Атырау, 11 желтоқсан 15:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Емханалар есеп айырысудың жаңа жүйесіне көшеді

2 118 просмотра

Жаңа келген жылан жылынан бастап Қазақстанда медициналық емханалар көрсетілген қызметтер үшін төлем жасаудың жаңа жүйесіне көшпек. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов жаңа жүйенің жай-жапсарымен таныстырды.

Жаңа төлем жүйесі медициналық кө­мек­ті жетілдіру мақсатында һәм Қазақстан­ның медициналық емханаларында ем-дом­дардың қолданыстағы тарифтерін халық­аралық тарифтерге сәйкестендіруге бағытталады. «Ағымдағы жылы біз төлем жасаудың жаңа тетігіне ауысамыз. Осы ретте шетелдік емханаларда емделудің құ­нына тең болатын жаңа тарифті негізге аламыз және отандық емханаларға сондай операциялар үшін аталған тарифтер бо­йын­ша төлем жасаймыз. Бұл шара қазақ­стандық дәрігерлерді тұрғындарға жоғары білікті көмек көрсетуге ынталан­дыру үшін қабылдануда», – дейді Ерік Байжүнісов мырза. Оның сөзіне қарағанда, жоғары тех­нологиялық қызметтер көрсетуге отан­дық емханалардың да әлеуеттері жеткілікті тәрізді. Мәселен, бекітілген тізбеге сәйкес 2012 жылы бұған дейінгі жағдай бойынша шетелде емделуі тиіс 99 науқас отандық емханаларда емделген. Атап айтқанда, отандық емханаларда бүй­рек ауыстыру жөніндегі – 50 операция, жү­рек ауыстырып салу бойынша – 1 опе­рация, үлкендердің жілік майын транс­­п­лан­та­циялау бойынша – 22 опе­рация, сондай-ақ балаларға да осындай сегіз операция жасалған. Егер бұрындары кардиохирургиялық операция­лар­ға мұқтаж науқастар шетелге көбірек жі­берілсе, былтырдың өзінде елімізде жү­рек­ке ашық 1,5 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде 87 ота бірегей опе­ра­циялардың қатарына жатады. Сон­дық­тан да, шетелдерде емделуге мұқтаж­дар­дың кезегін азайту мақсатында Ұлттық медициналық орталығы секілді жұмыс орга­ны құрылып, орталық шетелдік мед­и­циналық мекемелермен телемедициналық консультациялар өткізуге көшкен. «Қазір біз шетелдің емханаларына емделу бойын­ша тек сегіз ауру түрлері бойынша ғана жі­беріп жатырмыз. Ал шетелде емделу үшін есепте тұрған сол 161 пациенттің 86 па­йыз­ға жуығы ағзаны транспартациялау қа­жеттігіне байланысты болып отыр», – дейді ви­це-министр. Жалпы, 2013 жылы науқас­тарды шет мемлекеттерде емдету үшін бюд­жеттен 1 млрд теңге қарастырылған екен.

«Шындығында, біз бюджеттен бө­ліне­тін қаражаттың ауқымды бөлігін шетелдегі клиникаларға жолдаған болып отырмыз. Соны зерделей келе, біз жоғары білікті ем-домдарды өзіміздің мекемелерімізде істеуге болатынына көз жеткізіп отырмыз. Ол үшін мамандарды ынталандыра түсеміз. Тариф те шетелдегі клиникаларға сәйкесе­ді», – деді Ерік Байжүнісов. Оның сөзіне қа­рағанда, шетелдерде емдету үшін рес­публика өңірлерінен келіп түскен өтініштер Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта сараланып, жұмыс органында ондай өті­ніш­тер талқыланады. Жұмыс органы ар­қылы өтініш білдірілген науқастармен әңгі­ме жүргізіліп, оларға еліміздегі ең жоғары білікті мамандардың қызметі, мүмкіндіктері ұсынылатын болады. «Жалпы, адам ден­сау­лығының жақсы болуы, ауру-сырқауға ұшы­рамаудың 50 пайыз әсері  оның са­лауат­ты өмір салтына қатысты. Денсаулық сақтау жүйесіне тек 10 пайызы ғана тиесілі. Сон­дықтан да барлық проблеманы тек денсаулық сақтау жүйесі арқылы шешу мүм­кін емес», – деп түйіндеді Ерік Бай­жү­нісов мырза.


Министрлік мәліметтерінен:

Денсаулық сақтау вице-министрінің деректеріне сүйенсек, бір жылдың ішінде еліміздегі 2 млн 700 мыңнан астам адам стационарда ем-дом қабылдайды. Ал күн сайын денсаулық сақтау жүйесінің стационарларында 7 мың 540 адам ем ала­ды. Жыл сайын ауруханаларда 713 мыңнан 600-ден астам ауруға ота жа­салса, күн сайын стационарларда 1 850 ота жасалады. Жыл сайын денсаулық сақ­тау жүйесінің перзентханаларында орташа алғанда 277 мың 654 әйел босанады. Яғни әр күн сайын еліміздің перзентханаларында орташа алғанда 1 мың 35 әйел бо­санады. Сондай-ақ, бір жыл ішінде республика жұртшылығы жедел жәрдем кө­лі­гін шамамен 6 млн 175 мың рет шақыртатын көрінеді. Яғни әр күн сайын Қа­зақ­стан халқы тарапынан  жедел жәрдем 16 мың 920 рет шақыртылады. Бір жыл­да емханаларда орташа алғанда 110 млн 989 мың адамды қабылдайды. Ал ем­ханалар бір күнде қабылдайтын республика халқының саны 417 мың 880 адам­ға дейін жетеді. Осының өзі денсаулық сақтау жүйесіндегі жұмыс ауқымын аңғартса керек.

Дереккөз: alashainasy.kz

22 қаңтар 2013, 15:51

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.