Атырау, 25 қараша 07:13
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қыстақтағы тірлік

6 431 просмотра

Жым-жырт тыныштықта арасында бүйрегіңді бүлк еткізе көлік соққанда ғана селк етіп, басыңды сан ойлар қаптай бастайды. Индер ауданы Өрлік округіндегі алғашқы қыстағымыз мұнартып көріне бастады.

БАБАЛАР МҰРАСЫ СЕНІМДІ ҚОЛДА

Ақшаңқан үйдің мұржасынан шыққан көк түтін ойнақ сала аспанның көгінде таралып жатты. «Жиенбай» учаскесінде бізді қарсылаған арсылдай үрген алабай тұқымдас ірі ит болды. Өзіне қарсы жүргенде арыны басылып, үйдің бұрышынан айналып өтті. Шаруа үйінің дәлізі даламен бірдей салқын. Қап толы тезектің бес-алтауы әкелініп қойылған. Бөлме ішінде жас келіншек кір жуып отыр. Пештің үстінде наны, кешкі тамағы пісіп, шәйнегі бірдей бүлкілдеп қайнап жатты. Кім екенімізді, қандай мақсатпен келгенімізді білмесе де, жуып жатқан киімдерін тастай сала, қонақжайлық танытып, бізді төрге шығарды. 

Бақытгүл ҚАМЕШЕВА - атақты Ленин орденді шопан Айыпқали ҚАЖЫКЕНОВТЫҢ келіні.

- Жолдасым Абзал шаруасымен қалаға кетіп еді. Шәй қояйын, жолдан келдіңіздер ғой, жылынып алыңыздар.

- Жағдайларыңыз қалай, қалай тұрып жатырсыздар? 

- Тұрмысымыз жаман емес. Алдындағы қатты жел қиындау тиіп еді, әзірге қыс қатты емес қой. Әйтпесе, бұдан да жаман болатын. Күйеуімнің ағасы бізге жақын тұрады, содан да сұрауларыңызға болады. 

Еділбай ҚАЖЫКЕНОВ (суретте) біз барғанда сиыр суарып жүрді. Ол өмір бойы мал бағумен айналысып келеді. Марқұм әкесі, совхоздың Ленин орденді шопаны Әйіпқали Қажыкеновтің таяғын ұстап, інісі Абзал екеуі оның ісін жалғастырушылар. Малы жетерлік, қойлар да, жылқылар да, сиырлар мен түйелер де бар, жұмыс табылады.  

- Бізді бәрінен бұрын малды суару мәселесі қинар тұр. Жерасты құдық суы тым ащыланып кеткен. Жазда Бағырлай каналынан суғарамыз. Ал ауыз суды Өрлік селосынан 4 мың теңгеге 3 тонналық автоцистерналар жеткізіп береді. Бұл баға қыста өседі. Жеткізілген су кейде бір айға жетпейді, ал жазда одан да көбірек тұтынамыз, - дейді «Аққу» ШҚ басшысы Еділбай Қажыкенов.

 

ТУҒАН ҮЙДІҢ ТҮТІНІ ЖЫЛЫ

Құмар СҮНДЕТОВТІҢ жасы 80-ге таяған. Ол тәжірибелі шопан. Биылғы қысқа ертерек қамданды. Бүкіл қысқа жетерлік 6 машина қорабы болар отындық қиы, шөбі мен жемі дайын. Бірнеше қаһарлы қысты бастан кешірген Құмар Сүндетов бұл жолғы қыстың онша қатты болмайтынына сенімді.  

- Жем бағасы өткен жылдан екі, кейде үш есе қымбат, - дейді ол. - Мал өрісі аққұйқаланғанымен баяғыдай жайлауға көшу жоқ, жерді қылдай бөліп алдық. Сол себептен мал санын азайтуға тура келді. Отбасына жетерлігін ұстап қалдық. Басқа балаларым Өрлік селосында тұрады, кейде қыдырыстап барамын, бірақ қонбаймын, менің үйім – менің туған далам ғой. 

Жасы 40-қа келген Жандос СҮНДЕТОВ бізге қызығушылық танытты.

- Бірде-бір рет журналистті көзбен көрген емеспін, - деп күлді ол. – Ал «Ақ Жайықты» жиі оқимыз. Бізге оны Атырауға барып тұратын ауылдастарымыз әкеледі. 

Бұрын кеңшарда еңбек еткен шопандардың қатары сиреп қалған. Қарақұдық қыстағындағы зейнеткер Шамұрат ҚАМИЕВ балаларына бас-көз болып, шаруасына бағыт сілтеп отырады. Шамұрат әкесі Қами берген малшының ақ таяғын ұлының үлкені Аралға табыстағанына көп бола қоймапты. Осы кезге дейін үкіметтен бір тиын алмай күн көріп келе жатқан Қамиевтар биыл лизингке шөп оратын комбайн алыпты.

- Шабындық жер бұл маңда жоқ, шөпті 80 шақырым жердегі Батыс Қазақстан облысынан дайындап алып жүрміз. Жанармай қымбат. Биыл шаруа қожалығын құрдым, үкіметтен көмек алайын деп. Бірақ малдағы адам құжаттарды жинауда көп қиындық көреді, - дейді Арал Қамиев.

Қырды қаладағыдай өрке-ниеттен ада деуге болмайды. Мұнда электр тогы мен телефон байланысы, компьютер де бар. Рас, малшы еңбегі ауыр, әйелдер үй тірлігімен қоса күл алып, отын жағуды түнімен қадағалайды.

Оларға жаңа жылда табыс, жайлы қыс пен төлдің көп болуын тілейміз!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 қаңтар 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.