Атырау, 10 қазан 17:00
 бұлттыВ Атырау +15
$ 489.06
€ 536.21
₽ 5.05

Жалғыз Қашаған емес

4 011 просмотра

Биылғы жылдың сәуірінде Қазақстан Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі қазақстандық секторды игеру жөніндегі бағдарламаның 10 жылдығын атап өтеді.

ӨЗ БҰРҒЫЛАУ ҚОНДЫРҒЫСЫ БОЛАДЫ

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының мәліметтері бойынша, Солтүстік Каспий жобасын (Қашаған, Қайраң, Ақтоты және Қаламқас-теңіз) қоспағанда қазақстандық сектордың қарымы 2 млрд 288 млн тонна мұнайды құрайды.

2000 жылы Қашаған ашылғаннан кейін қазақстандық мұнайшылардың басқа жетістігі - 2007 жылы «Жемчужина» жобасынан («Хазар» мен «Әуезов» құрылымдары) және N блогынан («Ракушечное-теңіз» бен «Нұрсұлтан» құрылымдары) мұнайдың табылуы болды. Сейсмобарлау жұмыстары аяқталып, «Жамбыл», «Сәтпаев», «Махамбет» жобаларына барлау-бұрғылау тұжырымдамаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.

Каспий теңізінде ҚМГ-ның өздерінің бұрғылау қондырғыларының жоқтығы барлау жұмыстарын кешеуілдетіп отыр. Бұрғылау үшін компания ресейлік және әзірбайжандық мұнайшыларды тартуға мәжбүр. 2014 жылы ҚМГ өздігінен көтерілетін теңіз бұрғылау қондырғысын салады деп күтілуде. Бұдан басқа, ҚМГ корейлік ұлттық мұнай компаниясымен бірігіп, «Құрық» портында орналасқан Caspian Explorer бұрғылау баржасының құрылысын аяқтайды. Алғашқы ұңғыны баржа «Жамбыл» құрылымында бұрғыламақ.

 

АНАР, ЖАНАР ЖӘНЕ ОЛЬГА

Атырау Экология департа-ментінде Каспийдің қазақстандық секторындағы қайраңды игеру картасы ілініп тұр. Атыраудан бірнеше шақырым қашықтықта барлау-бұрғылау жұмысына дайындалып жатқан ондаған учаскелер бейнеленген (суретте). Игеріліп жатқан теңіз кеніштері сары түспен, бұрғылауға дайындалып жатқандар жасыл түспен, мұнайлы-газды келешегі бар деп анықталған құрылымдар күлгін түспен белгіленген.

Қызыл түспен белгіленген және теңіздің солтүстік жағалауында орналасқан арнайы экологиялық шектеу аймағында келешегі бар 13 құрылым орналасқан. Олардың көпшілігі ресми атау алмаған және Ирина, Лариса, Сания, Роза, Тамара, Галина, Маргарита, Ева секілді қарапайым әйелдер есімін иеленген.

Анықталған «Сәуле», «Марина», «Ольга», «Сәлима», «Флора», «Анар» және «Жанар» мұнайлы-газды құрылымдары алып Қашаған теңіз кенішінің айналасында орналасқан. Қашағанның оңтүстігіне қарай «Аида», «Лила», «Дания», «Стела», «София», «Майра», «Евгения» және «Марта» деген құрылымдар бар. Теңізде Атырауға жақын маңда барлығы 30 шақты мұнайлы-газды құрылымдар орналасқан. Олардың кейбірінде тіпті кендерді барлау жұмыстары да басталмаған.

 

ЗЕҢБІРЕКТЕР ҚОЛДАНЫЛАДЫ

Мұнайшылар мұнай қорының бар екендігіне көз жеткізу үшін  сорғы зеңбіректерін пайдаланады, бұл теңіз жануарларының әжептәуір мазасын алады.

Ғалымдардың пікірінше, сейсмикалық барлау теңіз организмдерінің тіршілік ету әрекетіне зиянды әсерін тигізеді. Мәселе мынада: осындай барлау барысында қолданылатын дыбыстар диапазоны балыққа «орнатылған» құралдармен толықтай сай келеді. 250 кГц жиіліктегі тереңдікке таралатын сигнал көзі боп табылатын пневматикалық зеңбіректер де, бұрғылау стансалары да қауіп тудырады.

Ал балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы директорының орынбасары Юлия КИМНІҢ айтуынша, жергілікті мамандардың сейсмобарлау құралдарының, пневматикалық зеңбіректердің балықтар мен планктондарға әсерін зерттеу жұмыстары ешқандай дабыл қағарлық нәтижелер бермеген. Алайда Юлия Анатольевна атап өткендей, теңіздегі жұмыстарды жандандыру қалай еткенде де теңіз жануарларының мазасын алады екен.

 

БІЗГЕ БӘРІБІР МЕ?

Атырау Экология департаментінің экологиялық реттеу бөлімінің бастығы Руслан ТӨКЕНОВТІҢ айтуынша, соңғы кездері Каспий теңізінде жұмыс жасауға рұқсат алу үшін «Жамбыл Петролеум» ЖШС («Жамбыл» және «Жетісу» құрылымдары) мен «АтырауМұнайГаз» АҚ («Бөбек» құрылымы) жүгінген. «Аңсаған» учаскесі мен «Абай» блогында «ҚазМұнайГаз» ҰК барлау жұмыстарын жүргізеді. Өкілетті орган Каспий теңізінде барлау жұмыстарының жобалары бойынша жұртшылық тыңдауын өткізу туралы әлсін-әлі хабарландыру жариялап тұратынын, бірақ оған жұртшылықтың қатыспайтынын маман растап отыр. Алайда  «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВТЫҢ айтуынша, тәуелсіз экологтарды осы жобалар бойынша жұртшылық тыңдауына ешкім де шақырмаған.  

Барлау жұмыстарын бастамас бұрын үкіметке теңіз қайраңына тексеру жүргізу керек еді, сонда  ластанған жағдайда табиғат пайдаланушыларды жауапкершілікке тарта алады - дейді М. Хакимов. – Осы бағдарламаны «Аджип ҚКО» компаниясы қолға алған еді. Олардың тексеру нәтижелері өте керемет боп шықты. Бірақ кейін олар «аяқ астынан Қашағанда апат болса ше?» деп, өздеріне ор қазып жатқандарын түсінді. Сондықтан бұл жұмыстар аяғына дейін жеткізілген жоқ. Әрине, барлау және әрі қарай мұнай өндіру процесінде экология зардап шегетін болады...

 

ОЛ ЖЕРДЕ  КИЛОМЕТР, БҰЛ ЖЕРДЕ МЕТР

2010 жылы сәуірде Мексика шығанағында мұнай платформасында орын алған жарылыс бұрын болып көрмеген экологиялық апатқа соқтырды. Апат болған 152 күн ішінде теңіз ұңғысынан 5 миллион баррель мұнай аққан. «Бритиш Петролеум» компаниясы өтемақы төлеу үшін миллиардтаған доллар ақша жұмсады.

Бұл хикаяның өнегелі жағы сол, американдық Луизиана штатының жағалауында апат болған жердің тереңдігі шамамен бір жарым шақырымнан асады, ал Солтүстік Каспий қайраңындағы тереңдік бар болғаны 6-8метр. Бізде осындай апат бола қалса, Каспий теңізінің бекірелерімен және хайуанаттар әлемінің басқа да сирек өкілдерімен қош айтысу үшін бір күн жетіп жатыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

17 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.