Атырау, 8 мамыр 16:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +16
$ 439.43
€ 473.31
₽ 4.82

268 миллионға контрабандалық жүк тиеген көліктің шытырман оқиғасы

Сурет
2 993 просмотра
МКД ұсынған сурет

Жақында Атырау соты Вадим КИМДІ 268 миллион теңге сомада импорттық темекінің ірі партиясын ұрлағаны үшін  ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-тармағының 3-тармақшасы бойынша (Аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық) 5 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ осы үкімге дейінгі оқиғаларға қатысты жауаптан гөрі сұрақ көп. Толығырақ - «AЖ» материалында.

2019 жылдың маусым айында Атырау облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері шекарашылармен бірге Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасында Milano маркалы ментолды темекінің 1695 қорабын тиеген фураны ұстады. Тауардың тиісті құжаттары мен акциздік маркалары болмады. ЭТД қызметкерлері фураның шанағына сүргі салып, Атырау-Орал трассасының бойындағы «Рауан» кемпингінің (мотелі бар кафе) тұрағына қойды. Алайда заңға сәйкес, жүкті үшінші тұлғаларға кіруге тыйым салынған қорғалатын аймаққа орналастырып, содан кейін оны жою қажет еді. Шын мәнінде, қомақты ақша тұратын контрабандалық өнімдер далада қалдырылды.

Төрт айдан кейін тұрақтағы темекі тиелген фура ғайып болды. Ал күдікті тез арада табылды. 5 қазанда 38 жастағы кәсіпкер Вадим Кимнің (2008 жылға дейін ҰҚК қызметкері болған) өзбек жұмысшыларын бір-екі түнге орналастыру үшін «Рауанға» келгені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. ЭТД дереу осы көлікті тіркемесімен ұрлады деген нұсқаны әзірлеуге кірісті. 25 қазанда ол ұсталып, сот санкциясымен тергеу изоляторына қамалды. Ал өткен жылдың 2 желтоқсанында сот оған жоғарыда аталған айыптау үкімін шығарды. Бұдан басқа, Ким ЭТД-не сол 268 млн теңге шығынды өтеуі керек.

 

«ОЛАРҒА БІРЕУДІ КІНӘЛІ ҚЫП ШЫҒАРУ КЕРЕК БОЛДЫ»

Енді Кимнің қорғау нұсқасына жүгінейік. Ол жерде шынымен де сұрақ көп. Мысалы: осыншама қомақты сомадағы тәркіленген контрабанданы неліктен тиісті емес жерде ұзақ сақтаған? Содан кейін: тергеу және айыптау актісін қолдаған Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал ҒИЛЫМ Ким сол түні С.Сегоянц және А.Бессонов дегендермен бірге осы темекі партиясын «Құрманғазы» шекаралық бекеті арқылы Ресей аумағына өткізген деп растады. Сұрақ: контрабандалық жүкті шекарадан құжатсыз қалай кері өткізген? Айтпақшы, кейін сол фура іші бос күйде Атырау-Доссор трассасында «Шығыс» кемпингінің тұрағынан табылды. Оның кімнің жүгі екені әлі анықталған жоқ.

Кимнің сотында «Рауанның» әкімшісі М.Турикова негізгі куәгер ретінде қатысты. Оның сотта айтқан сөздерінің қысқаша мазмұны мынадай:

- 2019 жылғы 5 қазанда тіркеу үстеліне келбеті азиялық ер адам (кейінірек білгенімдей - В.Ким) жақындап, өзін құқық қорғау органының қызметкерімін деп таныстырды. Қаулыны көрсетіп, аресттен алынғандықтан жартылай тіркемесі және ішінде темекі өнімдері бар көлікті алып кетуге келгенін айтты. Мен одан тұрақ ақысын төлеуін сұрадым. Ол ақшасын төлеп, фураны алып кетті.

Вадим Кимнің қоғамдық қорғаушысы Бақытгүл КӨШЕКОВАНЫҢ бұл жағдайға қатысты өзіндік пікірі бар:

- ЭТД немқұрайлық немесе басқа салдармен жүктен айырылып қалды, енді оларға біреуді кінәлі қып шығару керек болды. Іс материалдарында сәйкеспейтін нәрсе көп. Алдымен заттай айғақтарды сақтау ережесі бұзылды. Содан кейін олар бейнебақылау жазбаларына сілтей бастады, бірақ күйеуімнің машинаға мүлдем жақындамағаны анық көрініп тұр, тіпті, камера таймерлерінен де машина тұрақтан шыққан кезде Вадимнің әлі ресепшнде тұрғаны көрінеді. Әкімшінің неге бұлай куәлік етіп тұрғанын білмеймін. Ол тұрақтың ақысын Вадим төледі дейді, бірақ чек те, төлем төленген құжат та жоқ. Ол жүкті аресттен алу туралы қаулыны әкеп көрсетті дейді, бірақ бұл қаулыны одан басқа ешкім көрген жоқ. 300 миллиондай теңге болатын жүгі бар көлікті шығарғанда ол бұл «қаулының» көшірмесін де түсіріп алмаған.

 

МКД ұсынған сурет

СӨЗГЕ ҚАРСЫ СӨЗ

Іс материалдарында «Рауан» кемпингіндегі уақытша сақтау қоймасының бастығы Нұржан Сәдудің 2019 жылғы 21 маусымдағы қолхаты да бар. Онда ол тіркемесі бар автокөлікті қабылдағанын және тергеу аяқталғанға дейін уақытша сақтау жауапкершілігін өз мойнына алғанын көрсеткен және оны сотта растады. Бірақ ЭТД қызметкерлері өзіне темекі өнімдерін көрсетпегенін мәлімдеді. Сонда кемпингтегілердің ешқайсысы өздерінде бірнеше ай бойы 268 миллион теңгенің жүгі тұрғанын білмеген болып шықты. ЭТД қызметкерлеріне оны жасырудың не қажеті бар еді? – дейді Б.Көшекова. Содан соң сөзін жалғастырады:

- Тергеу дереу анықталды, басқа күдіктілер - мысалы, шекарада контрабандалық тауармен ұсталған жүргізуші немесе көліктің иесі қарастырылмады. Олардың өздерінің қандай жүк алып бара жатқанын білмедік деген  сөздеріне сенді. Тергеу ісі әкімшіге де сенді, алайда бірде-бір дәлел келтірілмеді. Менің күйеуімнен басқалардың бәрінің сөзіне сенді. Прокуратура осының бәрін сотқа өткізіп жіберді!

Адвокат Талғат МҰҚАТАНОВТЫҢ пікірінше, қорғау тарапы сотта тағылған айыптың негізсіз екенін және басқа тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына бағытталғанын дәлелдеген.

ЭТД комментарий беру туралы «АЖ» өтінішіне мұның бәрі сот үкімінде жазылғанын, оған алып-қосарлары жоқ екенін айтты.

Енді В.Кимнің тарапы №2 қалалық соттың үкіміне қатысты облыстық сотқа апелляциялық шағым берді.

Фархат ӘБІЛОВ

1 ақпан 2021, 13:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.