Жақында «AЖ»-ға берген сұхбатында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Омар БЕРЖАНОВ Каспий жағалауындағы қамыстың жиі өртену себебін атаған еді. Оның пікірінше, аңшылар жаққан оттары мен темекі тұқылдарын сөндірмей тастап кетеді. Алайда, облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамының өкілдері мұнымен мүлдем келіспейді. Олар Кеңөзек ауылдық округі тұрғындарының өздері өртейді деседі. «AЖ» осы шырмалған хикаяны анықтауға тырысты.
АҢШЫЛАР ҰСТАНЫМЫ
Кәсіпкер-аңшы Ерік БОТАХАНОВТЫҢ пікірінше, қамысты Кеңөзек ауылдық округінің мал ұстайтын тұрғындары әдейі өртейді.
- Олар мұны малға азық болатын құрақ өсіп шықсын деп жасайды, - дейді Ботаханов. - Аңшыларға ол неге керек? Егер мен қамысты өртесем, өзім тұншығып қалам ғой. Өзім құс аулаймын, ал маған оларды үркітудің қажеті қанша?
Е.Ботахановтың айтуынша, аңшылар от жағуды әлдеқашан тоқтатқан, енді олар газ жанарғысын қолданады:
- Газ жанарғысы әр жанармай бекетінде 350 теңгеден сатылады. Олардың көмегімен шай қайнатып, кешкі ас дайындаймыз. Бұл от жағып пісіргеннен әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам. Аңшылар жағдайы бар, ауқатты адамдар. Көпшілігінде жылжымалы қолжуғыш, мобильді монша бар, олардың құны 750 мың теңге тұрады. Жұмсақ жерде ұйықтаймыз, жылы сумен жуынамыз. Жабайылық деген жоқ. Әр адам өзімен бірге қоқыс салатын үлкен қап алып жүреді. Қоқысты жинап, шұңқыр қазып, газ жанарғысының көмегімен өртейміз. Бұлай етпейтін бірді-екілі ақылсыз бар екенін жоққа шығармаймын. Бірақ мен оларды аңшы деп атағым келмейді. Басқасының бұған қатысы қанша?
«БҰЛ БІЗ ЕМЕС, БІЗДІҢ ӨЗ ЖЕРІМІЗ БАР»
Осы әңгімеден кейін Кеңөзек ауылдық округіне бардым. Жергілікті тұрғындар жазда, жел оңтүстіктен соққан кезде ыстың иісінен тыныс алу мүмкін болмайтынын айтады. Ал салқын түскен кезде, күз бен қыста жел солтүстіктен соққандықтан иіс онша білінбейді. Айтпақшы, Кеңөзек ауылдық округінің құрамына Тасқала 1, 2, 3 және Зарослый ауылының учаскесі кіреді. Бұл округті Тасқала ауылы деп атайды.
- Қамысты өртеудің қажеті қанша бізге? Оның үстіне жағалау батпақты жер, ол жерге бара алмаймыз. Біз де аңшылардың ісі деп ойлаймыз. Олар аң аулап қана қоймай, жай демалуға барады. Мас боп шығатындарын талай көрдік. Ал бізде бірде-бір балықшы да, аңшы да жоқ. Бәрі мал шаруашылығымен айналысады. Бәрінің мал жайылатын өз жері бар. Бізге енді ыстың иісі жетпей тұр еді, онсыз да күн сайын АМӨЗ күкіртінің иісін жұтып отырмыз, -дейді Тасқала ауылының тұрғындары.
Жергілікті тұрғын Мария БАЙМЕШЕВА көп жылдан бері мал ұстайды екен.
- Өзіміздің жеке шаруа қожалығымыз, АМӨЗ сарқынды сулар каналының бойында өз жайылымдық жеріміз бар. Ол жерде шөп пен қамыс өседі. Біз оны өртемейміз, шауып аламыз, - дейді ол.
Ауыл тұрғындарымен сөйлесіп болған соң дүкен қасында «Нивасының» жанында тұрған аңшыны кездестірдім. Бұл жұма күні болатын. Ол өзін таныстырудан бас тартты, бірақ камераға сөйлеуге келісті. Оның пікірін болжау қиын емес еді: аңшылардың бұған еш қатысы жоқ, малшылар кінәлі дейді ол:
- Бұрын су болды, қамыс өсетін, ал қазір екінші сайда су жоқ, сондықтан олар мал азығына құрақ өсіп шықсын деп ескі қамысты өртейді. Бізге оны өртеудің не қажеті бар? Қамыс болмаса – жабайы құс та, үйрек те, қабан да болмайды ғой.
- Мүмкін, әдейі өртемейтін шығар, біреулер сақтық шараларын сақтамай, жаққан отын, темекі тұқылдарын өшірмей кететін болар.
- Жоқ, қазір аңшылардың бәрі газ балонын пайдаланады. Ешкім от жақпайды, оның мәнісі жоқ. Жылдар бойы аң аулауға шығып жүрмін, бірақ соңғы жылдары ғана қамыс өртенетін болған. Бұрын ондай болмап еді.
«ЖЕР ӨРТЕСЕК ЕСКЕРТЕМІЗ ЖӘНЕ ЖАҒАЛАУДА ЕМЕС»
Осыдан кейін мен Тасқала ауылының әр жерінде мал ұстайтын және жеке жайылымдық жерлері бар бірнеше фермермен телефон арқылы сөйлестім. Ол жерлерде қыстық шөп те дайындалады. Бәрі дерлік Каспий жағалауындағы қамысты өртеуіміз мүмкін емес деп жауап берді. Айтатын уәждері таныс: ол жерге бару мүмкін емес және мал жеуге шөбі жеткілікті өз жайылымдары бар.
- Перетаска каналының бойында АЖЭО-ның техникалық суы ағып жатқан өз жайылымдық жерім бар. Су көп болып, учаскелерімізге жайылған кезде шөп, әсіресе, қамыс жақсы өседі. Бірақ, өкінішке орай, батпақ болғандықтан бізге шөп шабу үшін трактормен жету қиын. Шөпті су кеткен кезде шабамыз. Иә, біз кейде трактор өту үшін қураған шөпті, жыңғылды жағамыз. Өртейтін алаң шамамен 10 сотық жер болады. Бұл туралы міндетті түрде ауылдық округ әкімшілігіне алдын-ала хабарлаймыз және өрт қауіпсіздігін сақтаймыз, - дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан қожалық иесі.
Бауыржан ЕМБЕРГЕНОВ, «Әліби» шаруа қожалығының өкілі:
- Осы күзде Каспий теңізінің жағасында ауылдан 30 шақырым жерде қамыс жанды. Бұл бізден өте алыс, оған жете алмаймыз, ол бізге қажет те емес. Менің жайылымдық, шабындық жерлерім ауылдан 14 шақырым жерде орналасқан. Біз ол жерде малымызды жайып, шөбін шабамыз, бізге осы жеткілікті. Ал аңшылар жауапкершіліктен жалтару үшін бізден көріп отыр.
«МАС АДАМДАР ЖҮРЕДІ, ҚҰЖАТЫН КӨРСЕТЕДІ»
Келесі күні тағы да Кеңөзек ауылдық округіне бардым. Қамыс жанған кезде жағалауға ең жақын - 20 шақырым жерде орналасқан «Қапаш» шаруа қожалығының 300 гектар жайылымдық жері бүлінді. Шаруа қожалығының жетекшісі Жексенбай АМАНҚОС желдің әсерінен өрттің өз жеріне жайылғанын айтады.
- 20 жыл бойы шөбімді шауып алып жүрмін, жерімді ешқашан өртеген емеспін. Жерім тегіс, оңай жыртылады, яғни, трактор оңай жүреді. Қараша айының басында ТЖД басшысы тұрғындармен жиналыс өткізіп, өрт сөндіргеннен кейін қамыс арасынан аңшылардың «Нивасы» табылғанын, оның глушителі жанғанын айтқан еді, - дейді Жексенбай аға.
Оның айтуынша, қамыс әдетте күзде, аң аулау маусымы қызған шақта өртенеді екен.
Сұхбаттасушым тағы бір өзекті мәселені көтерді:
- Өз жерімізде жұмыс істеп жүргенде мас адамдарды жиі кездестіретінбіз. Біздің жігіттер шөп шабуға кедергі келтіргенін, жеке меншік жер екенін ескерткенде, олар әлдебір құжатты көрсетіп, біздің оларға талап қоюға құқығымыз жоқ екенін айтады. Жақында бір адам машинасына қайыршақты толтырып тиеп алды. Менің жерімде не істеп жүрсің дегенде, оны тоқтатуға құқығым жоқ екенін айтып, ашулана жауап берді. Міне, біздің жағдай осындай. Өз жерімізде түсініксіз арсыз адамдар бізді басынатын болған, - дейді фермер қынжылыспен.
Айтпақшы, ол да басқалар сияқты қысқа жеткілікті шөппен қамданып алған.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор