Атырау, 18 сәуір 22:43
 ашықВ Атырау +18
$ 448.89
€ 477.93
₽ 4.76

"Полицейлердің өзі білмейді": депутат жүргізуші куәлігін алу емтиханын сынға алды

2 861 просмотра

Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында жүргізуші куәлігін алу үшін өткізілетін емтихан сұрақтарын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Депутат қолданыстағы жол қозғалысы ережелерінің кейбір тармақтарын қайта қарап, оңтайландыру қажет деп санайды.

"Жүргізуші болам деген үміткерге арналған 1000 сұрақтың ішінде әрбір тесте 40 сұрақ бар. Олардың кем дегенде 34 сұрағына дұрыс жауап беру шарт. Өкінішке қарай, пайдасыз сұрақтар да жоқ емес. Кейбір жол полициясы қызметкерлерінің өздері де дұрыс жауабын айта алмайды", - деді Мыңбай.

Ескірген автокөліктер

Депутаттың айтуынша, тестілерде қазіргі заманғы автокөліктердің техникалық сипаттамасы туралы сауалдар қарастырылмаған.

"Тестілер қазіргі заманғы автомобильдердің бүгінгі техникалық сипаттамаларына емес, "Жигули", "Москвич" және бұрынғы КСРО-ның басқа автокөліктерінің техникалық мүмкіндіктеріне негізделген. Мысалы, қазіргі көліктерде ABS, SRS, ASC және басқа да жүйелер орнатылған. Болашақ жүргізушінің бұл жүйелер туралы білімін тексеретін сұрақтар жоқ", - деді депутат.

Сондай-ақ, мәжілісмен көлікті жүргізіп үйрену практикасына берілетін уақытты арттыру қажет деп ойлайды.

"Жекелеген өңірлерде мамандандырылған автодромдар мен емтихан машиналары моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Бұл істе халықаралық тәжірибені де ескерген жөн. Біздіңше, бұл жерде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті пайдалану үшін үлкен мүмкіндіктер бар", - деді Мыңбай.

Талапты қатаңдату керек

Бұдан бөлек, депутат жүргізуші куәлігінен айырылғандар үшін талаптарды күшейтуді ұсынды.

"Жүргізуші куәлігінен айырылған адамдар қайта емтихан тапсырған кезде, оларға жалпы негізде емес, айрықша қатаң талап қою қажет. Мұндай тәртіп бұзушыларға сақтандыру полисін бермеу үшін жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы деректерді бірыңғай базаға біріктіру қажет", - деп есептейді ол.

Айтуынша, базаға енбеген сақтандыру компаниялары жүргізуші куәлігінен айырылғандарға сақтандыру полисін беруді жалғастыруда.

"D" санатын алу қиындауы мүмкін

Сонымен қатар, жолаушылар таситын көлік пен автобусты жүргізуге рұқсат ететін "D" категориясын алуға талаптарды күшейту ұсынылды.

Қажет болса, бұл категория үшін үміткердің еңбек өтіліне, жасына, денсаулық жағдайына (анықтамаға қол қойған дәрігердің жеке жауапкершілігі болуы тиіс) ерекше талап қоюды міндеттеу керек, деп санайды Мыңбай.


24 қараша 2020, 15:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.