Өткен жылдың 5 шілдесінде ол Марат ағаның арқасында дүниеге қайта келгендей болды.
Марат БИСЕМБАЕВ оны Сырым Датов көшесінде қайыр сұрап жүрген жерінен кездестірді. Жанынан жай өтіп кетпей, ақша берді. Сыртқы түріне қарасаң әжептәуір адамға ұқсайтын оның тағдырына зер салуды ұйғарды.
- Сырт келбеті маскүнем емес, өмір бойы ішкілікке салынып кеткен адамға ұқсамайды. Осындай күйге түсетіндей өмірінде не болды екен деп ойлап, өзінен сұрадым. Жалғыз екенін, жұмыссыз, баспанасыз қалғанын білдім. Үйімнің ауласындағы времянкама тұр дедім. Ішінде газы, жарығы, суы бар. Ол ыңғайсызданып, оған төлеуге ақшасы жоқ екенін айтты. Мен оған ақшасы керек емес, өзіміз не ішсек, соны бөлісетінімді айттым. Сөйтіп ол келісті. Содан бері бізде тұрып жатыр. Мен оны жұмысқа жекпеймін, ештеңе жасауға мәжбүрлемеймін. Жай ғана менің бос тұрған времянкамда тұрып жатыр, - дейді Марат аға.
Өткен жылы Анатолий ЖБАНОВ 18 жыл бойы күзетшісі болып жұмыс істеп, сол жерді мекен еткен балық базасындағы жұмысынан айырылған. Зейнеткерлік жасқа қараған шағында басқа барар жері болмаған соң қайыр сұрай бастаған. Екі аптадан кейін Марат ағаны кезіктіріпті.
Бірнеше жыл бұрын Анатолийдің екі қызы, содан соң әйелі бақилық болған. Ұлы бөлек тұрады, әкесін сирек көреді. Анатолийдің өзі 1958 жылы Құрманғазы ауданының Ганюшкино ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Гурьевке көшіп келіп, шаңырақ көтерген. 2002 жылы жер үй алмақ болып, пәтерін сатқан. Айналғанда баспанасыз, құжатсыз қалған. Тек КСРО азаматы паспорты ғана бар.
14 наурызда Анатолий 63-ке келеді. Бірақ бұл құжатпен, әрине, зейнетақы рәсімдей алмайды. Биылғы қаңтардан бастап Атырау облыстық Полиция департаментінің көші-қон басқармасының, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының және қалалық мемлекеттік мұрағаттың табалдырығын тоздырған. Оның айтуынша, көші-қон басқармасы оны қалалық мұрағатқа, қалалық мұрағат ХҚКО-на, ХҚКО қайтадан қалалық мұрағатқа сілтейді екен. Шенеуніктерге туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, әскери билет және т.б. керек. Ал Анатолийде мұның бірі жоқ.
Анатолийдің жүруі де мұң болған, 20 жылдан бері таяқпен жүреді. Белінде жарық пайда болып, содан бері аяғын ақсаңдап басады. Құжаттары болмаған соң мүгедектік мәртебесін де рәсімдей алмаған. Марат аға қазір зейнетақы рәсімдеуіне ғана емес, емделуіне де көмегім тисе екен дейді.
Біз көші-қон басқармасымен хабарластық. Басқармадағылар қазір ҚР азаматының құжатын рәсімдеу үшін реттелмеген мәртебесі бар тұлғаларды анықтау науқаны жалғасып жатқанын айтты.
- Анатолий Жбановқа бізге қайта келуін сұраймыз. Оған құжаттарын, жеке бас куәлігін рәсімдеуге көмектесеміз. Алдымен АХАЖ-ға туу туралы куәлігін қалпына келтіру жөнінде сұранымды өзіміз жолдаймыз. Содан соң хаттама толтырамыз, соған сәйкес, оны кем дегенде үш адам тануы керек. Олар туыстары, көршілері, әріптестері және т.б. болуы мүмкін, - дейді көші-қон полициясы басқармасындағылар.
- Осы процедура барысында ол Қазақстан Республикасының азаматы ма, жоқ па, тексереміз. Егер оның ҚР азаматы екені анықталса, біз оған ЖСН мен жеке бас куәлігін береміз.
Айта кету керек, материалды дайындау барысында Жбанов тұрып жатқан жерге бардық. Үйінің іші жылы, жинақы екен. Анатолийді ешкім жұмысқа салып жатқан жоқ. Бірақ қолы шебер ол Марат ағаға қол ұшын бергісі келіп тұрады. Мысалы, теледидар, радио немесе тоңазытқышты жөндеу секілді жұмыстар қолынан келеді.
- Қол қусырып қарап отыра алмаймын, оны-мұны шаруалар жасағым кеп тұрады, - дейді Анатолий.
Оның айтуынша, егер Марат аға болмағанда, қайда барып, әрі қарай қалай өмір сүретінін білмес еді.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор