Атырау, 25 қараша 09:53
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Еңбекақыға жақсы өмір сүруге бола ма?

3 268 просмотра

«АЖ»-ға белгілі болғандай, таяу уақытта 2013 жылдың 1 қаңтарында Атырау облысында тіркелген барлық 212 шетелдік компанияда қазақстандық және шетелдік жұмысшылардың еңбекақыларындағы айырмашылықты тексеру жұмыстары басталады.

АСТАНА ШЕШІМГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫ

Бас прокуратура ақыры осындай бастама көтеріпті. Ал оны облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жүзеге асыратын болады.

Естеріңізге салсақ, еңбек департаменті мен облыстық прокуратура шетелдіктерге қарағанда қазақстандықтардың бірдей жұмыс үшін бірнеше есе аз жалақы алатындығы туралы тұрақты түрде хабарлап отырады. Мәселен, өткен жылы «КСОИ» ЖШС-де («Аджип ҚКО» мердігер компаниясы) шетелдік техник-электриктің күндізгі ставкасы 30,5 мың теңге, ал қазақстандықтың – 10 мың теңге құраған. Құрал-саймандар бойынша 2-санатты шетелдік техник 28 күн вахтада 1,1 млн теңге, осындай орындағы қазақстандық 280 мың теңге табыс тапқан. Шетелдік менеджерлер күніне 500-ден 1500 долларға дейін тапса, біздің менеджерлер – 200-330 доллар шамасында табады екен.

Еңбек департаментінің «КСОИ» ЖШС-не қатысты өткен жылдың тамызында берген талап-арызы Атырау сотында қолдау таппады. Астанада сол кезде өз азаматтарын кемсітушілік проблемасына не істеу керектігін әлі шешпеген еді деп ойлаймын.

 

ЖЕЛ ТЕҢІЗ ЖАҚТАН СОҚТЫ

Алайда күзде жел бағытын өзгертті. Қыркүйекте Қашаған кенішінің D аралындағы қазақстандық және үнділік жұмысшылар арасында орын алған жаппай төбелес осыған түрткі болды («АЖ» №40, 4.10.2012 жыл – «Алауыздық аралы» жарияланымын қараңыз).

Бірнеше уақыт өткеннен кейін Бас прокуратура «жергілікті атқарушы органдардың бетімен жіберу салдарынан шетелдік азаматтарды тартуға рұқсат беру тәртібін бұзуға, рұқсат алу үшін көрінеу жалған құжаттарды пайдалану, шетелдік жұмысшыларды тиісті біліктіліксіз тарту фактілеріне жол берілген» деп мәлімдеді. Алайда мұның бәрі баяғыда ескіріп кеткен және баршаға белгілі жайт еді.

Мәселен, еңбекақы қоры және осы қордағы «қазақстандық үлес» туралы ТШО-ға жолданған «АЖ»-ның редакциялық сауалына «бұл ақпарат құпия боп табылады» деген жауап келді. Атырау облысында жүзеге асырылатын барлық жобаларда мемлекет тапсырыс беруші ретінде (хош иісті көмірсутек өндіру кешені мен АМӨЗ базасында мұнайды терең өңдеу кешені, газ-химия кешені), немесе үлескер ретінде (Теңіз, Қашаған) қатысады. Инвесторлар қаржысы тартылса да, бәрібір бізге осы ақшаларды сол мұнаймен қайтаруға тура келеді. Есебін жүргізіп, тексеретін құрылымдар бар. Тек Солтүстік-Каспий жобасы бойынша қазақстандық үлесті (16,8%) басқарумен ҚМГ атынан екі құрылым: «PSA» ЖШС мен «ҚМГ Қашаған Б.В.» жеке компаниясы айналысады, бұларды ұстауға жыл сайын миллиардтаған теңге жұмсалады. Сатып алу жоспарлары олардың сайттарында орналасқан.

 

ЖҰМЫССЫЗДАР ЖЕТКІЛІКТІ

Әсіресе Солтүстік-Каспий жобасында жұмысшылар жаппай қысқартылып, АМӨЗ жобаларында қазақстандық жұмысшылар төменгі еңбекақы алып отырғанда, еңбекақы айырмашылығы мәселесі өзекті болып отыр.

- Үнділік жұмысшыларды жобаға тарту қанша есе қымбатқа шығатынын есептеп көріңіздер. Жұмыс визасын ресімдеу, ұшып келу, мекендеу шығындары, оған шетелдік фирмалар бізді қанша иландырғысы келсе де, бәрібір қазақстандық жұмысшы жалақысынан жоғары болатын еңбекақыны қосыңыз, - деп өз әсерімен бөліседі жергілікті мұнайшы-инженерлердің бірі. - Әрине, бұл шетелдіктермен іргелес жұмыс жасап жатқан және олардың «жоғары білікті» мамандарынан біліктілігі кем түспейтін біздің жұмысшыларымыздың наразылығын тудырады. Осы жерден келіп шиеленіс туындайды. Өзімізде жұмыссыздар толып тұрғанда олардың бізге қажеті қанша? Қашаған ірі болса да, дүниежүзілік жобалардың бірі болғандықтан, шетелдік компаниялар бұл жұмысшыларды осы компаниялар жұмыс жасайтын басқа да мемлекеттің үкіметтері алдындағы әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде мұнда тартуы әбден мүмкін.

Айтпақшы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында хабарлағандай, «Аджип ҚКО»-да әлі күнге дейін Қашаған жобасында есептелген 5 мыңдай жұмысшыны «таба алмай» жатыр екен  («АЖ» №3, 17.01.13 жыл - «Тізімге тіркелмеген» жарияланымын қараңыз). Ал бұл тексеруге негіз емес пе?

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

24 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.