Атырау, 14 қазан 09:25
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Еркінқаладағы бекіре зауыты жаңартуды қажет етеді

Сурет Бейнежазба
6 698 просмотра

Қала сыртындағы Еркінқала ауылында орналасқан Атырау бекіре балық өсіру зауыты қазір қандай күйде? «АЖ» тілшісі тозығы жеткен зауытқа реконструкция қажет екенін көріп қайтты.

Мұнай компаниясының демеушілігімен 1998 жылы салынған бекіре зауыты бүгін қолда бар құрылғылармен, техника көмегімен Каспий мен Жайықтағы бекіре балығының қорын сақтап қалуға тырысуда. Алайда материалдық базасын жаңарту керек. Мәселен, балық аулайтын 7 кеменің 5-еуі істен шыққан, автопарк ескіріп, жыл сайын жөндеуден көз ашпайды.

- Біздің зауыт коммерциялық қызмет көрсетпейді. Яғни, балықты сатумен немесе экспортпен айналыспаймыз. Каспий теңізінен бекіре тұқымдас балықтарды ұстап, зауыт ішінде бағып, шабақтарын алып, кейін теңізге жіберіп қоямыз. Қазір бәрі ескірген. Жылдық көлемді екі есеге дейін ұлғайтқымыз келсе де, қолымыз байлаулы,- дейді Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашиден ҚАЛИДУЛЛИН. - Бәрін қолмен жасаймыз. Су айдайтын құрылғымызды, электрлі аспаптарымызды, трансформаторлардың бәрін ауыстыру керек. Тағы бір проблема - су тайызданған сайын бізге су тарту қиындап бара жатыр. Сол себепті өзіміз су қорын сақтауымыз керек, алайда сақтайтын жер жоқ.

Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Рашиден ҚАЛИДУЛЛИН

Р. Қалидуллиннің айтуынша, қазір Жайық өзеніндегі хлорид көрсеткіші 200-ден асып кеткен. Бұл балықтар үшін қауіпті деңгей деген сөз:

Кезінде 50,60,70 қана болатын. Ал қазір көрсеткіш 200-ден асып тұр. Сол себепті бекірені өзіміздің тоғанда өсіру керек.

- Өткен жылы Жайық өзенінде жаппай балық қырылған кезде зауытта қандай да бір қиыншылықтар болды ма?

Бізде балық қырылған жоқ. Бірақ 10-12 балығымыз ауырды. Сол кезде дәрі-дәрмегін беріп, аман алып қалдық.

Зауыт республикалық бюджеттен жылына 120 млн теңге көлемінде субсидия алса, оның 80%-ы зауыт қызметкерлерінің жалақысына кетеді. Алайда қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, зауыт  мемлекеттік тапсырысты толығымен орындап келеді.

Атырау бекіре балық өсіру зауытының цех меңгерушісі Гүлшат ШАЙДУЛЛИНА:

Су тапшылығын қатты сезініп отырмыз. Бассейндеріміз де тозып жатыр. Қазіргі заманғы зауыттарда заманауи бассейндерде жем өз уақытында автоматты түрде берілсе, біз қолмен жемдеп отырмыз. Болашақта шабақтарды шығару көлемін ұлғайтамыз десек, көп нәрсені ауыстырып, жаңартуымыз керек.

Бұл зауыттың жағдайы тек мемлекет қолдауымен ғана шешіледі. Себебі, кәсіпорын мұнайлы астанада орналасқанымен, экология министрлігіне қарайды. Сондықтан мәселе республика деңгейінде шешілуі тиіс. Биыл бұл мәселе үкімет басшысының да құлағына жеткен. Енді зауыттағылар көп ұзамай жақсы өзгерістер болады деп үміттенеді.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

8 желтоқсан 2020, 14:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.