Атырау, 30 қараша 10:06
 ашық В Атырау -1
$ 423.87
€ 505.25
₽ 5.59

"Қайта қарау қажет": Тоқаев қазақстандықтар ұсынысын қолдайтынын айтты

1 426 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажеттігін айтты, - деп хабарлайды sputnik.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, қолданыстағы заңнамада туды пайдалануға қатысты шектеулер бар.

"Мысалы, пәтер балконына немесе үй қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет", - деді Тоқаев Twitter парақшасында.

Президент мемлекеттік туды кеңінен қолдану туралы қазақстандықтар ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

"Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын", - деп жазды ол. 

Бұған дейін қазақстандықтар "Мен туымды мақтан етемін" флешмобын ұйымдастырған болатын. Ол атышулы "Борат-2" фильмінің шығуына байланысты қолға алынды. Фильмге Қазақстан туын пайдаланып, жарнама жасалуы халық наразылығын тудырды.

Британдық комик Саша Барон Коэн "Борат" және "Борат-2" фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдаған. Коэн нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел екенін айтып ақталды.

Kazakh Tourism ұлттық компаниясы туристерді тарту үшін ролик жариялаған болатын. Видеода "Very nice!" деген сөз жиі айтылады. Бұл – "Бораттың" бас кейіпкері қолданатын сөздердің бірі. Комедияның Қазақстанды танытуға пайдасын тигізу үшін елімізге келген америкалық Деннис Кин осындай тәсілді қолданған.

27 қазан, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.