Атырау, 12 қазан 13:27
 ашықВ Атырау +12
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

​Экологиялық апат: Шымкентте жұрт жаппай уланып жатыр

Бейнежазба
2 313 просмотра

Шымкентте жұрт жаппай белгісіз иістен уланып жатыр. Басы айналып лоқсыған тұрғындар ауруханаға жеткізілуде. Тіпті бір мектептің мұғалімдері мен оқушылары уланып білім ордасы онлайға жіберілді. Мәлім болғаны қала сыртындағы индустриялды аймақтан келіп жатқан кәріз жүйесіне, өндіріс ошақтарының бірінен мұнай қалдығы төгілген. Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Содан ауаға таралған зиянды қалдықтың көлемі 10 есеге артыпты. Қазір оқиға орнында экологтар жұмыс істеуде. Алайда тұрғындарды тұншықтырған иістің әлі басылар түрі жоқ. Шымкенттің күңгей бетінде үш күннен бері мұндай көрініс қалыпты жағдайға айналып барады. Қолқаны қапқан жағымсыз иістен тұрғындар басы айналып құсып жатыр. Сейсенбіде түстен кейін жағымсыз иіс көшені басып қалған. Екі күннен бері амалсыз онлайнға көшкен мектеп бүгін ашылды. Бірақ оқушылар таңертеңнен бері жүрегі айнып құлай бастапты. Қазір улы иіс жайлаған мектеп қаңырап бос тұр. 

Гаухар Байбосынова, №37 мектептің директоры: 

- Үш оқушы, екі мұғалімнің басы айналды. Жедел жәрдем келіп, басқа да қызметкерлерге оттегімен көмек беріп жатыр. Жаңа зертханадан анализ алды. СЭС зертханасының талдауы дайын болмайынша, толық онлайнға көшуге мәжбүрміз. 

Халыққа қызмет көрсету орталығы кешеден бері жұмыс істемей тұр. Үшінші күн тұншығып жатқан тұрғындар улы иістің көше түгілі, үйді алып кеткенін айтады. Көпшілігі кішкентай балаларын қаланың өзге басындағы туыстарына жіберген. Мұнда жұрт жаппай жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр. 

Азиза Әбдірахманова, Шымкент қаласының тұрғыны: 

- Құсып жатыр, тұншығып жатыр. Енді қайтеміз? Түсініксіз иіс. Тіпті түсіндіре алмаймын, көмейім бітеліп тұрғандай. Таңнан бері дексиметазонның үш құтысын алдым.

Әуелде мамандар құбырдан газ кетіп жатыр деп топшылапты. Тексере келе улы иістің газ құбырынан емес, кәріз жүйесінен шығып жатқаны анықталған. Ол кәріз жүйесі қала сыртындағы индустриялық аймақтан бастау алып жатыр. Шымкент шетіндегі индустрия аймағы. Ұсақты-ірілі 50-ден астам кәсіпорын бар. Индустрия аймағынан шойын жол өтеді. Мамандардың есебінше,  шойын жолдағы цистерналардың бірінен, не кәсіпорыннан әлдебіреу іргедегі кәріз жүйесіне мұнай қалдығын төгіп жіберген. Бірақ нақты кім екені әлі тексеріліп жатыр. Кәріз жүйесінде ағып жатқан сарқын судың тым майлы екені көрініп тұр. Кәріз қақпағын ашсаң, улы иіске тұншығасың. Сынама алған экологтар табиғатқа орасан зиян келіп жатқанын айтады. 

Мұхамеджан Тойшыбеков, Шымкент қаласы экология департаментінің бас маманы:

- Зертхана сынамаларының нәтижесінде 0,3 болуы керек, ал 14,6 көрсетіп тұр. Зияндығы 10 есе артқан.  

Сорақысы сол, химиялық қоспа кәріз құбырларымен қаланың нәжісін тазалайтын қондырғыға құйылып жатыр. Егер ол істен шықса, шайынды судағы улы газды тазалайтын бактериялар өліп, нағыз экологиялық апат болуы мүмкін. Жұрт шулаған жерге қала әкімі де жетті. Шымкенттің шенді-шекпендісін мектеп ауласына жинаған әкім не тұрғындарды, не тілшілерді жиналысына жолатқан жоқ. Мұрат Әйтенов қысқа уақытта мәселе шешіледі деп сендірді. Ал бұл уақытта жедел жәрдем тұншыққан тұрғындарды әлі де әкетіп жатыр.

19 наурыз 2021, 11:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.