– Біршама уақыттан бері Балғымбаев – Жарбосынов қиылысында («Ренко» мейманханасының маңында) қозғалыс басымдығы өзгерді. Бұрын Жарбосынов көшесінен Балғымбаевқа бұрылатын машиналарда артықшылық бар болатын. Оларды мейманхана жақтан және SOS емханасы орналасқан тұйықтан шығатын көліктер өткізіп жіберетін. Енді артықшылық Балғымбаев көшесіне берілген. Бұл қиылыста қозғалыс көп емес. Ендеше өзгерісті енгізуге қандай қажеттілік болды екен деген сұрақ туындап отыр.
Артықшылығы өзгерген екінші қиылыс – Баймұханов пен Махамбет көшелерінің қиылысындағы АХАЖ ғимаратының маңындағы айналма жол. Қысқы уақытта бұл маңда ЖКО жиілеп кетер-ау деген қауіптеріңіз жоқ па? Өйткені көпірден түсетін көліктер тежегіштерін баса алмай, Баймұханов көшесінен келе жатқан көлікті өткізіп жіберуге мүмкіндіктері болмай қалуы мүмкін.
аzh.kz сайтынан
Сұраққа Атырау облыстық ІІД ЖПБ бастығы Мұхаметжан ОСПАНОВ жауап береді:
– Балғымбаев – Жарбосынов көшелерінің қиылысындағы негізгі жолдың бағытының өзгеруіне, сонымен қатар Баймұханов – Махамбет көшелерінің қиылысындағы айналма жолдағы жол қозғалысын ұйымдастыруға қатысты, жол белгілерін басқа жерге орналастыруға байланысты барлық өзгерістер көлік қозғалысының қарқындылығы ескеріліп жүзеге асырылады және азаматтарға алдын-ала бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланады.
Қысқы уақытта көпірден (Мечников көшесі) айналма жолға түскен кезде негізгі жол бағыты өзгерген Баймұханов – Махамбет қиылысында (бұрын бұл жерде айналмадағы оң жақтағы кедергі ескерілетін), біздің пікірімізше, жол қозғалысы қаупі жоқ. Өйткені айналма жолға түсер кезде еңістік жоққа жақын және қысқы уақытта бұл учаске «Арнаулы автобаза» КМК бақылауында болады. Олар сол жерге инертті және сырғанауға қарсы материалдарды сеуіп тастайды.