– Ажырасуды ұйғарған едім, бірақ сотқа қалай арыз жазу керектігін білмеймін. Қандай құжаттар тіркеу керек? Алимент пен мүлікті бөлісуге басқа арыз беру керек пе? Сотта адвокаттарға жүгінуге кеңес берген еді, бірақ олардың қызметтерін төлейтін қаржым жоқ.
Әйгерім
– Некені бұзу туралы талап-арыз ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 150-бабының талаптарына сай келуі тиіс. Атап айтқанда, арызда некенің (ерлі-зайыптылықтың) қашан және қайда тіркелгендігі, олардың ортақ балалары бар ма, олардың жасы, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларының кіммен бірге тұратындығы, балаларын және (немесе) еңбекке қабілетсіз мұқтаж зайыбын күтіп-бағуға қаражат төлеу тәртібі туралы, осы қаржының мөлшері туралы немесе ерлі-зайыптылардың ортақ мүлігін бөлу туралы келісімге келді ме, сол көрсетілуі керек. Некені бұзуға өзара келісім болмаған жағдайда, оны бұзу себебі көрсетіледі. Некені бұзу туралы талаптардан басқа талап-арызға кәмелетке толмаған балалардың, еңбекке қабілетсіз зайыбының пайдасына алимент өндіру туралы, бірге жинаған мүлікті бөлу туралы талаптар енгізілуі мүмкін.
Алайда сот іс жағдайына қарай бірге жинаған мүлікті бөлу туралы талап-арызды жеке өндіріске бөлуге құқылы. Арызға неке (ерлі-зайыптылық) туралы куәліктің түпнұсқасы, балаларының туу туралы куәліктерінің көшірмелері, балаларының денсаулығы туралы медицина мекемесінен алынған анықтама, егер бар болса, мүгедектігін растайтын құжат, ерлі-зайыптылардың табысы мен басқа табыс көздері (бар болса) туралы құжаттар және басқа да қажетті құжаттар, ерлі-зайыптылар арасында неке келісім-шарты болған жағдайда, келісім-шартының көшірмесі жалғанады.
Соттар некені бұзу туралы істер бойынша ерлі-зайыптыларды татуластыру шараларын ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, тек ерлі-зайыптылардың бірі некенің бұзылуына қарсы болған жағдайда қолданады. Осы мақсатта тараптардың немесе олардың бірінің өтініштері бойынша немесе өз бастамалары бойынша істің қаралуын кейінге қалдырып, оларға татуласу үшін Кодексте белгіленген алты ай мерзімді тағайындайды. Істің қаралуын әлденеше рет кейінге қалдыруы мүмкін, бірақ ерлі-зайыптыларды татуластыруға арналған жалпы мерзім алты айдан аспауы тиіс (ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 20-бабы).
– Алимент алуға арыз берген кезде күйеуімнің еңбекақысы туралы анықтаманы жалғауым керек пе, әлде ол жұмыс жасайтын жерді және жұмысының мекен-жайын көрсетуім керек пе? Егер күйеуім бірнеше жерде жұмыс жасаса, бірақ барлық жерде табысы шамалы болса ше?
azh.kz сайтынан алынды
– Күйеуінің табысы туралы анықтаманы көрсету міндетті емес. Алимент мөлшерін анықтау үшін сотқа балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерін, балалардың денсаулығы туралы медицина мекемелерінен анықтама ұсынса жеткілікті. Сонымен қатар, жалпы орта, техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі жүйеде оқитын кәмелетке толған, жоғары білім жүйесінде күндізгі бөлімде оқитын 21 жасқа дейінгі балалары бар болса, ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабының 2-тармағына сәйкес, егер баланың әкесі оқыту шығындарын ерікті түрде беруден бас тартса, сот тәртібімен қосымша шығындарды өндіріп алу қарастырылған. Бұл жағдайда, талап-арызға кәмелетке толған баланың оқу орнында оқитындығын растайтын құжаттарды жалғау керек.
Ал егер борышкер сот шешімін орындамайтын болса, онда сіз борышкердің жұмыс орны, соның ішінде борышкердің қосымша жұмыс жасайтын мекемесін көрсетіп, сот орындаушысына сот шешімін мәжбүрлі орындату жөніндегі атқарушылық өндірісін қозғау туралы өтінішпен шығуға құқылысыз.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 525-бабының 1-тармағына сәйкес, лауазымды адамдар мен жеке тұлғалардың сот орындаушылары белгiлеген мерзiмде дәлелсіз себептермен атқарушылық құжатты орындауға байланысты сот орындаушыларының қаулыларын және заңды талаптарын орындамауы, оның ішінде оларға борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, соттың және басқа органдардың қаулысына сәйкес табысынан ұстап қалу iсiн жүргiзу жөніндегі және т.б. туралы мәліметтерді хабарламауы жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің 5-тен 10-ға дейінгі, лауазымды адамдарға 10-нан 20-ға дейінгі мөлшерде айыппұл салуға алып келеді.
Осы Кодекстің 525-бабының 2-тармағына сәйкес, сот орындаушысына көрінеу теріс, оның ішінде борышкердің табыстары мен мүлiктiк жағдайы туралы мәлiметтер беру жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 20-ға дейінгі, лауазымды адамдарға 20-дан 50-ге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
– Егер ажырасу кезінде күйеуі әйеліне бәрін қалдыруға дайын болса, бұл қалай ресімделеді?
Телефон арқылы
– ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 37-бабына сәйкес, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде де, ол бұзылғаннан кейiн де, сондай-ақ, кредит берушi ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң үлесiнен өндiрiп алу үшiн ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы талабын мәлiмдеген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi олардың келiсiмi бойынша ерлi-зайыптылар арасында бөлiнуi мүмкiн. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiктi бөлу туралы келiсiмi нотариатта куәландырылуға тиіс.
– Ажырасу кезінде (кәмелетке толмаған балалар анасымен бірге қалса) пәтер қалай бөлінеді?
Телефон арқылы
– Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлісу кезінде және осы мүліктегі үлестерін анықтауда, егер олардың арасындағы келісім-шартта қаралмаған болса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлестері тең деп танылады. Сот егер жұбайлардың бiреуi дәлелсiз себептермен табыс таппаса немесе ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн екінші жұбайдың келісімінсіз отбасының мүдделерiне нұқсан келтiрiп жұмсаса, сот кәмелетке толмаған балалардың немесе ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн негiзге ала отырып, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы. Егер талап-арыз беруші соттан теңдік принципін қолданбауды өтінсе, онда ол талап-арызында тұрғын алаңның қандай мөлшеріне (пайыздық қатынаспен) үміткер болып отырғанын арызында көрсетіп, сотқа өз дәйектерін ұсынуы тиіс.
Сауалдарға заңгер Айнагүл ДӘУЛЕТБАЕВА жауап берді.