Атырау, 4 желтоқсан 03:58
 ашық В Атырау -11
$ 422.87
€ 512.10
₽ 5.63

Полиция бөліміндегі адам өлімі: Даниал Ахметов ауыл тұрғындарымен кездесті

508 рет қаралды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болған Мақаншы ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бірнеше күн бұрын мал ұрлады деген айыппен тұтқындалған ер адамның қайтыс болуына полиция қызметкерлері кінәлі деп күдіктелуде.

Аймақ басшысы қайтыс болған Азамат Оразалының анасы мен туыстарына көңіл айтты.

"Марқұмның ата-анасы мен барлық туыс, бауырларына және достарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл жағдай үкімет басшысының жеке бақылауында екенін ерекше атап өткім келеді", – деді Үржар ауданына жасаған сапарын қорытындылаған Ахметов.

Әкімнің айтуынша, қазір облыста полиция департаментінің бастығы мен облыс прокуроры бастаған арнайы топ жұмыс істеп жатыр.

"Бұл істің сотқа дейінгі тергеуі заң аясында мейлінше ашық және жариялы түрде жүргізілетіндігіне сендіремін. Жақын күндері ауданға тағы да келемін. Қылмыскерлер заңда белгіленген жазасын алады. Бұл менімен кездесуге келген Қаратұма және Мақаншы ауылындағы ақсақалдар мен тұрғындардың басты өтініші, – деп жазды Ахметов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Полиция бөліміндегі адам өлімі

Бірнеше күн бұрын мал ұрлады деп күдіктелген ер адам Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде қайтыс болды. Көп ұзамай марқұмды азаптау фактісі бойынша тергеу басталды.

Кейіннен оқиға болған жерге жақын туыстарының қатысуымен тексеру жүргізілгені де хабарланды.

Көп ұзамай азаптауға күдіктелген үш адамның ішкі істер органдарынан қуылып, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.

Бұл жағдайға қатысты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі:

"Өзіндік қауіпсіздік басқармасы тарапынан ішкі қызметтік тергеу жүргізілді", – деп хабарлады.

Сонымен қатар Үржар аудандық полиция бөлімінің екі басшысы қызметінен босатылды.

Азаптау үшін қандай жаза қолданылады?

Қылмыстық кодекстің 146-бабы (азаптау) бойынша тергеуші, анықтама жүргізетін адам немесе басқа да лауазымды адам қасақана физикалық немесе психикалық зиян келтіргені үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлмен жазаланады (13 890 000 теңге – Sputnik). Сол сияқты осы мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады немесе бас бостандығы бес жылға дейін шектеледі. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейін айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделеді.

Денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан дәл сол әрекет белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.


21 қазан, 10:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.