Атырау, 25 қараша 06:59
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Кассалық жазалау құрбандары - 2

6 228 просмотра

«Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы» облыс прокурорына, прокуратура жанындағы қоғамдық кеңеске және Атырау облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне жүгінді. Бұған cебеп - «Realty Invest Holding» ЖШС-нің жүргізушілер тобы тап болып отырған жағдай.

МИЛЛИОН КЕМ БОЛДЫ

Біздің газетте бұл жанжал туралы бұрын да жазылған болатын («АЖ», №49, 06.12.12 ж. – «Кассалық жазалау құрбандары» жарияланымын қараңыз). «Realty Invest Holding» ЖШС жүргізушілері таң атқаннан  ымырт үйірілгенше жұмыс істейді, демалыс және мереке күндері үнемі жұмысқа шығады. Бұл жүргізушілер толтырып, тапсырыс беруші – «Акер Кварнер» компаниясының өкіліне қолдарын қойған жүріс есебі кестесімен расталған. Түпнұсқа жұмыс берушіге жіберіледі де, жүргізушілер өздеріне көшірмелерін қалдырады. Ал нормаланбаған жұмыс күніндегі жалақылары бар болғаны 25 мың теңгені құраған. Жалақыларының азаюы жүргізушілер өз құқықтарын қорғауға әрекеттенгендері үшін жұмыс берушінің қайтарып отырған кегі деп есептеп отыр. 2012 жылдың наурызында олар қалалық, содан кейін облыстық прокуратураға артық жұмыс істегендері үшін жалақы төленбей отырғандығы туралы ұжымдық шағым жазған еді. Қадағалау органы оларға сотқа шағымдануға кеңес берді. Алайда жұмыс беруші анағұрлым белсенді әрекет етті: сол кезде кәсіпорында қалған жүргізушілерге еңбек шарты мен төлемдердің өзгергендігі туралы хабарлама табыс етілді. Олардың жалақылары 93 мыңнан 25 мың теңгеге дейін азайды. Рас, кейін жүргізушілерге артық істеген жұмыс уақытын есептеді. Және олар 43 мың теңгеге жуық ақша ала бастады, алайда бұл сома бәрібір бұрынғыға қарағанда анағұрлым аз. Егер мұны прокуратураға жүгінгендіктері үшін жауап ретінде қайтарған қудалау шарасы деп атамағанда, басқаша қалай атауға болады? Өйткені еңбек шарты, төлемақыдан өзгешелігі - сәл де болса өзгермеді. Жүргізушілер бұрынғыша әуежайдан таңғы рейстерді күтіп алады, түнгі рейспен ұшатын жұмысшыларды шығарып салады, шетелдіктерді жұмыстарынан үйлеріне тасиды және т.б.

Алайда олар жұмыстан босатамыз деп қоқан-лоққы жасалған соң жаңа келісім-шарттарға қол қоюға мәжбүр болды. Сол кезде жүргізушілер өз жұмыс берушісін сотқа беріп, еңбекақы бойынша айырмашылықты, артық жұмыс үшін еңбекақы төлеуді, сондай-ақ, моральдық зиян үшін өтемақы талап етті. Олардың өтініші бойынша тәжірибелі бухгалтер артық жұмыс істеген демалыс және мереке күндері үшін қанша ақша алуға тиіс екенін, сонымен қатар уақытында төлемегені үшін өсімді есептеп берді. Олардың әрқайсысы миллион теңгедей кем алған боп шықты. Бейресми сұхбат кезінде оларға әлденеше рет 200-500 мың теңгені алып сот ісінен бас тартуды ұсынған.

Бірінші тарап соты жүргізушілердің талаптарын қанағаттандырмады, ал апелляциялық алқа отырысы талап-арыз берушілердің қатысуынсыз өтті. Алайда адвокат отырысқа қатыса алмайтындығы туралы сотқа хабардар етіп, Алматыға ұшатындығын растайтын билетін көрсеткен. Ал жүргізушілерге апелляциялық комиссия отырысының уақыты туралы дұрыс хабардар етпеген. Нәтижесінде кассациялық комиссия апелляциялық комиссияның қаулысын жоюға және істі жаңадан қарауға жіберуге шешім шығарды.

 

РЕЖИМ БҰРЫНҒЫША

- Біз сотта еңбек көлемінің азаюы мен еңбек шартының өзгергендігі туралы бұйрықтардың жалған екенін негізді түрде дәлелдедік деп есептейміз. Бұйрық шығарылғаннан кейін де жүргізушілер бұрынғы режимде жұмыс жасап жүр. Жұмыс уақыты есебінің табелі де бұрынғыша жасалуда. Оны бірінші тарап соты осы жұмысшылардың жұмыс уақытын есептеуге дәлел болады деп таппаған еді. Бірақ табель жасалып, тапсырылады, демек ол жұмыс жасалған уақытты растайтын заңды құжат ретінде маңызға ие, - дейді жүргізушілер өкілі Мырзахан ҚАЛМҰХАНОВ.

-  Біздің басқа жүргізушілеріміздің жалақысы бұрыннан 26 мың теңгені құрайтын, яғни, біз аталмыш жұмысшылардың төлемін қысқарта отырып, оны басқа қызметкерлердің штаттық кестесімен сай еттік. Біз штаттық кестені ұсындық. Жұмыс көлемінің қысқаруына келер болсақ, жекелеген жұмысшылардың емес, жалпы жұмыс берушіде жұмыс көлемі азайды. Тайм-шоттар тиісті дәлел бола алмайды, өйткені оны басқа тарап (тапсырыс беруші) жасаған және оны жұмыс беруші бекітпеген. Дегенмен, тіпті бұл шоттар бәріне емес, тек 4 жүргізушіге ғана берілген. Ал біз есептер жүргізілген өз табельдеріміздің түпнұсқалары мен көшірмелерін ұсындық, - деп растайды жауапкер өкілі Ирина УШАЕВА.

- Жұмыс беруші толық емес ақпаратты ұсынып отыр, - дейді жүргізушілер сеніммен. Ол сілтеп отырған қалған қызметкерлер вахталық әдіспен жарты айлап жұмыс жасайды, оған қоса түрлі сыйақылар мен ларалар алады.

 

ТАБЕЛЬДІ ДӘЛЕЛ ДЕП ТАППАДЫ

Жүргізушілер апелляциялық комиссия отырысына үміт артқан еді. Өйткені олардың жұмыстарын үйлестіріп, көлік жүрісі есебінің табеліне қол қойған «Акер Квернер» компаниясының бұрынғы қызметкері Альфия ИСМАҒҰЛОВА куәгер ретінде сөз алған болатын. Ол әрбір жүргізуші ай басында табель жүргізуге тиіс екенін, онда күн сайын жұмыстың басталу және аяқталу уақытын көрсетіп, қандай бағытта жүргенін, күн сайын қанша жүргенін көрсетуі тиіс екенін әңгімеледі. Бұл табель - маңызды құжат, соның негізінде «Акер» компаниясы мен оған тапсырыс беруші «Аджип» компаниясының арасындағы өзара есеп-айырысулар жүргізілген.

- Егер бұл құжат болмаса, біз қаржы аудара алмас едік, - дейді Альфия Исмағұлова. – Көлік үйлестірушісі өз қолы мен мөрді қойып, өзі үшін көшірмесін түсіріп алып, оны «Аджипке» қол қоюға жібереді. Ол жерде мағлұматтар тексеріліп, кейде біздің тапсырыс берушімізде жүргізушілердің, ауысымшылардың жұмысына және т.б. қатысты сұрақтар туындайтын. Көлік демалыс күндерінсіз толық айға пайдаланылатын және күн сайын табельде мәліметтер болуы тиіс болатын. Құжаттың түпнұсқасы бар, келісім-шартқа сәйкес, оны жұмыс беруші алады. Көшірменің негізінде Аджип олармен есеп айырысады. Келісім-шартта көлік құралы өтуі тиіс лимит көрсетілген. Ол бір мөлшерлеме бойынша төленеді. Ал лимит асып кетсе, басқаша төленді. Жүргізушілер барлық уақыт бойына артық жұмыс істеді. Біздің қызметкеріміз жүргізушілердің жұмысын үйлестірді, қызметкерлерді қай жерден алып кетуді, қайда апару керектігін нұсқап отырды. Оның рұқсатынсыз жүргізушілердің жұмысты тастап кетуге құқықтары жоқ.

Алайда, бұл мағлұматтар сот шешіміне әсер етпеді. Ол бірінші тарап шешімін өзгеріссіз қалдырып, жүргізушілер қайтадан ұтылып қалды.

 

АРАЛАСПАУ САЯСАТЫ

Исмағұловаға сауал қою барысында «Акер Квернер» компаниясының «Каспиан Оффшор Констракшн Реалти» (Caspian Offshore Constraction Realty) компаниясымен көлік қызметтері туралы келісім-шарт жасағандығы анықталды. Ол өз кезегінде «Realty Invest Holding» ЖШС-нің тапсырыс берушісі боп табылады. Демек, ЖШС өкілінің пікірінше, Исмағұлова ханымның жауабының оларға еш қатысы жоқ екен. Бұл фактілерге қарама-қайшы келеді. Жүргізушілердің айтуынша, 2010 жылға дейін олар «Каспиан Оффшор Констракшн Реалти» компаниясында жұмыс жасаған, содан соң оларға компанияның көлік бөлімі «Реалти Инвест Холдинг» басқаруына көшетіндігін хабарлаған. Соған байланысты жұмыстан кету туралы арыз жазуды өтініп, сол мезет жаңа компанияға жұмысқа алған. «Реалти Инвест Холдинг» жүргізушілерінің жұмысын «Акер Квернер» қызметкері үйлестірген. Яғни, олар тапсырыс берушімен байланыста боп қана болмай, оның нұсқауларына толықтай бағынған. Жұмыс беруші мойындағысы келмейтін жұмыс табеліне сол «Акер Квернер» қызметкерлері қол қойған. Компанияның байланысы бар екені айдан анық.

Бейресми дереккөздер бір «Тойота Прадо» көлігінің қызметін төлеуге, келісім-шартқа сәйкес, айына 4,5 мың доллар бөлінуі тиіс екендігін растап отыр, алайда тұрақты түрде лимиттің асуына және жүргізушінің артық істеген жұмысын қосқанда іс жүзінде 7-8 мың доллар бөлінген. «Акер Квернердегілер» үшінші компанияның - «Реалти Инвест Холдинг» компаниясының бар екендігі анықталғанда таң қалды. Өз қызметкерлеріне қатысты компанияның саясаты сот ісінде айқын болды. Алайда ол дауға қатыспады. Мұндай жағдайда шетелдік фирмалар «Теңізшевройл» ЖШС-нің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Линси КРЕЙН құрылыс мекемелерінің бірімен болған еңбек дауы кезінде мәлім еткен  «ТШО-ның өз мердігер мекемелерінің ішкі істеріне араласуға құқығы жоқ. Қосалқы мердігерлер мұндай мәселелерді өздері шешеді» деген саясатын ұстанады.

 

ОДАҚ ТЫСҚАРЫ ҚАЛМАДЫ

Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағына жұмыс берушілердің қызметтерін тексеруді жүзеге асыру құқығы берілмеген. Алайда ол сұмдық әділетсіздікті көріп, сырт қала алмады.

«Жұмысшылар ұсынған сот актілері мен басқа да материалдарды тексеру нәтижесі жұмыс беруші «Realty Invest Holding» ЖШС барлық қажетті құжаттарды ұсынбаған деп жорамалдауға негіз береді, - делінген прокуратура мен еңбек департаментіне жазған Одақтың хатында. – Сот талап-арыз берушілердің артық жұмыстар жасалды деген дәйектеріне лайықты түрде тексеру жүргізбеген. Алайда жүргізушілердің жұмыс уақытының есебі жүргізілген «Акер Квернер» компаниясының тиісті құжаттары болған. Бірінші және апелляциялық тарап соттары жұмыс берушінің сотқа жалған құжаттар ұсынғаны туралы талап-арыз берушілердің келтірген дәйектерін жоққа шығармады. Еңбекақыға қатысты еңбек шартының өзгеруі (төрт есеге азаюы) прокуратура органдарына еңбек заңнамасының бұзылғандығына жүгіну салдарынан орын алды деген талап-арыз берушілердің дәйектері де теріске шығарылмады. Еңбекақы мөлшері төрт есеге азайғандығына қарамастан, жұмыстың басқа шарттары өзгермеген. Талап-арыз берушілер жауапкердің дәйектеріне қарсы наразылық білдірсе де, жұмыс көлемінің азайғандығы туралы жауапкер ұсынған құжаттарды сот тексермеген». 

Жүргізушілер өкілі кассациялық шағым жазды, олар өз құқықтарын әрі қарай қорғауға бел шешіп отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

16 қаңтар 2013, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.