Үстіміздегі жылдың 3 қаңтарында Теңіз кенішінде электр қуатының апатты ажыратылуы нәтижесінде «ТШО» ЖШС-нің бірден үш нысаны – Кешенді технологиялық желі (КТЖ), Екінші буынды зауыт (ЕБЗ) пен Шикі газ айдау (ШГА) нысандары тоқтап қалды. Бұл жолы апат салдары жеткілікті дәрежеде тез жойылса да, мұнай компанияларына қойылар сұрақтар қалып отыр.
КІМ КІНӘЛІ?
ТШО өзіне тек ішінара ғана жауапкершілік алып, кінәнің көп бөлігін KEGOC ұлттық операторына жүктеді. Бірақ энергішілер өз тараптарына тағылған айыптауларды жоққа шығарды: олардың пікірінше, апаттың болуына ТШО нысандарындағы технологиялық ақаулар себеп болған. Қазіргі уақытта Теңіздегі электр энергиясының ажыратылу себептерін тексеру комиссиясы жұмыс жасауда. Ол экологиялық аспектісі бойынша да тексеру жүргізеді: ауқымды тоқтау нәтижесінде атмосфераға түскен зиянды шығарындылар бойынша зиян мөлшерін есептейді.
Мемлекеттік энергетикалық қадағалау органы ұлттық оператордың ұстанымын растап, ТШО-ның газ-турбиналық электр стансалары жылу маусымында жұмысқа дайындық төлқұжаттарын алмағандығын қосымша хабарлады.
2005 ЖЫЛДЫҢ САБАҚТАРЫ
Соңғы кездері жиілеп кеткен Теңіздегі апаттар мұнай алыбының өндірістік «патшалығында» салмақты, жүйелі проблемалар бар екендігін дәлелдейді. Осындай жағдай болып (энергиямен қамту жүйесіндегі іркілістен), бір тәулікке технологиялық процесс толығымен тоқтатылған 2005 жылдың 2 шілдесіндегі ауқымды апатты еске алуға болады. Со лкезде шұғыл арада Екінші буынды зауыт құрылысында жұмыс жасайтын 7 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Апат фактісі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалды: шаруашылық қызметінде экологиялық талаптардың бұзылғаны және адам денсаулығына зиян тигізіп атмосфераны бүлдіргені үшін. «АЖ» мәліметтері бойынша, апат болған күні ТШО емханасына 200-дей адам барған. Алайда Теңізшевройл мен мемлекеттік органдар бұл фактіні табанды түрде жоққа шығарып отыр. Ресми түрде күкіртсутекпен уланудың 3 фактісі туралы ғана хабарланды.
Экологиялық зиянға келер болсақ, сол кезде апатты кідіріс нәтижесінде атмосфераға 34 мың текше зиянды заттар түскен (ТШО бастапқыда 23 мың деген болатын). Қазіргі жағдайда зиян мөлшері де аз болмауы тиіс. Қазіргі апаттар себебін тексеру нәтижелерін білген қызықты болар еді. 2005 жылы ТШО объективті факторларға сілтесе, ТЖ мамандары оның себебін «адами фактордан», яғни, энергиямен қамту жүйесін біліксіздікпен басқару деп тапты.
ӘЛСІЗ ЖЕЛІ
Ал ірі апатқа электр энергиясының берілуіндегі іркілістер ғана емес, баламалы көздері болмағандықтан сумен қамту проблемалары да себеп болуы мүмкін.
2012 жылғы ТШО-ның Табиғат қорғау шараларының жоспары бойынша өткен таяудағы жұртшылық тыңдауында Орхусс орталығы компанияға сұрақтар қойылған хат жолдады. Оған мәнді жауап алынбады.
Сұрақтардың бірі: компания Қиғаш - Өзен су таратқышында апат болған жағдайда қандай шара алады (оның жоспары бар ма)? Ұғындырайын, экологтар судың тапшылығы салдарынан зауыттарда жабдықтардың салқындауынан проблема туындауы мүмкін деп алаңдайды. Ал Теңізде су айналымы қарастырылмағандығы белгілі. Шындығында, ол туралы тек мұнай өндірген 20-шы жылда ғана ойға алды. ТШО-дан мұндай апатты жағдайда «ең алдымен, су таратқышты жөндеп, қайтадан пайдалануға беру қажет болады» деген жауап келді. Бүгінде осындай ТЖ болған жағдайда сумен қамтудың баламалы нұсқалары жоқ. Демек, судың жалғыз ғана көзі – Қиғаш –Өзен су таратқышы апатты түрде істен шыққан жағдайда, ірі мұнай өндіруші өндірістердің ешқандай сақтандырылмағаны ғой.
ҚАЙТА ЖАРАҚТАУҒА ҰҚСАС ЖӨНДЕУ
Теңізде төтенше жағдай (түрлі себептер бойынша апатты кідірістер) әлденеше рет орын алды. Бұл соңғы жылдары өндіру көлемдерінің азаю себептерінің бірі болды. Алайда ресми нұсқа бойынша көлемдердің азаюы, мәселен, 2012 жыл тамыз-қыркүйек айларында (42 күн) ЕБЗ/ШГА өндірістік алаңдарындағы нысандарды жоспарлы түрде күрделі жөндеумен байланысты болған. Осы мерзімде ТШО КТЖ-ның бес өндірістік желісінің толық қуаттылығымен жұмыс жасау арқылы өндірісті үзбей отырды. Яғни, күрделі жөндеуге қарамастан, ТШО акционерлері шығынға қалуды қаламады. Бір қызығы, компания қызметкерлерінің өздері бейресми сұхбат кезінде соңғы күрделі жөндеу жұмыстарын – қысқа мерзім ішінде көбірек мұнай өндіруді мақсат ететін зауыттарды қайта жарақтау деп атады. Ал іркілістердің, тоқтап қалулар мен кідірістердің жиі болуына жабдықтардың жүгі шамадан артық болуы, оның ескіруі себеп болып отыр дейді. Бүкіл жабдықты ауыстыру ақшалай жағынан да, уақыт жағынан да тиімсіз болады. 2012 жылғы осы нысандағы қайта жарақтауға көбірек ұқсайтын күрделі жөндеудің негізгі мақсаты - ЕБЗ-қа барынша көп жұмыс жүктеу. Бұл нысан бастапқыда-ақ белгілі бір (қазіргіден аз) қуаттылықпен жобаланды, ал күрделі жөндеуден кейін оған жұмысты арта бастады. Сондықтан да апат орын алып жатыр.
ИМПЕРИЯ ТӘЖІ
Технологиялық іркілістердің басқа ықтимал себебі – ТШО-ның тәжірибелі жұмысшылары еңбекақының бәсекеге сай емес төленуінен және кадрлық өсу болашағының жоқтығынан басқа компанияларға кетіп қалып жатыр. Бәлкім, «барынша көбірек сығып алуға» және үнемдеуге күш салғанымен, мұнайдың бағасы жоғары болса да, кәсіпорын табысы төмендеп жатқаны содан шығар. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның 2012-2022 жылғы Дамыту стратегиясына сәйкес, ТШО-ның 2012 жылғы таза табысы 8,6 млрд доллар сомасы деп болжам жасалды, ал 2011 жылы бұл көрсеткіш 10,4 млрд долларға тең болды. 2012 жылы ТШО 23,5 млрд доллар табыс алуды жоспарлады, ал 2011 жылы 25,3 млрд доллар табыс тапқан. ҚР мемлекеттік бюджетіне түсетін төлемдер 2012 жылы 10,1 млрд доллар құрады, ал 2011 жылы 11,4 млрд долларға тең болды. Дегенмен, «Форбс-Казахстан» журналына берген сұхбатында ресейлік Каспий теңізін құтқаруға қолдау көрсету қорының сарапшысы Серікжан МӘМБЕТАЛИН растағандай, Қазақстан үшін компания мәлім еткен ақпаратқа сенуге болмайды екен:
– Таяуда ТШО жұмыс істеген уақытында (1993 – 2012 жж. – Л. С.) жалпы табысы 128 млрд доллар құрағанын, ал Қазақстан бюджетіне компания 47 млрд доллар аударғанын мәлімдеген еді. Бірақ жалпы мұнай компаниялары үшін салық мөлшері 65-тен 80 пайызға дейін болуы тиіс. Олар бұл жерде мұнайға бір бағаны айтады да, олардың барлығын дерлік Chevron зауыттарына алып кетеді. Егер біз олар сататын бензиннің немесе дизельдің бөлшек бағасын алып қарайтын болсақ, ол жердегі маржа өте көп. Шеврондықтардың өздері Теңізді «Chevron тәжіндегі гауһар» деп бекер атамайды ғой».
Сонымен, қожайындарының тәбеттері аса зор болғандықтан гауһардың құндылығы біртіндеп түсіп бара жатқан сыңайлы.
– «Шеврон –Тексако» компаниясының империялық тәжіндегі ең үлкен гауһар – бұл «Теңіз» кеніші. Ол ТШО-ның емес, Қазақстанның табиғи байлығы боп табылады, - дейді «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ жетекшісі Махамбет ХАКИМОВ. – Оны бүкіл ХХІ ғасыр бойына сақтықпен экологиялық тұрғыда, бірақ жылдық өндірісін академик Мұфтах ДИАРОВ кеңес еткендей, 15 миллион тоннадан аспайтын мөлшерде игеруге болады. Алайда миллиондаған мұнай долларлары тұрғанда, ешкім де болашақты ойламайды.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА