Атырау, 6 мамыр 04:57
 ашықВ Атырау +16
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Қытаймен келіссөз жүргізу оңайға соқпай тұр - Экология министрі

2 547 просмотра

Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендерді пайдалануға қатысты келіссөздер қиын өтуде. Қытай тарапы трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтауға мүдделі емес. Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстан мен Қытай арасындағы су қатынастары Трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісіммен реттеледі. Құжатқа 2001 жылы елордада қол қойылды.

Келісімді іске асыру мақсатында трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясы, сондай-ақ сарапшылардың жұмыс тобы құрылды. 2003-2020 жылдар аралығында бірлескен комиссияның 17 отырысы және сарапшылардың жұмыс тобының 16 отырысы өткізілді.

"Бүгінгі күнгі негізгі проблема – трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөніндегі келісімнің болмауында. Негізі келісім бойынша жұмыс 2015 жылдан басталған. Ашығын айту керек, келіссөздер оңай емес. Дегенмен, Қытай шекара маңындағы ешбір елмен су бөлу жөнінде келіссөз жүргізбейтінін ерекше атап өткім келеді. Қазақстан Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел болып табылады", - деді Мырзағалиев сенатта су қауіпсіздігі тақырыбына арналған үкімет сағатында.

Министрдің айтуынша, Қазақстан келісімге трансшекаралық өзендердің экожүйесін сақтау мәселелерін енгізуді талап етіп жатыр. Бірақ, Қытай тарапы бұған мүдделі емес екен.

"Оған қарамастан отандық сарапшылардың табандылығының арқасында былтыр тараптардың су ресурстарына құқықтарын кешенді қарау және трансшекаралық су объектілерінің экожүйесін сақтау бойынша Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Келіссөздер жалғасуда", - деді ол.

Айта кетсек, 2013 жылы Қорғас трансшекаралық өзенінде бірлескен су торабы салынды және бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бүгінгі күні тараптар су торабын сәтті пайдаланып жатыр.

Сондай-ақ, 2019 жылдың соңында Сумбе өзеніндегі бірлескен гидротехникалық құрылысты қайта құру аяқталды. Жақын арада аталған құрылысты бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойылады.

6 қараша 2020, 11:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.