Атырау, 23 қараша 01:31
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қажыгелдин келе жатыр

5 478 просмотра
Қажыгелдин келе жатыр

Сырттай он жылға сотталып, шетелде қашып жүрген Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин туған еліне қайтып оралау жөнінде шешім қабылдапты. «Жағдай аяқасты өзгеріп кетпесе, ол қаңтар айының соңында Қазақстанға көшіп келеді. Бірақ, оның Қазақстанда қандай шаруамен шұғылданатыны әзірге белгісіз» дейді Еуропадағы дереккөз.

Әкежан Қажыгелдиннің Қазақстанға келіп, бірінші кезекте не шаруамен шұғылданатыны жөніндегі болжамды айтпас бұрын оның өміріндегі кейбір жайттарға тоқтала кетейік.Өйткені, төменде баяндалатын  оқиғалар Қажыгелдиннің Қазақстанға оралуына мүмкіндік ашқан негізгі себеп болып тұр.

1994-1997 жылдары Әкежан Қажыгелдин Қазақстанның премьер-министрі қызметін атқарды. Ол 1998 жылы Қазақстанның республикалық халықтық партиясын (ҚРХП) құрып, оппозицияға өтті. Бірақ, көп ұзамай биліктен қысым көрген ол шетелге кетуге мәжбүр болды. 2001 жылы оның сыртынан бірнеше қылмыстық айып тағылып, 10 жылдық түрме жазасына кесілген болатын. Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іс пен сырттай он  жылға соттау сол кездері құқық қорғау органдарында басшы қызмет атқарған Рахат Әлиевтің қолымен жасалған. Ол «Әкежан Қажыгелдиннің сыртынан жалған куәлік бер» деп  оның екі  оққағарын – Сәтжан Ыбраев пен Петр Афанасенконы ұстап алып, азаптап қинапты. Кейін Рахат Әлиевтің өзі сотты болып, бас сауғалап Австрияға қашып барғанда Әкежан Қажыгелдин мен оның оққағарлары Әлиевті қудалауды бастады. Осыдан біраз бұрын Австрияның ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ә.Қажыгелдин «маған тағылған айыптардың барлығы қолдан жасалғанын Рахат Әлиевке мойындатып, заңды түрде ақталғым келеді» деген болатын. Бірақ, Ә.Қажыгелдиннің бұл әрекеті нәтижесіз болды. Рахат Әлиев Австриядан қашып кетіп,  Мальта аралына барып жасырынды. Сол елге орасан көп көлемде инвестиция салып, бизнес ашып, екінші әйелімен сонда тұрып жатқанды. Мұны біліп алған Қажыгелдин мен оның оққағарлары Мальта полициясына арызданып, Әлиевті сотқа тартуды талап етті. Дегенмен, одан әлі бір нәтиже шыға қойған жоқ – Р.Әлиев ұстатпай жүр.

Қажыгелдин мен Әлиев арасындағы текетірестің өзіндік мәні бар. Қажыгелдин мен оның оққағарлары Әлиевтің артынан Еуропада қуынып, оны түрмеге жапқызбаса да, оның өздеріне жасаған қаскөйлігін дәлелдегендей болды. Қажыгелдинге тағылған айыптың Әлиев қолымен жасалғаны жөніндегі қоғамдық пікір Еуропада да, Қазақстанда да толық орнықты. Яғни, 2001 жылы өзіне шығарылған үкімнің күшін жоюға Қажыгелдиннің қазір мүмкіндігі бар. Қазақстан билігі де бұған қарсы емес. Тіпті мүдделі деп айтса болады. Себебі, қазір  Әкежан Қажыгелдин «мені саяси қуғынға ұшыратты» деп, Қазақстан билігін емес, сол биліктің қазіргі жауы Рахат Әлиевті айыптап отыр. Олай болса, Қажыгелдин Қазақстанға келген соң бірінші кезекте сотқа арызданып өзін ақтап алу ісімен шұғылданады. Егер сот оны ақтайтын шешім шығарса, онда билік те «Қазақстан үкіметі Қажыгелдинді саяси қуғынға ұшыратты» деген жаман атақтан құтылады. Бұған екі тарап та мүдделі. Осы мәселе шешілген соң ғана Қазақстан үкіметі Қажыгелдинге қандай да бір мемлекеттік қызмет ұсыну мүмкін.

Дереккөз: serke.org

15 қаңтар 2013, 14:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.