Халел Досмұхамедов атындағы АМУ-дың «Биотехнология» ғылыми зерттеу орталығының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор София Зұлқарнайқызы САҒЫНДЫҚОВА (суретте) «Жоғары оқу орындарының 2011 жылдың үздік оқытушысы» деп танылған қазақстандық әріптестерімен бірге Лондон және Шотландияға іссапармен барып қайтты.
- София Зұлқарнайқызы, бұл іссапардың мақсаты қандай еді?
- Мақсаты - Ұлыбританиядағы жоғары білім және ғылым саласымен танысып, тәжірибе алмасу болатын. Біз QS University Ranking, University of East London, University of Greenwich, Durham University, Heriot-Watt University, Robert Gordon University және University of Wolverhampton секілді британдық университеттерді аралап көрдік. Жол шығыны, қонақ үй ақысы былтыр ұтып алынған «Жоғары оқу орнының 2011 жылдың үздік оқытушысы» гранты есебінен болды, тәуліктік және қосымша шығынды есептемегенде 730 000 теңгедейге шықты, бірақ Қазақстандағы Британия елшілігі 107 000 теңгеге жуық қаражатты өздері көтеріп алды.
- Бұл іссапарда сізді не қызықтырды? Өзіңіз үшін қандай жаңалық аштыңыз?
- Біз барған жоғары оқу орындары қажетті материалдық базамен толық қамтылған. Бұл жағынан біздің елде тек Астанадағы Н.Ә.Назарбаев университеті ғана тең келетін болар. Ұлыбританияда студенттер білімге тереңірек мән береді, өкінішке орай, біздің көптеген студенттерге қарағанда сабақтарынан қалмайды. Ал бізде қалай? Бізде оқу ақысын төлеп жатырмын, білімді, бағаны, тіпті ұстазды да сатып аламын деген түсінік қалыптасқан.
Сондай-ақ, Ұлыбританияда жоғары оқу орнының түлегі жұмысқа орналасу кезінде үлкен проблемаларға ұрынбайды екен. Өйткені, әр университетте жұмыспен қамту бюросы жұмыс істейді. Олардың қызметі - мамандық алған түлекке жұмыс тауып қою.
Мен сол елде Қазақстаннан барып оқып жатқан студенттерді көріп қуандым. Біз олармен жүздесіп, біраз сөйлестік.
- Қай университет сізге ерекше әсер етті?
- Бірінші кезекте мені өзіме жақын тақырып - ғылыми саладағы жаңалықтар қызықтырды. Біз биология және микробиология іліміне қатысты әртүрлі микроскоптар, өсімдік түрлерін өсіру және оған тәжірибе жүргізетін арнайы жылыжай тектес ғимаратпен, онда жасалып жатқан ғылыми жұмыстармен таныстық. Мені, әсіресе, Эдинбург қаласындағы Hеriot-Watt университетіндегі биотехнология зертханасы таңқалдырды. Ал University of Wolverhampton университетінің нанотехнологияларды белсенді түрде жүзеге асырып жатқандығы ерекше әсер етті. Мәселен, онда нейлонның ұнтағынан және оларды титанмен қосу арқылы түрлі қажетті заттарды жасап шығарып, соны өндіріс орындарынан тапсырыс алып, дайындап отыр. Сондай-ақ, Паланипан Рамашвами есімді оқытушы мүгедектерге көмекке келетін робот ойлап тапқан. Қолы істемейтін адамның басына арнайы гель жағып, роботты іске қосады. Робот адам миының бұйрығымен басқарылады. Оның жұмысын мен өз көзіммен көрдім. Адам роботты өзінің қолы жете алмай тұрған затқа ойша бұрса, сол механикалық көмекшісі арқылы өзіне қажетті затты ала алады. Немесе көзі көрмейтін адам компьютер алдында отырғанда робот оның ойын «оқу» арқылы клавиатурадағы қажетті клавишаны баса алады.
Universityof Wolverhamptonалдыңғы қатарлы технологияларды дамыту арқылы белгілі мөлшерде пайда түсіріп келеді. Мұнымен университеттегі арнайы құрылған коммерциялық бөлім айналысады.
Әрине, біздің олардан үйренеріміз көп. Осы сапар мұнымен шектелмейді. Біз британдық әріптестермен байланыс орнаттық. Олардың арасынан бір-екеуін біздің университетте белгілі бір уақыт жұмыс істеуге шақырамыз деп үміттенеміз. Өздері де бұған қарсы болмайды деп ойлаймын.
Айнұр САПАРОВА