Атырау, 11 желтоқсан 21:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

2013 жылдан не күтеміз?

4 184 просмотра

2012 жыл да кетті. 2013 жылдан не күтеміз? Міне, біз осындай сұрақтармен танымал оппозициялық саясаткер Ә. Қосановқа және бүгінгі күні жабылған, алайда өткен жыл бойы ең әйгілі саяси сайт болған - Гүлжан.оргтің редакторы Г. Ерғалиеваға хабарласып, келер күнге өз болжамдарын беруін сұрадық.

Ә. ҚОСАНОВ, «АЗАТ» ЖСДП-ның бас хатшысы:

«А» ДА ЖОҚ, «Б» ДА ЖОҚ

1. Президент 2011 жылдың соңынан басталып, 2012 жыл бойы өрістеген (Жаңаөзен, Арқан-Керген, терактілер, жемқорлық жанжалдар) саяси дағдарысты реттей ала ма? «Мұрагер» деп шартты аталатын операцияның» жүзеге асуы мүмкін бе?

- Меніңше, билік болып жатқан қайғылы оқиғалардың пайда болу себептерімен емес, оның зардаптарымен күресіп жатыр. Барлық аталған оқиғалардың басты себебі биліктің қоғаммен санаспауы, азаматтарда маңызды деген саяси шешімдерді қабылдауға әсер ететін, сондай-ақ, биліктің барлық салалары қызметтерін тиімді бақылайтын шынайы механизмдердің жоқтығы болып табылады. Бізде, орталықта болсын, жергілікті жерлерде болсын, биліктің өркениетті түрде ауысуы қалыптаспаған. Министрлер мен әкімдерге осы лауазымдары мұраға қалғандай болып сезіледі.

Қалған себептер – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі, жұмыссыздық, жастардың болашаққа сенімсіздігі, діни сауаттың төмен деңгейі және т.б. да маңызды, бірақ ағымдағы мәселелер.

Мұрагер тұрғысына келсек, жақын маңда президент өз өкілеттілігін біреуге тапсырады деп ойламаймын. Бұл туралы барлық жиілеп кеткен әңгімелер - «мұрагер» болғысы келетіндердің өздерін жарнамалауы немесе президенттің өз ортасын тексергісі келген айлакерлік тәсілі.

2. Қазіргі уақыттағы беделді саяси тұлғалар ішінен біреуінің отставкаға кетуін немесе жаңа тұлғалардың пайда болуын күтесіз бе?

- Үкіметтің теледидар бетінен себепті-себепсіз жиі көрінуі, әзірге, менің ойымша, билік құрамының жақтастардың мызғымас командасы ретінде қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Оның құрылуына бірнеше әсер ету топтарының араласқаны білінетін сияқты.

Келе жатқан жылда ушығып тұрған кландар күрестерінің зардабынан кейбір орын ауыстырулар болуы мүмкін. Қоғамға жексұрын көрінген, көп сыналатын тұлғалардың бірі құрбандыққа берілетін шығар. Алайда, мұндай бірен-саран кадрлық өзгерістер үкімет жұмысы сапасына әсер етпейді деп ойлаймын.

3. Атырау облысының бұрынғы әкімі Б. Рысқалиевтің қызметіне соңғы жылдардағы ірі жемқорлық жанжалдарға байланысты президент тарапынан, оның әкімшілігінен немесе парламенттен саяси баға беріле ме екен?

- Сіздердің әкімдеріңіз – кінәрат артуға болатын әкімдер шоғырынан жалғыз емес. Жүйе сондай. Әрине, оған және оның командасына тағылған айып мұқият тергеуді қажет етеді.

Рысқалиевтың жағдайында барлығы оның оған тағылып отырған айыптарға кінәлі-кінәлі емес екендігіне емес, Ақорданың саяси қалауына байланысты шешіледі. Яғни, бәрі де мүмкін.

4. Қазақстанның Кедендік одақтан шығуы мүмкін бе?

- Біз жақтастарымызбен бірге осы мәселе бойынша референдум өткізілуі тиіс деп әрекеттенген едік. Алайда билік бізге еш кедергісіз осы маңызды да өте қажетті саяси науқанды өткізуге мүмкіндік береді деп ойламаймын. Бірақ мен үшін осы жұмыстың ең маңыздысы - ағарту, халыққа түсінік беру сияқты бөліктері. Азаматтарға осындай теңқұқылы емес одақтан келетін анық және жасырын қауіптер туралы айту керек.

Әрине, басқа елдермен, әсіресе көршілермен әріптестік, достық, сол сияқты экономикалық, мәдени және адами қарым-қатынас орнату қажет-ақ. Алайда бұл үшін құқықтар мен өкілеттіліктерді қатаң шектейтін одаққа кірудің керегі қанша?!

Бізде, егеменді ел ретінде сыртқы экономикалық және сыртқы саяси мәселелерде маневрлар жасайтын мүмкіндіктер болуы керек. Ал билікке келсек, оларда КО-дан шығатын ой да жоқ.

5. Бұқаралық әлеуметтік наразылық акциялары мүмкін деп ойлайсыз ба?

- Бұл бірқатар факторларға байланысты. Біріншіден, билік қарапайым халықтың тұрмыс жағдайының күрт төмендеуін тоқтата ала ма? Әзірге мен үкімет жария еткен (тілдерінен кім тартты екен?) дағдарыстың екінші толқыны жағдайында орындалатын «А» және «Б» жоспарларын көріп отырған жоқпын.

Екіншіден, оппозицияның өзін қалай ұстайтындығына көп нәрсе байланысты. Қазір ол әр түрлі (бұлай болуы дұрыс та!), оған кіретін ұйымдар мен тұлғалардың наразылық акциясын жүргізу сияқты мәселелерге өздерінің көзқарастары бар. Сонымен қатар біздегі бейбіт митингілер мен шерулер туралы қатаң репрессиялық заңнамаларды ескермеуге болмайды.

Қарасаңыздар, орталықта, әсіресе, жергілікті жерлерде қалыптасып отырған жағдайға наразы, немқұрайдылықтан ада, өз пікірін ашық айтатын азаматтар көбейе түсуде. Бұл - билік үшін үлкен белгі. Осы мәселелердің барлығын көзі ашық адамдармен біріге отырып шешуге болады. Бірақ, бұл бөлек әңгіме...

 

Гүлжан ЕРҒАЛИЕВА, Guljan.org-тің бас редакторы: «ОЛАР ЕШКІМГЕ КӨНБЕЙТІН БОЛЫП КЕТТІ»

1. - Менің ойымша, бізде саяси дағдарыс емес, билік дағдарысы болып жатыр, бұл екеуі - екі бөлек нәрсе. Билік көптен бері жиналып қалған әлеуметтік мәселелерді шешудің орнына оларды ығыстырып, «қатырып» қоюды жалғастыруда. Мен осы проблемалардың барлығын келер жаңа жылда да, одан кейінгі жылдарда да шешуге болады деп ойламаймын. Мәселен, сіздердің өңірлеріңізде элитаішілік жүйелік дағдарысты көріп отырмыз. Жағдайды жақын маңда түбегейлі сауықтыру мүмкін емес шығар. Ресми билік өткен жылда жағымды оқиғалардан гөрі жағымсыздары басым болғанын түсіне бастады.

Мұрагер жайына келсек, мен президенттің өзі де, айналасындағы адамдар да мәңгілік еш нәрсе жоқ екендігін, кездейсоқ форс-мажорлы жағдайлар, сондай-ақ, өткен жылда өзіміз куә болған арандатушылықтар да болуы мүмкін екенін мойындауға мәжбүр болды деген пікірмен келісемін. Мүмкін бұлай жасауға біздің елімізге үлкен инвестициялар салып отырған және сол қаражаттарының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп отырған халықаралық қауымдастық та талап етіп отыр ма? Сондықтан да, мен мұндай операцияны біреу дайындап жатыр деп ойлаймын. Ал үміткерлер турасына келетін болсақ, Конституция бойынша президенттің іс-әрекетке қабілетсіздігі жағдайында автоматты түрде билік қолына көшетін сенат төрағасында үміт жоқ. Сенат жетекшісі – бұл формальды тұлға екенін бәріміз түсінеміз. Біз білетін отбасы мүшелері ішінен немесе ескі ортасынан, менің ойымша, мұндай үміткер жоқ сияқты. Өйткені, бұлардың барлығы ескі жүйемен байланысты ғой. Меніңше, бізде бір кезде Ресейде болғандай нұсқа – ешкім білмейтін Путин бір күнде РФ-ның президенті бола қалған оқиға қайталануы мүмкін.

2. - Қазақстанда жоғары деңгейдегі отставкалар жоспар бойынша немесе сіңірген еңбегіне байланысты болмайтынын түсінуіміз керек. Бәрі кездейсоқ болады және жағдайға байланысты. Егер осындай шиеленіс жалғасатын болса, отставкалар міндетті түрде болады. Нақты тұлғалар туралы айту қиын, тек жорамалдауға ғана болады. Бізде барлық «майданда» да жағдай мәз емес. Егер үлкен әшкерелеулер, жариялы қудалаулар бола қалса, мұны белгілі басшылар өз қызметін атқара алмағанынан деп түсінбеуіміз керек. Бұл, Атыраудағы оқиғалардай, бірінші рөлге қол созбаса да, тәуелсіз болу үшін өз жолдарын ашуға  ұмтылған топтың әшкереленуі екенін білуіміз керек. Мұнда төменгі сатысы Атырауда, жоғары жағы Астанада отырған өте мықты топ әрекет етті. Бұл топтың дербестігінен, болашақ әлеуетінен қорыққан Ақорда оларды оқшаулауға мәжбүр болды.

 

3. - Мұндай баға берілу керек, бұл - қоғамның қарапайым ғана сұранысы. Жоғары лауазымдарда осындай көлемде үлкен жемқорлық қылмыстар жасалып, оған әкімнің қатысы жоқ болуы мүмкін емес. Бұл - саяси ерік-жігердің мәселесі. Сондықтан да бұл жерде әңгіме жергілікті жерде өз қолдаушысынсыз бірінші нөмірлі тұлға бола алмайтын Рысқалиев жөнінде емес. Әңгіме осы адамды ұсынған, оған қолдау көрсеткен адамдар турасында. Олар бұл үшін жауапкершілікке тартыла ма? Белгісіз.

4. - Жалпы, Ресей де, Қазақстан да нағыз интеграцияға дайын емес. КО – бұл, шын мәнінде, Путиннің экономикалық интеграция түрінде ойлап тапқан саяси одағы. Біздер Ресейдің геосаяси позициясын нығайтуды қалайтын путиндік жобаның қатысушысына ғана айналдық. Экономикалық жағынан, ресейлік, қазақстандық сарапшылар айтқандай, КО-ның пайдасынан зияны көп.

5. - Әрине, мүмкін. Жаңаөзен оқиғаларынан кейін қоғам бір жаңа белеске көтерілді. Қоғамда ашық айту қажеттілігі сезіледі. Үкімет бұған қалай қарайды, бұл басқа мәселе. Бұдан қандай сабақ алды екен? Алды ма десейші?

Біз Гүлжан Хамитқызына қосымша сұрақ қойдық.

- Атырауда болып жатқан оқиғаларды бақылап жүрсіз бе?

- Әрине. Атырау облысы - тек Қазақстан үшін ғана маңызды өлке емес, бұл үлкен экономикалық жобалар жүзеге асырылып жатқан әлемдік деңгейдегі өлке. Өңірлеріңіздің мәртебесі оның маңыздылығына сәйкес келмейді. Атырау облысына эксперименталды мәртебе беріп, мәслихаттар құзыретін кеңейтіп, бюджет шығындарын бақылауды күшейтуге болады. Мұнайдан түскен қаражаттың қайда кетіп жатқанын, Қашағанда жұмыс басталғанда Каспий экологиясы қандай күйде болатынын халық білуі керек. Сіздердің облыстарыңызды мысалға ала отырып, табиғи байлықтар шын мәнінде халықтың игілігіне қызмет ететінін, мұнай шын мәнінде, араб елдерінен көріп отырғанымыздай, өрлеудің кепілдігі болатындығын көрсетуге болады.

- Сіздің сайтыңызды жапты, әрі қарай не істеуді жоспарлап отырсыз?

- Сайтты жапты, шығарғалы отырған журналдың куәлігін алып кетті. Мұның бәрі - аңсыз. Қазір маған қарсы Алматы облысының барлық билігі көтерілді. Соттардың бәрі тапсырыспен жұмыс жасайтын болғандықтан, мен бәрінен ұтылдым. Жаңа жылдан кейін өзіміздің соттарға аппелляция беріп қана қоймай, халықаралық инстанцияларға да шығамын.

Жазып алған Сәуле ТАСБОЛАТОВА

3 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.