Атырау, 23 қараша 18:04
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қарттарым, аман-саумысың?

4 049 просмотра

«Осында тұрып, үйленіп жатқандар бар ма? Ондай жағдайлар жиі орын ала ма?» - деп сұрадым мен қаладағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйiнің директоры Қилымқас КҮЗЕМБАЕВАДАН. «Иә, болған, той жасап көргенбіз. Отбасылық жұп болып кеткендер де бар. Айтпақшы,  бізге үш ай бұрын ерлі-зайыпты қария келіп орналасты. Өте жақсы адамдар».

…Ерлі-зайыптыЛюдмила Петровна мен Николай СЛАВОВТАР (суретте) мені өз бөлмелерінде құшақ жая қарсы алды. 91 жастағы Николай Николаевич ер жігітке тән үлкен сыпайылық танытып, сырт киімімді аса ұқыптылықпен киім ілгішке іліп қойды да, өзін мазаламауды өтініп, диванға жайғасып, газетін оқи бастады. Людмила Петровна болса, мені үстел басына шақырып, өз хикаясын бастады.

- Менің балалық шағым Сталинградта өтті. Әлі есімде, біз 1940 жылы Мамай қорғанының қарсысында тұрғызылған Красноярская, 72 мекен-жайындағы жаңа үйге көштік. Ол кезде мен 10 жаста едім. Біз тұрған ауданды немістер басып алды, сыртта сұрапыл соғыс жүріп жатты. Құлағымнан әлі де сол кездегі бомбаның жарылысы мен мылтықтың дауысы кетер емес.

Өмірімдегі есте қалған тағы бір оқиға – 1952 жылы педагогикалық училищені бітірген соң, мені маман ретінде сол кездегі Новобогат ауданына жіберді. Сол жерде мен бір жылдай мұғалім болып қызмет атқардым. Кей оқушыларым әлі күнге дейін мені ұмытпаған екен. Ертеректе біреуін кездестірдім, қазір ол Жанбайда тұрады. Ол кездер аш-құрсақ жүрген ең бір қиын шақтар еді.  Халықтың жағдайы ауыр болатын, тұрғындар маған өте жылы қарады, бір үзім нанымен бөлісті…

Кейін мен көп жыл облыстық білім жетілдіру институтында әдіскер болып жұмыс істеп, 1988 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Людмила Петровна жасына қарамастан сергек қалпында. Ол күн сайын ертемен 5-те тұрып, сағат жарым уақытын  дене шынықтыруға арнайды! Күзде интернат шарбағына өрік ағаштары мен балдыркөк отырғызған. Күзде отырғызылған ағаштары жемісін беретініне сенімді.

- Ең бастысы – біреуден көмек күтіп отырып алмау керек, бірдеңе істеп, үнемі қозғалыста болу керек, - дейді ол.

- Өмірлік жолдасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Жолдасым - Николай Николаевич – Одессаның тумасы. Оны да саяси қуғын-сүргін айналып өтпеді - 10 жыл бойы сталиндік лагерьлерде отырды. Гурьевте электрик болып қызмет атқарып, Жилгородоктағы құрылыстарға  белсене араласқан жан. Екеуіміз 1967 жылы шаңырақ көтердік. Содан бері, міне, 45 жыл уақыт өтті, біргеміз…

- Ал балаларыңыз…

- Өкінішке орай, Құдай бізге бала бермеді - денсаулығым көтермеді. Осы қарттар үйіне келуге де қолқалаған – жолдасым. Өзімізге қарайлай алмайтын болғандықтан, осында келуге бел байладық.

Осы кезде Николай Николаевич:

– Люда, сен оның уақытын алып отырсың ғой, - деп күңкілдеп қойды. Мен де өзімнің көп отырып қалғанымды сезіп, кетуге жиналдым. Николай Николаевич менің күртемді кигізем деп тағы да орнынан тұрды. Мен бұл кісілерге шын жүрегімнен ұзақ ғұмыр тілеп, қоштастым.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

17 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.