Облыстық әкімдікте таяуда өткен кеңесте қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВ баяндама жасады.
Ол, атап айтқанда, жұмыс пен оқу орындарының ПИК-ті пайдалану шығындарын төлеу бойынша бережақ жоқтығы туралы анықтама талап ету тәжірибесіне оралуды ұсынды. Мұндай ереже кеңестік дәуірде тұрғын үй-пайдалану кеңсесі (ТПК) болған кезде қолданыста болған еді. Атырау қаласы тұрғындарының ПИК алдындағы қарызы бүгінгі күні 160 млн теңгеге жеткен.
ПИК төрағалары кеңестік дәуір кезінде қолданылған үйлердің жылыту жүйелерін жылу қосындарының компрессорлары мен сорғыларын қолданып, сумен шаю әдісіне оралу керек деп есептейді. Бұл баспананың жылу сапасын анағұрлым жақсартар еді. Бұрын тұрбалар дәнекерлеу қағынан, татынан, қоқыстан және құмнан үш жылда бір рет шайылып отыратын. Осы тақырыпқа байланысты келіссөздер әлденеше рет «Атырау жылу жүйелері» АҚ және «Атырау Су Арнасы» КМК басшылығымен жүргізілген болатын. ПИК тұрғындардан ақша жинау үшін оларға шаю құнын хабарлауды ұсынады. Алайда монополистер бұл идеяны жоққа шығарды.
А. Мүліковтің айтуынша, терможаңғырту бағдарламасы аясында ПИК техникалық төлқұжаты жоқ көппәтерлі үйлерге осындай құжат дайындайды (қалада ертерек салынған мұндай үйлер аз емес). Осы жұмыстарға тапсырыс беруші – қалалық ТКШ бөлімі, мердігер – техникалық түгендеу бюросы (БТИ). Ал осы кезде белгілі болған жайт ақылға қонымсыз: бір үйдегі бірінің үстіне бірі орналасқан пәтерлердің қисын бойынша тең болатын пайдалы алаңдарында құжат бойынша 5-10 шаршы метр айырмашылық бар. Бұл пәтер жоспарын, сонымен қатар одан кейінгі қайта жобалауды рәсімдеу кезінде кеткен қателіктің салдары. Мұндай пәтер тұрғындары ПИК-ке жалған «шаршылар» бойынша ақы төлеп отыр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ