АҚШ Шыңжаңда ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де түркітілді мұсылман топтардың қудалануына байланысты Қытай билігіне экономикалық қысымын үдетті. 2 желтоқсанда АҚШ кеден және шекараны қорғау қызметі Шыңжаң өндіріс және құрылыс корпорациясы (Xinjiang Production and Construction Corps) импорттайтын мақта және мақта өнімдерін бұғаттайтынын хабарлады. Корпорация бұл өнімдерді адамдарды мәжбүрлеп жұмысқа салып, өндірген деп айтылады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Бұл корпорация Қытайда шығатын мақтаның - 30 пайызын, әлем бойынша 6 пайызын өндіретін жартылай әскери ірі компания.
АҚШ осыған дейін де Шыңжаң өлкесінде адам еңбегін қанау арқылы өндірілген өнімдерге тыйым салған. Шілде айында АҚШ қаржы министрлігі Шыңжаң өндіріс және құрылыс корпорациясымен жүргізілетін барлық қаржы операцияларына тыйым салған. XPCC - АҚШ кеден және шекараны қорғау қызметі соңғы айларда өнімдеріне тыйым салған қытайлық алтыншы компания. Вашингтон Қытай билігі ұйғыр мен өзге де этникалық топтарды қудалады деп айыптайды.
"Әрбір америкалық компания мен тұтынушы Қытайдың Шыңжаң аймағында жүйелі түрде мәжбүрлеп еңбекке жегу мәселесіне алаңдауы керек. Мәжбүрлі еңбекке жегу - бұл адам құқығын өрескел бұзып, денсаулығы нашар жұмысшыға нұқсан келтіреді, әлемдік тауар айналымында әділетсіз бәсекенің орнауына ықпал етеді" деді АҚШ кеден және шекараны қорғау қызметі комисссары Марк Морган.
Бұл Қытай билігіне қысымын үдетуді көздеген президенттік өкілетінің аяқталуына аз қалған Дональд Трамп әкімшілігінің соңғы қадамдарының бірі. Конгресс те Шыңжаңдағы адам еңбегін қанау фактілеріне байланысты ол жақтан импортталарын тауарлардың барлығына тыйым салуды қарастыратын заңнама қарастырып жатыр.
2017 жылдан бері Қытайға Шыңжаңдағы концентрациялық лагерьлерге миллионға жуық мұсылманды қамап, азаптады деген айыптаулар айтылып келеді. Қытай "қайта тәрбиелеу және кәсіп үйрету орталықтары терроризм мен экстремизммен күрес үшін қажет" дейді.