Атырау, 14 қазан 09:23
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Президент жаңа заң әзірленіп жатқанын айтты

3 469 просмотра

Қазақстанда қайырымдылық туралы жаңа заң әзірленіп жатыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының жабылуына арналған рәсімде айтты, деп хабарлайды Ақорда

"Әлеуметтік бағыттағы қызметті ынталандыру және оны қолдаудың баршаға түсінікті әрі тиімді құқықтық тетіктері қажет. Қайырымдылық ұйымдарының жеңілдетілген кредит алуына, мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдікпен пайдалануына мүмкіндіктер жасау керек", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесін ойластыруды тапсырды. Бұл тізбе осы саладағы барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебімен танысқысы келетін кез келген азаматқа қолжетімді болуы тиіс, деді президент.

Мемлекет басшысы еріктілікті дамытудың жол картасын әзірлеп, волонтер даярлауға арналған бағдарлама қажет екенін жеткізді. Алдағы уақытта волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандарты жасалады. 

"Жалпыұлттық деңгейде "Қайырымды істер" марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді  арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді нығайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор", - деп атап көрсетті Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, мерейтойлық шаралардың әрқайсысы терең, мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс. Сонымен қатар, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. 

"Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ, жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз", - деді Тоқаев Волонтер жылының жабылуына арналған шарада.

8 желтоқсан 2020, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.