Атырау, 27 қараша 09:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Латынға көшу -заман талабы

30 831 просмотра

Қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшіру мәселесіне байланысты «АЖ» электронды пошта арқылы біздің жерлесіміз, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Алмас ҮДЕРБАЕВҚА (суретте) бірнеше сауал қойған еді.

«АЖ» анықтамасы: Алмас Үдербаев, 1977 жылы Атырау қа-ласында туған, Х.Досмұхамедов атындағы университеттің түлегі, филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тіл білімінің тіл тарихы, диалектология, лексикография, тарихи фонетика тәрізді лингвистикалық бағыттар бойынша 40-тан астам ғылыми мақаланың авторы. Алматыда тұрады.

НАУҚАНШЫЛДЫҚ ҚАЖЕТ ЕМЕС

- Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісінің саяси маңыздылығы тілдік қажеттіліктен басым деп ойлайсыз ба?

- Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру елімізге саяси жағынан да, ғылым-білім тұрғысынан да, заман талабына сай даму үшін де өте маңызды. Сондай-ақ,  бұл шараның қазақ тілінің дамуына, қолданысының кеңеюіне қосар үлесі де қомақты. Себебі бүгінге дейін өзіміз әбден үйренісіп, қолданып келе жатқан кирилл жазуы да аса жетілген, кемел емес екені белгілі. Мұны түсіндірме сөздікпен жұмыс істеуде, әсіресе сөздердің орфографиясы, орфоэпиясына келгенде анық байқадық. Жазуымызда қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынбайтын кемістіктер, көпшілік үйреніп кеткенімен, кірме сөздердің орыс тіліндегі заңдылықтар бойынша сақталып жазылуы, басы артық ь, ъ белгілері, в, ф, ц, ч, щ, ю, я әріптері, т.б. қиындықтар кездеседі. Латынға көшуде өзге себептермен қатар, тілдік тұрғыдан осы бір қиындықтарды шешуге, қазақ тілінің дыбыс жүйесін сақтайтын, табиғатына сай жүйелі, жетілген әліпбиді түзу мүмкіндігі туып тұр.

Тіл үшін пайдасы болмаса өзге түркітілдес елдер латын графикасына көшуге құштар болмас еді. Тіпті, оның ішінде Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдер көшіп те қойды.

Негізі қазақ немесе түркі ғалымдарынан бөлек, Ресей ғалымдарының ішінде орыс жазуын латынға көшіру керек деген мәселе көтерілген болатын. Мәселен, РҒА корреспондент мүшесі С.А.Арутюнов«латынға көшу жаһанданудың бүкіл әлемдік үрдісіндегі заман талабы. Ресей дамыған елдермен қатар, Еуропаның бір бөлігі болғысы келсе, латын әліпбиіне көшу керек немесе ерте ме кеш пе соған барады. Кириллица ескіріп қалғандықтан, оны қолданушы барша халық та кириллицаны латынға өзгерту керек» деп ұсынған еді.  

«АЖ» анықтамасы:

*1991 жылы Түркия ұсынған жалпы түркі әліпбиі 34 әріптен тұрады (29-ы түрік әліпбиінен алынған). Қазіргі уақытта жеке мемлекеттер арасында оны тек Әзірбайжан қолданып отыр (бір әріптің өзгеруімен). Өзбекстан 26 әріптен тұратын стандартты латын әліпбиін қолданып келеді. Түркменстанда ішінара жалпы түркі әліпбиіне ұқсас, бірақ одан әріп қатары бойынша айрықшаланатын өз әліпбиі бар.

Сондай-ақ, қазақ диаспорасы тілін зерттеуші маман ретінде айтарым, латын графикасы шетелдегі қандастарымызбен де қарым-қатынасты жандандыруға, олар үшін бізде жарық көретін әдебиеттерді, мерзімді басылымдарды оқып, танысып отыруға әлдеқайда жеңіл болар еді. Себебі әлемде кириллицадан гөрі латын әліпбиі кеңінен таралған, көпшілік хат танып, жаза біледі.

- Кейбір қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары латынға ауысуды бүгіннен бастап, ЭКСПО 2017-ге дейін көшіп болу керек деген пікірді ортаға салды. Бұл асығыстық емес пе?

- Бүгінде кез келген мақсатты жүзеге асыруда тым науқаншылдық басым болып кетті. Ондай асығыстықтың соңы шалағайлыққа соғып жатады. Сондықтан латын графикасына ауысуда қиындықтарды, кемшін тұстарын елеп-екшеп барып, көшудің механизмін ғылыми тұрғыдан негіздеп, ұтымды тұсына көз жеткізіп барып көшкеніміз дұрыс. Алдағы оқу жылынан мектептерде бастап кеткеннің өзінде 4 жылдың ішінде көшіп болу керек деу тым асығыстық, 2020 жылдарға дейін созылу қажет шығар. Оған дейін үлгеріп, еңсеріп жатсақ, тіпті жақсы. ЭКСПО-2017 кезінделатынға көшу үстінде болсақ та жаман емес.

 

БҮГІННЕН БАСТАЛҒАН ЖОҚ

- Бүгінгі күні латын графикасын қолдануда стандартты латын әліпбиінің 26 әрпін немесе жалпы түріктік 34 әріпті әліпбиді қолдану тәсілдері ұсынылып отыр. Қайсысы ұтымды?

- Мұны дәл кесіп ешкім айта алмас. Біздің институттың жетекші мамандары бұл проблемамен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Олардың өздерінің де ұстанымдары, ұсыныстары бір жақты емес, бұл - заңды құбылыс. Ендігі уақытта ғалымдар немесе жазу мәселесімен шұғылданып жүрген өзге де білікті мамандар өздерінің жобаларының ұтымды екенін дәлелдеп, ғылыми ортаға, көпшілік талқысына салу арқылы ең озығы таңдалынып, бұл мәселе нақтылана түседі.

- Ақпарат беттерінде өзіңіз жұмыс жасап отырған Тіл білімі институтында «Латын қарпіне көшу орталығы» құрылады деп жазылған болатын.

- Иә, ондай орталық енді құрылып, жұмысын бастады. Негізі жазу мәселесіне қатысты өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері қарай ғылыми зерттеулер, докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып, монографиялар жарық көрген болатын. 2007 жылы арнайы мемлекеттік тапсырыс бойынша зерттеу жүргізіліп, ғылыми жоба да дайындалды, нәтижелері жинақ түрінде жарияланды (Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы ғылыми зерттеу материалдары. – Алматы, 2007).

Қазір кеңестік Қазақстан және түркітілдес республикалардағы әліпби реформасына тарихи талдау материалдары дайындалып, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикалары ұлттық тілдерінің латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшу тәжірибесі т.б. қарастырылуда.

Қайырбек САНСЫЗБАЕВ

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.