Атырау, 25 қараша 04:37
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жыл қаһармандары

5 654 просмотра

Біз, әдеттегідей, «АЖ» беттерін парақтай отырып, өткен жылды қорытындылаймыз. Біресе баяу сырғитын, біресе зуылдайтын күндерде күйбің тіршілікпен жүргенде топастық, ақымақтық, біреудің бақыты мен қайғысы туралы естен шығып кетеді. Қайғы туралы айтпай-ақ қояйық, топастық та ұмытылсын, ал 2012 жылы орын алған жарамсыз қылықтарды күлкі етіп, жақсы нәрселерді күлімдеп еске алатын кез келді. Бұл жыл да өтіп бара жатыр.

Жыл еріктісі

«Отан алдындағы қызметі үшін» мақтау қағазымен марапатталған «Бүгінгінің батыры» - Арман ҚАСЫМОВ. Адамның ұмыт қалған нәрселерге салмақтылықпен мән бере қарауы өте сирек кездесетін құбылыс қой. Шындығында Арман өзінің бұл өмірге не үшін келгені туралы ойға қалып, сол кезде «жедел жәрдем» медиктеріне ерікті түрде көмекшіге айналған еді. Екі жыл санитар ретінде «адам өмірін құтқарып, адам өлімін тіркеп, әйелдерді босандырған». Ізгі ниетті әріптестері мен риза болған пациенттері ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарына хабарлаған еді. Арман «АЖ» бетіне және ұлттық арнадағы деректі кинода осылай жарыққа шықты. Қазір Арман – банк қызметкері, бірақ Отанға қызмет ету идеясы оның ойынан ешқашан шыққан емес. Ол еріктілер ұйымының бірімен байланысып, өзіне пікірлес жандардың шағын командасын құрды. Олар да өзі секілді «жедел жәрдем» қызметінде әріптестікпен жұмыс істеуді жалғастырмақ. Арманның өзі «барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу үшін» ақша жинап жүр. Алға, Арман!

 

Жыл Дон Кихоты

Тек үлкен романтик пен біздің сот жүйесінен қорықпайтын шетелдік қана қазақстандық заңнаманың жел диірменімен және өз жұмыс берушісімен күресе алады. Осылайша, Италия азаматы, «Аджип ККО» компаниясының супервайзері Орландо ИЕЦЦИ лай суға сүңгіп кетті. «Қашаған түрмесі» деген атаумен «АЖ» редакциясына жазған өз хатында Орландо Иецци Қарабатандағы шетелдік және қазақстандық азаматтарға «Аджип ККО» мен «Шелл» компанияларының басшылығы еркін жүріп-тұруларына (атап айтқанда, Атырау қаласына шығуға) тыйым салғандығын, мұның еңбек келісім-шартында айтылмағанын жазды. Иецци өз наразылығын білдіруге тырысқаны сол еді, ресми сылтаумен тез арада жұмысынан босап қалды. Ол ұзақ соттасып, ақыр аяғында өз жұмысына қайта алынды. Енді Қарабатан ауасымен тыныстап, жұмысын жасап жүр.

 

Жыл ұрлығы

Атырау «қызыл» қала болмағалы көп болды, бірақ «Мұнайшы» спорт кешенінде 450 мың доллар шамасындағы сомада қымбат бұйымдар көрмесінің тоналғандығы қыстың құрсауында қалған қаланың атмосферасын әжептәуір қыздырып жіберген еді (ақпан өте суық болған еді, естеріңізде ме?).

Сол күні  екі күдікті ұсталды. Оның бірі көрмеде күзетші боп жұмыс істеген. Тонаушылар «табандарын жалтыратуға» дайындалған екен: ұрланған заттар сөмкеге оралып салыныпты, бірақ жолы болғыш жігіттердің бірінің сүйіктісі полицияға хабарлаған... Шерше ля фам. Бұған не түрткі болғаны күдіктілер қамауға алынғаннан кейін жоғалған, қожайындары санына жете алмаған алтын-алмаз бұйымдар туралы мәліметтер секілді сырт қалды.

 

Жыл «Спруты»

Сахнада ағайындылар – облыстың бұрынғы әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ пен парламент депутаты Аманжан РЫСҚАЛИ, сондай-ақ, қаптаған нөкерлер. Бүкіл ел сицилиялық ұрыс киноларындағыдай өрбіген облысты ұзақ басқарған сұрқияларды әшкерелеу әрекеттерін бақылады. Тамыз айында аяқ астынан олардың басына қара бұлт үйірілген еді. Облысымызға күтпеген жерден бойын кернеген ашу-ызаны әрең жасырған президент Назарбаев келіп, аңырап қалған әкімді тағынан түсірді. Өткір тілді азаматтар Атырауға «G нүктесі» деген атау берді: күн сайын дерлік бұрынғы облыс әкімінің сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне байланысты кезекті қылмыстық істің қозғалғандығы туралы жаңалықты оқыған соң, мұндай ой өзінен-өзі келеді екен. Қазір жиырмадан астам қылмысты тергеу ісі өңделуде. Ұзақ уақыт бойына Атырау үшін бұл №1 мәселе болды. Жергілікті ұйымдасқан қылмыстық топтардың қасында сицилиялық мафиялардың кейіпкерлері: өкіл әкелер, раванузалар, террозини мен эспинозалар ойыншық боп қалды. Тек комиссар Каттанидың ғана жеңісіне ешкімнің қолы жетпеді: біздің елімізде бірде-бір жалғыз жортқан қасқырдың жоғары жақтың нұсқауынсыз ізге түсе алмайтыны белгілі.

 

Жыл «арандатушысы»

Біздің Атыраудағы криминалды сериалда Саидтың рөлін құдіретті шефінің нысанасы бойынша қылмыстық жазасын өтеген, бір кездері екі ауданның әкімі, Атырау қаласының әкімі және облыс әкімінің (Б. Рысқалиевтың) орынбасары болған Сәлімжан НАҚПАЕВ ойнады деседі. Формальды түрде оны сәуір айында «Өзінше билік ету (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған, не ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер)» деген айыппен №2 қалалық сот соттаған болатын. Іс жүзінде Бергей билігі құлағаннан кейін оның бірден босап шығуы, шынымен де, оның жолын кескенін жанама түрде дәлелдейді. Бірақ қай жерде? Бұл сұрақ, шамасы, жауапсыз қалатын шығар. Өйткені, басты кейіпкерлердің барлығы қашып кетті немесе терең індеріне тығылып алды. Айдан анық нәрсе біреу ғана – жазаланушы бұрынғы патронының әрекетіне бір ғана шағым жазбаған, тек саяси желдің бағыты өзгергенде және Рысқалиев билікке керексіз боп қалғаннан кейін, Нақпаевтың «көктегі» қақпаға қолы жетті. Олар қақпасын кеңінен ашып жіберіп, көк күркірімен: «Саид, тұтатып жібер!» деген.

 

Жыл хамелеондары

Мимика жасап, реңін өзгерту қабілеті жабайы табиғатта ұсақ жәндіктердің өмірін сақтап қалады (биологияда әрекетін өзгерту немесе басқа организмдердің реңіне қарай өзгеру, қоршаған ортаға бейімделу деген мағынада айтылған).

Облыстағы билік ауысып жатқан аласапыран уақытта барлық деңгейдегі депутаттарға осы кейіпті киюге тура келді. Алдымен халық қалаулылары «Ақ Жайық» және кейбір басқа басылымдардың тарапына жолдаған қаһарлы «халық хатында» бұрынғы әкім Рысқалиевтың ары мен абыройын қорғаштап шықты. «АЖ» келесі күні депутаттар мен «наразы жұртшылыққа» олардың көзсіз ақымақтықпен өздерін асырап отырған қолды қорғап, ел мүддесі туралы, мемлекеттің тұтастығы мен олар түсініп, сезінуден қалған басқа да маңызды заттар туралы мүлдем ұмытқандығын мәлімдеп, түсіндірген еді. Тек бір аптадан кейін Атырауға бас прокурор мен қаржы полициясының жетекшісі келіп, ұрлық ауқымын жария еткеннен кейін, депутаттар басқа, опық жеген «атыраулық жұртшылық атынан үндеу» дайындады. Оны өкінішті кейіппен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Асхат БЕКЕНОВ (суретте) оқып берді.

Басқа бір депутат болса, үрей билеп, не істерін білмес еді. Президентке ризашылық сезімін білдіріп, әсерлене шабыттанғандары сондай, хат авторлары Атырауды тіпті «мегаполис» деп атады. Ауыздарыңызға май!

 

Жыл Титанигі

Әйгілі балық комбинаты, ірі және бір кездері өте табысты болған кәсіпорын ұзақ уақыт беріспей, соңғы күші қалғанша өкпесін сүйретіп бақты, алайда: «АтырауБалықты» өте шарасыз халге жеткізгенін мойындауға тура келеді. Ғұмырларының бір бөлігі осы кәсіпорынмен байланысты көптеген қала тұрғындары үшін және өзін де, халықты да ұзақ уақыт бойына балық аулау алыбын болашақта қалпына келеді деп елеспен алдаған облыс экономикасы үшін де бұл нағыз орны толмас шығын. Бұдан бұрынғы команда құрған «ЖайықБалық» КМК-ның жаңа басқармасы «АтырауБалық» активтерінің қалдықтарымен балық өнеркәсібін тірілтулері тиіс еді. Алайда оның ісін жалғастырушы кәсіпорын тоқтап тұр. Балық саласы ең рентабельді салалардың бірі деп саналады. Алайда қазақстандық жағдайда нарық заңдары кері жұмыс жасайды.

 

Жыл оқиғасы

Нағыз ғажайып Құрманғазы ауданында орын алды. 1 ақпан күні қарлы боранда «Мақаш» шаруа қожалығы қойшысының 27 жастағы әйелі 250 қойы бар отарымен бірге жоғалып кетті. Қалжырап, аяғы үсіп кеткен бейшара әйелді тек бесінші күн болғанда даладағы қыстақтан ондаған шақырым жерден тауып алды. Ол өз қойларының арқасында ғана тірі қалған екен. Олар қойшы әйелді айнала қоршап, өздерінің бүйірлерімен жылытыпты. «Қой ақымақ болады» десе де...

 

Жыл киносы

Бұл жыл біздің өлкеміз үшін киностудияның негізін салу және оның базасында толықметражды кино түсіру секілді оқиғалармен толықты. Бәлкім, біз тіпті өз киноиндустриямыздың туындауына куә болған шығармыз. Қалай дегенмен де, нағыз кино романтигі, жерлесіміз Еркебұлан НҰРХАНҰЛЫ үшін бұл бос сөз емес. Ол бұл картинаға («Қыз жүрегі») өзінің бар жинап-терген қаржысын – 12 миллион теңге ақшасын салыпты. Ал бұл жасы 19-ға толған жас жігіт үшін аз ақша емес. Еркебұлан қыз жүрегі туралы осынау фильмге тек өзінің қаржысын ғана емес, бүкіл жан-тәнін берген. Өзі сценарийін жазып, директоры әрі режиссері болды. Өзіне деген сенімі мен шынайы арманына аянбай қызмет етуі оны жер шарының ең көрнекі тұлғаларының қатарына қойып отыр. Өткен аптада ол өзінің алғашқы кинотуындысын көпшілік назарына ұсынды. Жарайсың, Еркебұлан!

 

Жыл оқиғасы

Нағыз ғажайып Құрманғазы ауданында орын алды. 1 ақпан күні қарлы боранда «Мақаш» шаруа қожалығы қойшысының 27 жастағы әйелі 250 қойы бар отарымен бірге жоғалып кетті. Қалжырап, аяғы үсіп кеткен бейшара әйелді тек бесінші күн болғанда даладағы қыстақтан ондаған шақырым жерден тауып алды. Ол өз қойларының арқасында ғана тірі қалған екен. Олар қойшы әйелді айнала қоршап, өздерінің бүйірлерімен жылытыпты. «Қой ақымақ болады» десе де...

 

Жыл «патриоттары»

Бұл жыл қазақстандықтардың патриоттық сезімдері үшін нағыз сынға айналды. Шетелдердің бірінде әнұранымызды делқұлы пародиямен шатастырғаны, енді бір спорттық жарыста жыртық туды іліп қойғаны бәрінің есінде...  Ал мемлекеттік рәміздерді қорлаудың нағыз дәлелі – қоқыс шығару үшін біздің көк жалауымызды пайдаланған Атыраудағы сенбілік болды. Бұл жайт республика көлемінде қоғамдық пікір тудырды. ҚР ҚК-тың 317-бабы («Мемлекеттiк туды, елтаңбаны немесе әнұранды қорлау») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу құзырында кездейсоқ куәгер болған Әсел есімді оқырманымыз түсіріп алған суреттер болса да (бұл көлік прокуратурасының аумағында орын алған еді), ақыры кінәлілерді... таба алмады. Бүгінде «күдіктілер жоқ болғандықтан», іс тоқтатылды. 

 

Жыл арбауы

Әрине, бұл жылда бүкіл дүниежүзілік ауқымдағы «ақырзаман-2012» ең басты үміткер болады. Осы жыл бойына, әсіресе, ол аяқталуға жақын, ықылым заманда дүние салған майя өркениетінің абыздары есалаңданған ұрпақтары ауыздарына жиі алғандықтан, өз табыттарында ұршықша айналып, аунап түскен шығар. Бәлкім, олар өз «кармаларын» осылай өтеген шығар – (Мэл Гибсонның «Апокалипсис» фильмінің және одан кем түспейтін басқа да майя, ацтек, тольтек, ольмек және басқа қанқұмар үндістер туралы аңыздардың арқасында) олардың қаншама жазықсыз жандардың түбіне жеткені бізге мәлім. Әлсіз жандардың көкірегіне жабысқақ үрейді кім және не үшін себеді? Оларға Сталин болмай тұр ғой, дейді зейнеткерлер. Қателеседі. Ұлт көсемі жоқ кезде қоғам санитары ретінде Қытай жақсы жұмыс жасап тұр. Ол жерде ақырзаман туралы қауесет таратқандар қамауға алынған. Ақырзаман орнайды деген күні – 21 желтоқсанда олардың саны жүзге жетіп қалды. Надандықпен күрес деген - осы.

 

Жыл улаушысы

Қалалық қоқыс орны туралы бұрын-соңды мұншама тұрақты түрде жазбаған шығармыз. Бізді бұрын-соңды тап биылғыдай уламаған шығар. Материалдардың комментарийлеріне жазылған жұртшылықтың наразылығы өте жоғары болды. Жарты жылдан бері билік оны жою тақырыбында босаң тартқан пікірталастар өткізіп келеді. Шенеунік мырзалар, анағұрлым белсенді әрекеттер мен нақтылықты қалаймыз. Жексенбі күні ол жер тағы да өртенді. Сыңғырлаған қарлы таза ауаны улы қоқыс түтінімен бүлдіру масқара ғой.

 

Жыл талапкері

Илья ағайдың неліктен әлі Гиннестің Рекордтар кітабына енбегені таңқалдырады, алайда оның біздегі ең жасы келген студент екендігіне күмән жоқ. 76 жастағы танымал композитор әрі жазушы Илья ЖАҚАНОВ - (Илья ағаның әнінсіз қазіргі заманның қазақ музыкасын елестету мүмкін емес!) бар болғаны Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Бейнелеу өнері және дизайн» бөлімінің бірінші курс студенті.

– Бір күні облыстық өнер мұражайында немеремді күтіп отырып, қағаз бетіне сурет салдым, - деп еске алады Жақанов. – Оның оқытушысы мұны байқап: «Сіздің сурет салатын да өнеріңіз бар екен ғой» деп таң қалды. Мен ыңғайсызданып: «Жай, шимайлаймын ғой» дедім. Содан кейін менің жұмысымды жергілікті суретші-педагогтар көрді. Олардың берген жоғары бағасы мені диплом алу туралы ойлануға мәжбүр етті. Мен осылайша университетке құжат тапсыруды ұйғардым.

Ал «Жыл адамының» орны бос қалды... Ұлу жылы осынау асқақ титул үшін өнімді бола қоймады. Бәлкім, Жылан жылы ептілік пен ширақтық көрсетіп, «қарапайым адамдардың» ортасынан, ең болмағанда, ең лайықты деген біреуін ерекшелеп көрсете алатын шығар.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

27 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.