Атырау, 21 желтоқсан 18:26
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Аспанда қалықтаған ару

Сурет Бейнежазба
6 829 просмотра

Қызметі бұлттардың арасында, өмірі жер-көкті шарлаумен өтетін әуе бортсеріктерінің жұмысын көпшілік романтикаға толы, қызығы көп деп ойлайды. Екінің бірі таңдай бермейтін осынау мамандықтың құпиясы туралы атыраулық бойжеткен, стюардесса Динара ЗҰЛХАРНАЕВА әңгімелеп берді.

- Әуе кемесінде төрт жылдан бері қызмет етесіз. Осы уақыт ішінде жолаушылармен болған қызықты оқиғаңызды айтып берсеңіз.

- (Күлді). Түрлі оқиға болды ғой. Жұмысқа алғаш кірген жылдарымда болған оқиғаны айтып берейін. «Атырау-Алматы» рейсіне Атыраудан бірінші рет ұшақпен ұшқалы тұрған ерлі-зайыптылар отырды. Жолаушыларға қауіпсіздік туралы нұсқаманы түсіндіріп болған соң, келіншек өздері ұшуға қобалжып тұрғанын айтып, тыныштандыратын таблетка беруімді өтінді. Кез-келген жағдайға таблетка бере алмайтынымды ескерткенде, ең болмаса бізбен бірге отырыңызшы деп жалынды. Сөйтіп мен ерлі-зайыптылардың ортасындағы орындыққа отырып, олар менің қолымнан қаттырақ қысып, солай ұшқанымыз әлі есімде.

- Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

 - Бала кезімде кинодан, кейін ұшаққа мінген кезде бортсеріктерді көріп, сол қыздардай әдемі форма киіп жүруді, жолаушыларға тыныштық сыйлап, жерден 10 шақырым биіктікте екенімізге қарамай оларға қызмет көрсетуді, қала мен елді аралауды армандайтынмын.

Бірақ бұл мамандыққа бірден келмедім. №22 мектепті бітірген соң Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласына SEGi университетіне оқуға түсіп, «бизнес-менеджмент» мамандығын алып шықтым. Оқуымды аяқтаған соң Атырауға келіп, мамандығым бойынша жұмыс істедім. Бірақ офисте отырып жұмыс істеу ұнамады. Бала кезгі арманым есіме түсіп, неліктен стюардесса болмасқа деп ойладым. Авиакомпанияның сайтына түйіндемемді жолдадым, бірнеше уақыттан кейін келесі кезеңге өткенімді хабарлады. Екінші кезеңде 100 үміткерді Алматы қаласына жинап, әңгімелесуден өткеннен кейін 10 адамды, соның ішінде, мені жұмысқа қабылдады.

- Ата-анаңыз сіздің бұл шешіміңізге қарсы болған жоқ па?

- Әкем алғашында Атырауда өз мамандығыңмен жұмысыңды жаса деп, көзінен таса қылғысы келмеді. Бірақ анам әрдайым менің бастамаларымды қолдап жүреді. Кейін әкем де жұмысымды жақсы көретінімді түсініп, оң көзқарасын білдірді.

- Ата-анаңыз кім болып жұмыс істейді?

- Әке-шешемнің екеуі де теміржолшылар. Осы салада еңбек етті, қазір жеке кәсіппен айналысады. Өзімнен кейін екі сіңлім бар. Кенжесі биыл мектеп бітіреді. Ол да менің жұмысыма қызығып, авиация саласына ұшқыш мамандығына оқуға түсуге дайындалып жүр. Бұл негізінен мүмкін, бізде гендерлік белгі бойынша «мамандыққа тыйым» жоқ.

«МАМАНДЫҒЫМЫЗДА ЖАҒЫМСЫЗ ОЙЛАРҒА ЖОЛ ЖОҚ»

- Әуе бортсерігі болу үшін қандай қасиет қажет?

- Ең алдымен ҚР азаматы болуы шарт. Жас ерекшеліктері де бар. Мәселен, мен қызмет ететін «Scat» авиакомпаниясында 25 жасқа толғанша жұмысқа орналасу керек. Бойың 165 сантиметрден ұзын, қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлеп, денсаулығыңда кемшілік болмау керек.

- Сіздің мамандық иелеріне қандай жеңілдіктер беріледі?

- «Азаматтық» өмірде жолаушылар авиарейстеріне отбасы үшін кез-келген бағытта 90% жеңілдікпен билет беріледі. Атап айтқанда, ата-анасына, күйеуіне, аға-іні, әпке-сіңлісіне және балаларына. Ал өзіміз тегін ұшамыз. Еңбек демалысы жылына 29 күннен екі рет беріледі.

- Өзіңіз қанша тіл білесіз? Қандай елдерге сапар шектіңіз?

- Айтып өткенімдей, үш тілді және араб тілі мен малай тілін білемін. Туристік бағытта баратын елдердің көбіне бардым – Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Таиланд, Түркия, Молдавия, Мысыр және т.б.

- Танымал фильмде кеңестік дәуір кезінде Мимино шетелдік дүкеннен өзінің ең жақын досы Хачикянның балаларына жасыл «крокэдайл» сатып алуға ғана үлгеретінін көретінбіз. Қазір қалай? Бару-келу ғана ма, әлде ұшып барған елде қыдыруға уақыт бола ма?

- Бәрі ұйымдастырушыларға байланысты, бір күн, кейде он күн, әрқалай. Экипаж мүшелерімен бір қонақ үйде жатамыз. Әлдебір елде бірнеше күн қалуға мүмкіндігіміз болса, бірге қыдырып, барған елдің мәдениетімен, тарихымен танысамыз. Бірақ біз әрқашан бір экипажбен ұша бермейміз, әр рейс сайын құрам ауысып тұрады. Өзара түсіністікті сақтап, ұсақ-түйекке ұрыс-керіс шығармау маңызды. Бізде отбасылы әріптестеріміз де көп. Күйеуі ұшқыш, әйелі бортсерік болса, екеуі бірге ұша алмайды. Өйткені оқыс оқиға болса, бір ата-ана баласының қасында қалу керек деген қағида бар.

- «Оқыс оқиғаға» қатысты өзіңіз кездейсоқ айтып қалдыңыз, мен бұл сұрақты шынымен қойғым келмеп еді. Статистикаға сүйенсек, әлемде жыл сайын жолаушылар мінген ұшақта бірнеше әуе апаты орын алады, әдетте, борттағылардың тірі қалу мүмкіндігі аз болады.

- Бәрі Алланың қолында ғой және экипаждарымыздың жоғары біліктілігіне сенімдімін. Біздің мамандықта жағымсыз ойларға жол жоқ. Бізді барлық болуы мүмкін тосын жағдайларға үйретті: өрт сөндіруді, босандырып алуды, т.б.


«ӘЗІРГЕ ЗЕЙНЕТКЕРЛІКТІ ОЙЛАҒАН ЖОҚПЫН»

- «Жұлдыздармен», яғни, танымал жандармен ұштыңыз ба? 

– Отандастарымызбен жиі ұшамыз. Әлемдік жұлдыздардан - Геннадий Головкинмен, Хабиб Нурмагамедовпен ұштым. Мұндай «жарық жұлдыздар» ұшақты түгел жалдап алып, тек өздері ұшады. Қазақстандық «жұлдыздар» басқа жолаушылармен бірге ұшады.

- Жаңа жыл келе жатыр. «Тағдыр тәлкегі» фильмінде адамды қалай ұшаққа отырғызғанын, ол «ұйықтап» ұшқаны, содан кейін оның өмірінде үлкен өзгерістер болғаны есіңізде шығар. Жолаушы ер адамдардың ішімдік ішпей, сау күйде ұшаққа отыра бермейтінін де білемін. Сіздер бұл мәселені қалай шешесіздер?

- Бұл жерде нақты жағдайларға байланысты әр түрлі әрекет етеміз. Өзін ұстай алатын, есі дұрыс жолаушы болса, ішімдік ішсе де ұшаққа отыра береді. Біз әрқайсының қандай көңіл-күймен кіріп келе жатқанынан бақылаймыз. Кім қалай амандасты, көңіл-күйі қандай бәріне мән береміз. Кейде басқаша жағдай орын алып жатады. Жақында Атырау әуежайының перронында ішімдік ішкен болуы керек, жас жігіт ұшақтың қасында темекі шегіп тұрды. Қозғалтқыш қосылып тұр, ұшақтың қасында шылым шегуге болмайды деп ескерткеніміз сол еді, темекісін ұшаққа қарай лақтырып жіберді. Біз темекісін алып өшіріп, ал жігітті рейстен шығарып тастадық.

- Көпшілікті стюардессаның еңбекақысы қанша болатыны қызықтырады.

- Еңбекақы бортсеріктің санатына байланысты. Алдымен жұмысқа тұрғанда қатардағы бортсерік болып жұмыс жасаймыз, бір жылдан соң өзіңді жақсы жағынан көрсетсең, аға бортсерік боласың. Мен қазір аға бортсерікпін. Әр санат бойынша өз еңбекақысы болады. Одан бөлек, әуеде неше сағат ұшқаныңа байланысты қосымша ақы төленеді. Бірақ нақты сомасын айта алмаймын, бұл құпия.

- Жалпы неше жасқа дейін стюардесса болып істеуге болады? Келісімшартта тұрмысқа шығуға болмайды деген тармақ бар ма?

- Біздің компанияда ондай шектеу жоқ. Декреттік демалыстан кейін де тест тапсырып, жұмысты жалғастыра алады. Әрі қарай зейнеткерлік жасқа жеткенше жасай алады. Бірақ мен бұл туралы әзірге ойланбадым (күледі).

- Аспан көгінде сіздің жарқын келбетіңізге көз салып, телефон нөміріңізді сұрайтын жігіттер бар шығар?

- Иә, болады. Есімімді жазып, гүл тастап кететін жігіттер баршылық.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

15 желтоқсан 2020, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.