерім өте жақсы адамдар. Қолдарынан келгенше көмектесіп тұрады. Менің кіші ұлым да бар, бірақ ол қазір түрмеде. Біздің отбасымызға ауыр тиген кездер болған. Міне, ол «көмектесем» деп, кісі тонағаны үшін айыбын өтеп отыр. Оған кейде мен барамын, кейде көршілерім хабарласып тұрады.
Бұрын, мүгедек арбасы бүтін болғанда, Аман екеуміз көп қыдыратын едік. Ауланың балалары арбаны төменге түсіруге, екінші қатарға көтеруге үнемі көмектесіп тұратын. Өзімнің әлім келмейді, демікпем бар. Жергілікті балалар жас болса да, бәрін түсінеді. Бірге ойнайды, өздерімен бірге шақырады. Кейде балалар оны арбамен қатты жүргізгенде, отырған орнымда жаным шығып кете жаздайды, бірақ оның бақытты күлкісі бәрінен қымбат. Ол сирек күледі, жымимайды да, оның мұңайып терезеге қарап отырғанын көру - мен үшін азап. Алайда осы жылдар бойы бәріне төзуді үйрендім. Иә, ұлым маған қарайды. Мен мықты болуым керек, босаңсуға хақым жоқ.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ