Атырау, 14 қазан 05:28
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Асқар Мамин: «Қарапайым заттар экономикасын» тиімді жүргізу

3 325 просмотра

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру мен жергілікті қамтуды арттыру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біріншіден, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын одан әрі тиімді іске асыру үшін жаңа шаралар қажет, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдікті ұлғайту қажет. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, бір ай мерзімде жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші пакетін әзірлеуді тапсырамын.

Екіншіден, бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларының уақытылы іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда Алматы қаласы, Жамбыл облысы және Қостанай облысы оң мысал бола алады. Ал Қызылорда және Атырау облыстарында көптеген мақұлданған жобалар әлі күнге дейін субсидия берілмеген, аталған облыстарда жобалардың сомасы мен саны бойынша ең төмен өсім байқалады. Осыған байланысты әкімдіктерге мақұлданған жобалар іске асырылғанша оларды жедел қолдауды қамтамасыз ету шаралары қабылдансын», - деді Асқар Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Үшінші, әкімдіктерге экономика салаларындағы жергілікті қамту үлесінің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізіп қана қоймай, олардың белсенді өсуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін Премьердің айтуынша, жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялар алаңын тиімді жұмылдырып, өңірлік бизнес пен маңызды тапсырыс берушілерді тарту керек.

«Төртінші, жыл сайын шамамен 7 трлн теңгені құрайтын жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында да маңызды әлеует бар. Халықаралық тәжірибеден байқағанымыз, отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті қамту бойынша ерікті міндеттемелерді қабылдауы бөлігінде келісімдер жасалады. Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктері жер қойнауын пайдаланушылармен осындай келісімдер жасасу бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлесін.

Бесінші, әзірленген Өңірлердің экономикалық картасы өңірлерді дамытудың барлық негізгі көрсеткіштерін біріктіруге, оларды сапалы мониторингтеуді қамтамасыз етіп, жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Ұлттық палата ұсынған Өңірлердің экономикалық картасын қалыптастыру тәртібін мақұлдауға болады деп есептеймін. Роман Васильевич (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр – ред.), бақылау өзіңізде», - деді Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе Асқар Мамин «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру және жергілікті қамтуды дамыту мәселелері келесі жылдың басында Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін кеңейтілген отырыста қаралатынын атап өтті. Бұған дейін Премьер-Министр «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларының саны 900-ден 2600-ге дейін 2,5 есе артқанын баяндаған еді.

15 желтоқсан 2020, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.