Атырау, 25 сәуір 05:23
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

БАҚ: Экс-денсаулық министрі Біртанов жымқыру күдігімен ұсталды

3 333 просмотра

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жымқыру күдігімен ұсталды. Бұл туралы өз дереккөзіне сүйене отырып бірқатар жергілікті басылым хабарлады. Олардың арасында Kaztag агенттігі мен Vlast.kz сайты да бар. Желіде және баспасөзде тараған ақпаратқа сәйкес, экс-министрді Қаржы министрлігі қаржы мониторингі комитетінің тергеу департаменті ұстаған. Қаржы мониторингі комитеті БАҚ-пен жұмыс істеу басқармасының басшысы Арман Жүнісов ресми жауапты күтуді сұрады. Жүнісов Біртановтың ұсталуынан бейхабар екенін, ақпараттың рас-өтірігін анықтап жатқанын мәлімдеді.

Kaztag агенттігі экс-министрдің цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге қаржыны талан-таражға салды деген айыппен күддікке ілінгенін мәлімдеді.

49 жастағы Біртанов маусым айының соңында, елде коронавирус індеті ушығып тұрған сәтте отставкаға кетті. Соның алдында оның коронавирус ауруына шалдыққаны хабарланған. Экс-министр отставкаға кетуін аурудан толық емделу қажеттігімен түсіндірді. Алайда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілдедегі мәлімдемесінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығын қатаң сынға алды.

Президент коронавирус пен ауру белгілері бойынша соған ұқсайтын пневмония ауруының өршуін Біртанов басқарған мекеменің жүйелі қателігінен болды деп, сол қателіктерді тексеру бойынша арнайы комиссия құруды тапсырды.

Артынша министрлікке бағынышты ұйымдар – "СК-Фармация" компаниясының басшысы Берік Шәріп пен бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев ұсталған.

Осыдан кейінгі айларда денсаулық сақтау министрлігінде Біртановтың жетекшілігінде жұмыс істеген вице-министр Людмила Бюрабекова да отставкаға кетті.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау министрі болып 2017 жылдың 25 қаңтарында тағайындалған. Оның алдындағы екі жылда ол осы мекемеде вице-министр болып жұмыс істеді. Біртанов денсаулық сақтау вице-министрі қызметін 2008-2010 жылдары да атқарған. Одан кейін квази-мемлекеттік секторда жетекшілік қызметте болған.

Дереккөз: Азаттық радиосы

31 қазан 2020, 11:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.