Атырау, 25 қараша 06:41
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жақсы ит - иесінің көзі, құлағы

5 335 просмотра

– Сәлеметсіздер ме!– деген жарқылдаған ашық дауыс өзіне баурап алды. Жұмыскердегі жеке үйлердің бірінің табалдырығынан бізді Гүлмира ЕРКІНОВА (суретте) қарсы алды.  Таныс болыңыздар, ол қаламыздан алғашқы және әзірге бірден бір итбегілер клубын ашты.  Атырау облыстық әуесқойлықпен ит өсірушілер бірлестігі ресми түрде 2012 жылдың тамызында тіркелген еді.

 

ИТ АТАУЛЫНЫҢ БАРЛЫҒЫ

– Сонда клуб немен айналысады?

Бұл сұраққа жауап беру үшін Гүлмираға кем дегенде он минуттай уақыт кетті, әлсін-әлі ұялы телефонына қоңырау шалынып, әңгімесін бөліп жібереді: «Сізге қандай ит керек? Аңшылыққа ма? Ой, жоқ... о не дегеніңіз... далматылықты үйге алғыңыз келе ме? Иә, ол әдемі, бірақ үйге арналмаған». «...Шарпейлер - өзгеше тұқымдар. Сілекейге... газға үйренуге дайынсыз ба?». «Немене? Күні бойы жатыр ма? Шұғыл арада ветеринарға апарыңыз! Қазір сізге телефонын беремін». «Қайырлы күн, Гүлшат! Сенбіде иттермен тағы да кездесеміз, бәріне қоңырау шалыңыз».

Кезекті ит әуесқойымен сөйлесіп болып, Гүлмира ресми түрде өзектілігін жоғалта бастаған сұраққа ресми түрде жауап бере бастады: 

– Біздің клуб итке қатыстының бәрімен айналысады. Ол барлық тұқымды иттерді қамтиды. Сондықтан кез келген иттің (қорашыл төбет болса да) қожайыны клубқа кіріп, өз асырандысын күту жөніндегі қажетті тәжірибені ала алады. Клуб, сондай-ақ, асыл тұқымды иттерді өсірумен айналысады. Бұл мақсатта бізде жақсы тұқым алу үшін жұптарға таңдау жасайтын комиссия жұмыс істейді. Бала кезімнен жан-жануарлардың ортасында өстім, ветеринар болуды армандадым. Бірақ көп жыл бойы мектепте биология пәнінен мұғалім боп сабақ бердім. Жеті жыл бұрын педагогикадан қол үзуге тура келді. Солай боп қалды. Бірақ мен өзімді сүйікті ісіме арнадым, адамдардың басын қосамын деп айтуға болады. Қоғамда 34 адам бар, олар үнемі кездесіп, кеңесіп отырады. Бір-бірінен үйреніп, сүйікті тақырыптары туралы әңгімелеседі. Ал клубтың ең белсенді мүшелері – бұлар Гүлшат ЕСҚАЗИЕВА, Ермек ДАЛАБАЕВ, Игорь КУЗЬМИН, Руслан АМАНБАЕВ, Бекболат ҚАЛИЕВ, Қайыржан ДАЛАБАЕВ, Сұлтан ҚҰСАЙЫНОВ, Мари ҚАДЫРОВА, Мәжит ДҮТМАҒАМБЕТОВ.

 

ОТЫРЫС ЖАЛҒАСАДЫ

Мен апта сайынғы отырыстардың біріне қатыстым.

…Әзірге қожайындар өзара лебіздер айтысып, иттері бір-бірін иіскелеп өз тілдерінше үріп, қожайынымен бірге кездесуге келген жалғыз «бойжеткенге» ықылас білдіріп, бір-біріне ырылдап, еркелеп, құйрықтарын бұлғаңдатуды да ұмытпады. Бұлар бір-бірімен бірінші рет кездесіп тұрған жоқ.

– Сонымен, құрметтілерім, сапқа тұрайық, деді клубқа әзірге достық тұрғыда көмектесіп жүрген қаламыздағы танымал кинолог.

Жиналғандар сап түзеді. Иттер сол жақтарына отыра қалды. Бірақ табиғи ұшқалақтықты жеңу мүмкін емес, біреуі сұлу овчаркаға көз тастап тұр, екіншісі қашып кетсем ғой дегендей басын шайқаса, тағы екеуі бір-біріне ызғарлы түрмен қарап қояды... Қожайындар иттері өздерін тыңдамаса, әжептәуір қысылып қалады екен. Аязға және магнит дауылына сілтеп, ақталып жатқаны күлкілі көрінді...

– Бастапқыда жын соққандай болатын, - деп түсінік береді кинолог. –Иттер үшін осылай кездесіп, бұйрықты орындау әдеттен тыс еді. Иттер де, қожайындары да төбелесіп қала жаздайтын. Бірақ қазір прогресс байқалады, көрдіңіз бе, қалай отырғандарын...

 

Атыраудағы сән. Декоративтік тұқымдылар сәнде емес, олар ірі иттерге орын береді. Бірінші орында – неміс және ортаазиялық овчарка (алабай). Екінші орында - лабрадор. Лабрадор Еуропада да кең таралған. Ол корольдер мен президенттердің, «жұлдыздар» мен қарапайым адамдардың серігі, мүгедектердің, полицейлер мен құтқарушылардың көмекшісі. Үшінші орын кавказдық овчаркаға тиесілі. Ол күтім мен тамақты талғамайды, төзімді, туа біткен сақшылық қасиеті бар. Атыраулықтар қандай итті армандайды? Сібірлік хаскиді, сүңгуірлер, дог, далматылықты ма әлде тазы мен төбеттерді ме? Бірақ, әдетте, олар бағаларын білгеннен кейін сатып алудан тартынып қалады. Кейбір қала тұрғындарының үйлерінде той-терьерлер, чихуа-хуа, мопстар мекендейді. Бірақ олар өте аз.

Иттердің көрмесіне барып көрген едім, ол жерде, әрине, жинақы, іскер, нағыз кәсіпқойлар өнер көрсетеді ғой. Ешқандай да «солға» көз тастау деген жоқ, тек қожайындарына ғана қарап, жарты сөздерінен ұға қалады. Біздікілерге, әрине, оған жету үшін көп уақыт керек. Бірақ бәрі де бір кездері бір қадамнан бастады ғой, солай емес пе?

Бұйрық берілген кезде иттер қожайындарымен бірге айнала жүре бастады: осылайша иттер бұйрықпен қатарласып дұрыс жүруді үйреніп қана қоймайды екен, олардың мінез-құлық тәртібі, тыңдай білу қабілеті қалыптасатын көрінеді. Ал қалғандары – сенім, махаббат, адалдық олардың өз бойларында бар.

 

ГҮЛМИРА

…Егер білмеген болсам, осынау жігерлі, күлегеш Гүлмира қатерлі ісік сырқатына шалдыққан десе, сенбес едім.

– Төртінші кезеңіндемін, – дейді еш дірілсіз ол. – Бірақ мен өзімді тірілей көміп тастаған жоқпын. Иә, физикалық тұрғыда тұрақты түрде жұмысқа баратын дәрменім жоқ. Бірақ жай қол қусырып қарап отыру немесе мүгедектік бойынша зейнетақы алып отыру - менің қолым емес. Осылайша клуб ұйымдастырып, иттермен айналыса бастадым. Көптеген инстанциялардың табалдырығын тоздыруға тура келді, бірақ дегеніме жеттім. Қиын болды, әрине. Химия терапиясын алғаннан кейін екінші-үшінші күндері төсектен тұра алмайтын, үнемі лоқситын кездерім болады. Бірақ жеңілдеген кезде қайтадан алға қозғаламын.

Гүлмираның екі ересек баласы бар. Әке-шешесі де аман-сау. Олар бәрін біледі, түсінеді, бар нәрсеге қолдау көрсетеді. Ал үй ауласындағы учаскеде тағы құйрықты төрт отбасы мүшесі тұрады.

– Олар бәрін сезеді ғой, – дейді мейірлене Гүлмира. – Мен үйге осы диагнозбен келген кезде олар бүкіл кеш бойына айналсоқтап, аяғыма оратылып, көзіме беріле қарап, ылғал тұмсықтарымен алақанымды түрткілеп, мені жұбатқандай болды. Олардың өмірге деген құштарлығы әлі күнге дейін жігерімді жасытпауға дем беріп жүр. Өз туыстарымды да торыққан жүзбен жабырқатқым келмейді. Шын мәнінде өмірге қуанып, мүмкіндігім бар кезде басқаларға қуаныш сыйлауға тырысамын. Осы сырқатпен күрескенде көп нәрсе ішкі жай-күйіңе де байланысты болатынын ұғындым. Сәл босаңсып, торықсам, бірден халім нашарлап кетеді... Қызым Маридің менің ісімді жалғастыратыны жүрегімді жылытады. Ол да өз анасы сияқты. Айтпақшы! Менде қазір жаңа мақсат пайда болды: иттер көрмесін ұйымдастырғым келеді. Шамамен, сәуір айларында. Қиындау болады, әрине, үйден шығуым да сиреп барады. Бірақ бұған қол жеткізетінімді білемін. 

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген Жеңіс ТҰҢҒАТАРОВ

9 қаңтар 2013, 19:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.