Атырау облысында көкпарға қосатын аттың өзі санаулы екенін ескерсек, біздің өңірде ат спорты мүлде дамымаған деуге болады. Біз Атырауда ат спортын дамытуға жалғыз өзі барынша үлесін қосып жүрген «Құлагер» шаруа қожалығының иесі Өнербек ЖАНБАЛАҒА (суретте) бірқатар сауал қойып көрдік.
Сөзін жағымды хабардан бастаған ол: «Облыс әкімдігі Көкарна селосының маңынан халықаралық дәрежедегі ипподром салу туралы шешім қабылдап, бюджеттен қаржы бөлінді. Енді бәріміз сол құрылыстың басталуын күтіп отырмыз»,- деді.
МҰНЫМЫЗ ҰЯТ ЕНДІ
- Сіз көптен бері ұлттық спорт мектебінің еліміздің барлық облыстарының ішінде жалғыз Атырауда ғана жоқ екенін айтып жүрсіз. Бұл мәселе қашан қолға алынады?
- Әзірге білмеймін. Бұл жерде барлығы биліктің қолдауына байланысты. Осы күнге дейін еліміздің кез келген облысында бар ұлттық спорт мектебінің тек біздің облыста ғана жоқтығы менің жаныма батады. Себебі, мен бала күнімнен ат жалында өстім. Ата-бабаларымыз да Забурын жерінен болатын. Атбегілік істі ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық спорт ойындарын дамыту үшін қолға алдым. Неге футбол, волейбол секілді олимпиадалық спорт түрлеріне қаржы мен көңіл көбірек бөлінеді де, өзіміздің ұлттық спортымыз еленбей қалады? Кәріс халқының өздерінің таэквондосын қандай деңгейге дейін көтергенін қараңыз! Олар тіпті оны олимпиадалық ойындар қатарына қосты. Ал бізде ше?
- Сіз алғаш рет бәйгеге атты қашан қостыңыз?
- 2003 жылы Махамбет Өтемісұлы бабамыздың 200 жылдығы тойланарда бәйге ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен нағыз атбегілер жиналды. Сонда мен өз облысымыздан бәйгеге қосатын ат болмағанына қатты қынжылдым. Өзіміздің батыр бабамыздың рухы ренжиді-ау деп, Ресейден ат алып келіп, бәйгеге қостық. Бәрі сол кезден басталды. Кейін үлкен ат қора салып, Шешенстан, Солтүстік Осетия жерлерінен ат әкеліп, жарыстарға қатыса бастадық.
- Оқырмандарға түсінікті болу үшін ат жарысының негізгі түрлері туралы айтып беріңізші.
- Аламан бәйге – 25-30 шақырым, топ бәйге – 15-17 шақырым, құнан жарыс – 9 шақырым, жорға жарыс –7 шақырым, ұшқыр жарыс – 5 шақырымға дейінгі қашықтықты қамтиды.
КӨКПАР ТАРТУ ҚАНША ТҰРАДЫ?
- Ресейден басқа қай елдерден және қандай тұқымды ат әкелесіздер?
- Бәйгеге қосар жүйріктерді Татарстан мен Башқұрстан және Ресейдің басқа да өңірлерінен, Қырғызстаннан әкелемін. Тапсырыспен әкелінетін жылқылар біздің жерге арнайы ат тасымалдайтын, барлық жағдайы жасалған автокөлікпен жеткізіледі. Соның ішінде бәйгеге шабатындарын – ағылшын және араб тұқымдастарды. Олардың жылдамдығына жететіні жоқ.
- Бәйгеге қазақ жылқыларын қоспайсыз ба?
-Өкінішке орай, біздің ата-бабаларымызды отырықшылық өмір салтына көшірген кезде ұлттық мұрамыздың көп бөлігін жоғалтып алдық. Соның бірі - қазақ арғымақтарының асыл тұқымы. Көне аңыздарда бабаларымызды кентаврлар деп атағаны жылқының көшпенділер өмірінің ажырамас бөлігі болғанын дәлелдейді. Ғалымдар жылқының 5 600 жылдай бұрын қазақ жерінде қолға үйретілгендігін дәлелдеген.Кеңес Одағы ыдыраған кезде асыл тұқымды жылқы өсіру саласы жойылып кете жаздады. Дегерес пен Луговойдағы атақты жылқы зауыттары жабылды. Ал қазіргі уақытта осы саланы дамыту қайта қолға алынып жатыр. Кезінде Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдас жылқылары кеңінен таралған екен. Олар даланың қолайсыз ауа райына шыдамды келген. Бірақ қазіргі қазақ жылқылары шаруашылыққа, сауынға ғана пайдалы. Жылдамдықтары баяу.
Ат қорадағы әр аттың тұқымы, тарихы жазылған арнайы құжаттары бар. Осында іріктеу жасалып, олардың тұқымдарын асылдандыруға жұмыстанады екен. Бұлар - жыл сайын өткізілетін президент сыйлығы мен элита сыйлығын жеңіп алған тұлпарлар.
Жыл бойына шаруашылыққа келіп, атпен серуендеушілер баршылық. Әсіресе, жаз маусымында. Атқа міну, бір жағынан, көңіліңді көтеріп, қанаттандыратын болса, екінші жағынан, денсаулыққа көп пайдасы бар. Өйткені, жылқының өз биотогы болады, адам денсаулығына жақсы әсер етеді, қан қысымымен, жүйке жүйесімен ауыратын адамдарға ем болады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды емдеуде кеңінен қолданылатын иппотерапия деген емдеу тәсілі бар. Атпен жүру олардың бұлшықеттерін қозғалысқа түсіріп, оң нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді. Бізде ондай орталық әлі ашыла қойған жоқ. Оған арнайы дәрігерлер керек.
АҒЫЛШЫН ЖЫЛҚЫЛАРЫНЫҢ БАБЫ КҮШТІ
- Бәйге жылқыларының ерекшелігі неде?Оларды қалай баптайсыз?
- Бәйге жылқылары жайылмайды, олар тек атқорада тұрады, себебі олар өте нәзік, салқындықты жаратпайды. Қазақтың жылқыларынан айырмашылығы – үйір ұстай алмайды, нағыз аристократтық жылқылар. Сондықтан оларға арнайы дәрумендер, сәбіз, бал, алма, глюкоза беріп, жем-шөбін салып, баптаймыз. Ал, бәйгеге жаттықтырушымыз дайындайды. Ол ағылшын аттарының нағыз маманы. Ат жарату – инемен құдық қазғандай. Оған үлкен төзімділік керек.
- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Осы жылы әйгілі батыр бабамыз Махамбеттің 210 жылдығы мен дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының 190 жылдық мерейтойларын атап өту жоспарланған. Сол мерейтой шеңберінде ат бәйгесі де болады. Соған бәйгеге қосар ат дайындап жатырмыз. «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген бар ғой, облыс атын шығару үшін қолымыздан келгенше аянып қалмаспыз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген Зинат Орынбасарова