Атырау, 23 қараша 18:07
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Атырау шетелдіктер көзімен

4 777 просмотра

Жақында бір танысым ғаламторды қопарып отырып, Атырауда жұмыс істейтін және сонда тұратын экспаттардың осы жердің тіршілігі туралы өз әсерлерімен бөліскен сайтына кез болыпты. Посттардың бірінің авторы (шамасы, жас жігіт болуы керек) өзі сияқтыларға жергілікті тұрғындар тарапынан байқалатын «осынау жас елдегі реніштер мен жек көрушілік» (қаз қалпында) себептерін түсінуге тырысыпты. Біз де осыны ұғынуға тырысып көрелік.

СІЗДЕР ҚАНШАСЫЗДАР?

2012 жылдың 1 қарашасындағы ахуал бойынша, Атырау облысында 6 419 шетелдік азамат жұмыс істеген, оның 90%-ы Қашаған мен Теңіз жобаларының еншісінде. Естеріңізге салсақ, осыдан бір жыл бұрын трансұлттық компаниялар ҚР Президенті жанындағы инвесторлар кеңесі отырыстарының бірінде осы екі жобаға шетелдік мамандарды шектеусіз әкелу құқығын қозғаған болатын.

Бұл былайша көрініс табады: 70 адам – 1-санат бойынша (бірінші басшылар), 2 081 - 2-санат бойынша (директорлардың орынбасарлары мен менеджерлер), 3 869 - 3-санат (инженерлік топ), 399 - 4-санат бойынша (жоғары білікті жұмысшылар). Қандай жағдай болса да, осы цифрларды мемлекеттік органдарға компаниялардың өздері ұсынған.

АТЫРАУДА НЕНІ БІЛГЕН ЖӨН?

Алдымен Атыраудағы экспаттардың өздерінің көңілдерінен шықпайтын нәрселерді айтып өтелік. Бұл туралы тақырыптық сайттардан мәліметтер жинақтадым, олар жеткілікті екен. Шетелдіктердің бірі, бүгінде Атырауда сәулетті кеңселер, жақсы отельдер мен жайлы мейрамханалар бар екенін жазады. Бірақ: «Бұл қаланың басқа да қырлары бар. Адамдардың көпшілігі әлі де болса нашар үйлерде тұрады. Жалақылары айына 500-ден 1000 долларға дейін - бұл бағалары ұшынып тұрған қала үшін өте аз ақша. Бұл мұнай өнеркәсібінде жұмыс істейтін шетелдіктерге деген жеккөрушілік сезімді тудырады. Өкінішке орай, бардан өте кештетіп шығатын шетелдіктерге шабуыл жасау үйреншікті құбылысқа айналған».

«Досым ашық люкке құлап кетіп, аяғын жарақаттап алды. Төңіректе аңғал-саңғал болған шұқырлар, ойдым-ойдым шоқалақ жерлер көп. Сондықтан абай болыңыздар, әсіресе қараңғылық түсе бастаған кезде», - деп кеңес береді басқа бір экспат. Ол таксиге отырмас бұрын алдымен жолақы құнын келісіп алу керектігін айтады: «Егер сіз қазақша немесе орысша сөйлемейтін болсаңыз - бұл қиын. Егер таксист сіздің шетелдік екеніңізді түсініп қалса, құнын екі-үш есе көтеріп жіберуі мүмкін. Ең тиімдісі –таксиге отельден тапсырыс беріп, алдын ала тарифті біліп алу».

НЕНІ КӨРІП, КІММЕН СЕРУЕНДЕУ КЕРЕК?

Жағымды өзгерістердің ішінен ол әуежайдағы тегін Wi-Fi желісінің қолжетімділігін, ал көрнекі жерлердің ішінен Еуропа мен Азияны бөліп тұрған шекара іспетті орталық көпірді атап өтеді. «Жеңіс саябағына да серуендеуге болады. Бұл Авангард тұрғын үй массиві маңындағы өзен жанында, шамамен Renaissance қонақ үйінен екі шақырымдай қашықтықта орналасқан. Саябақтың күйі көңіл көншітпейді, алайда сізге тарих парақтарынан көрініс бере алады. Бұл жерде 2-дүниежүзілік соғыста қаза болғандардың құрметіне арналған мемориал орналасқан. Соған таяу маңда шағын ойын-сауық бағы бар, бірақ оның ашық болғанын көрген емеспін. Барлық бағыттар бойынша тек күндізгі уақытта ғана серуендеуге болады».

«Жергілікті қыздардың бұзылғандығы» туралы пост қызықты көрінді: «Олардың (жергілікті қыздардың – Л.С.) ешқайсысының қаперіне бұл жігіттерді (шетелдіктерді – Л.С.) үйлерінде әйелдері, бала-шағасы күтіп отырғаны кіріп-шықпайды. Оның үстіне Қазақстанда бірнеше әйел алуға тыйым салынбаған. Өз үйінде әйелі мен балалары уайымдап жүрген кезде, осы жерде жергілікті әйелдермен екінші жанұя құрып, өмір сүріп жатқан біршама адамдарды білемін. Мен әзірге үйленбегенмін, сондықтан бұл туралы еркін айта аламын. Егер сіздер отбасылы болсаңыздар және Қазақстанға жолыңыз түсетін болса, менің айтқандарымды ескерерсіздер. Отбасының қалай ойраны шыққанына талай рет куә болдым. Өздері үшін жақсы өмірді қалаған жас қыздарды кінәламаймын, біздің азаматтарымызды да жақтамаймын. Бізге деген жергілікті жігіттердің өшпенділігі сезіледі. Әсіресе бұл 60 жастағы шетелдікті 20 жасар қазақ қызымен бірге көрген кезде байқалады».

Тағы бір жерде: «Американдық қалашықтың қала орталығында орналасуының өзі жергілікті халық арасында жағымсыз әсер тудырады. Егер сіз американдық болсаңыз, онда әсіресе қараңғылық түскеннен кейін жалғыз өзіңіз серуенге шыққанда сақ болыңыз».

Әрине, олар тұрмыстық жайттарға да немқұрайлы қарамайды: жергілікті супермаркеттерде әдеттегі ірімшік түрлері мен жеміс-жидектердің жоқтығынан, оларды ұшақпен үйлерінен әкелуге тура келеді екен. О, құдайым-ай!

МАСКҮНЕМ ДЖОН

Шетелдіктер мен жергілікті тұрғындардың түрлі менталитеттері мен табыстарын ескерсек, мұның бәрін (немесе бәрін дерлік) түсінуге болады. Алайда ызаны келтіретін - басқа нәрсе. Мемлекеттік органдардың тексеру жұмыстарының нәтижесінде «менеджер» ретінде елге қарапайым жұмысшылардың (немесе күмәнді тұлғалардың) келіп, қазақстандық инженерлердің орындарын басып, жұмыс жасап жатқандығы әлденеше рет расталды.  

Өткен жылдың қазанынан бастап мұнай компанияларының корпоративтік сайттарын жайлап кеткен хатта осындай маман туралы айтылған. Әңгіме отандық қызметкердің атынан баяндалады. Онымен таяу уақытқа дейін Қазақстандағы жобалардың бірінде инженер боп жұмыс істеген бұрынғы фермер Джон деген біреу сырын бөлісіпті: «Джон өзі тұратын Галфорт қалашығына жақын маңдағы округтік түрмеде 7 жыл жазасын өтеген. Миссисипи штатында заң қатал, сондықтан оған барға келген бір адамды мас күйінде бейсбол сақасымен ұрып-соққаны үшін қатал жаза беріпті. Содан соң ол 2002 жылы түрмеден босап шығып, полицей учаскесіне әлсін әлі барып, жергілікті шерифке белгіленіп тұруы тиіс болады. Ал содан кейін шериф ауысып, орнына оның бұрынғы әріптесі Джим деген біреу тағайындалады. Вискидің бірнеше бөтелкесі ішілгеннен кейін Джим біздің кейіпкерімізден немен айналысып жүргенін сұрайды. Джон шынын айтып, біреулердің дуалын, біреудің кондиционерін жөндеп беріп, біреуге фермаға қолғабыс көрсететінін, сөйтіп ішкілікке түсіп, өмір сүріп жатқанын айтады. Сол кезде шериф Джонға «Қазақстанда жұмыс жасайтын досым бар, жұмысқа орналастырам» дейді. Үрейлі «стан» деген жалғауы бар сөзді естіген Джон вискиге шашалып қала жаздайды. Ойына қанды Күрдістан, Пәкістан, Ауғанстан туралы көріністер орала кетеді... Ұзақ уақыт бойына беймәлім Қазақстан деген ел туралы естігісі де келмейді, бірақ Джим: ел тыныш, ол жерде жұмысқа оп-оңай алады, ал жалақысы керемет деп, ақыры иландырады.

«Ал білім, жұмыс өтілі қалай болады?»деп сұрайды Джон. «Күлкімді келтірмеші, - деп мырс етеді Джим. – Бұл үшінші әлем елі, ол жерде ешкімге мұның керегі жоқ. Жергілікті жұмысшылар мардымсыз ақшаға тер төгіп еңбектенеді, ал сенің шаруаң - барлығы туралы басшылыққа баяндап отыру. Инженер ретінде орналасып, күніне мың бактан аласың. Зейнетақы алдында әжептәуір ақшаға кенелесің, солай емес пе?». «Ал қыздар жағы қалай?» – деп сұрады Джон. – Мәселен, арабтарда егер сені жергілікті қызбен қатар жүргеніңді көріп қойса, басыңды жұлып алады ғой. Ал ол жақта қалай?» - «Ол жерде ондай игіліктер толып жатыр, - деді көңілденген Джим. – Қарт екеніңе қарамастан, төсегіңе өздері құлай кетеді. Бәлкім, жолымыз болар, пәтер сатып әперер немесе өзімен бірге Америкаға алып кетер деп ойлайды. Жергілікті билікпен жұмыс визасы туралы мәселені шешу проблема емес. Ол жерде бұл шаруа жолға қойылған. Тіпті үндістер мен филиппиндіктерден 500-1000 бактан алуға шімірікпейді. Ал американдықтардан бес мың бактан кем болмайтын мөлшерде сыпырып алады. Бірақ мұның бәрі тез ақталады».

Автор Джонның Қазақстандағы ірі жобада жеті жыл жұмыс жасағанын түйіндейді. Ал шерифтің әлгі досы бұл жерде әлі күнге дейін ірі кеніштегі мұнай ұңғыларын күрделі жөндеу бөлімінде үйлестіруші боп жұмыс істейді екен.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

5 қаңтар 2013, 23:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.