Үш жыл бұрын «Теңізшевройл» «Еуразия Орталық Азия» қоры (ЕОАҚ) арқылы Жылыой ауданында «Әлеуметтік дамуға - азаматтық қатысу» бағдарламасын іске қосқан еді. Биыл бағдарлама аяқталып қалды.
ҚЫЗЫҚТЫ САНДАР
Сол кезде компания өз таңдауын: қайырымдылық жасау үнемі тиімді бола бермейді (мәселен, мектептерге тарту етілген компьютерлік сыныптар ақыры жұмыс істеп кеткен жоқ), сондықтан жылыойлықтардың азаматтық сана-сезімдерін дамытуға инвестиция салуды ұйғардық деп түсіндірген еді. Осы үш жыл бойына «АЖ» осынау жемісті бағдарламаның жүзеге асырылуына бақылау жасаған болатын. Алайда аудан мұқтаждықтары үшін салынатын мұнай алыбының шығындары осы ауданнан алынатын миллиардтаған мұнай долларларына тепе-тең бе деген сұрақ ашық күйде қалып отыр.
ТШО жұртшылықпен қаржылық ақпаратты бөлісуге құлықсыз болғандықтан, біздің құзырымызда тек соңғы екі жылдың әлеуметтік инвестициялық бағдарламасы (ӘИБ) жөніндегі цифрлар ғана бар. Олар: 2011 жылы 782 000 доллар және түрлі мәліметтер бойынша, 2012 жылы 800 000-ден 1 млн долларға дейін.
Аталмыш ЕОАҚ қоры (халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің және басқа қаржылық донорлардың қолдауымен өз қызметін жүзеге асыратын жеке қор) ӘИБ-да бағдарлама операторы ретінде әрекет етеді. Оған бөлінетін қаржылардың әжептәуір бөлігі тиеді (мәселен, 2011 жылы – 250 000 доллар немесе 32%). Ал жергілікті ҮЕҰ-дарға әр жобадан бар болғаны 3 пайыздан бөлінеді.
19 желтоқсанда «Әлеуметтік дамуға – азаматтық қатысу» бағдарламасы жөніндегі қорытынды конференция қарсаңында Құлсарымен танысу сапары барысында журналистерге үш жылдағы (2009-2012 жж.) осы жобаның жалпы бюджеті - аудандағы 27 жобаға гранттар түрінде ЕОАҚ бөлген 30 млн теңгеден сәл астам екендігі айтылған болатын. Сонда ТШО-ның Құлсарыдағы әлеуметтік жобаларға тікелей бөлінген қаржысының жыл сайын орташа алғанда тек 10 млн теңгесі ғана жұмсалғаны ғой. Ал, қалған қаржылар қайда кетеді?
ТШО мен ЕОАҚ ақпараттың құпия екендігін желеуретіп, ӘИБ аясындағы жобаларға жұмсалатын келісім-шарт сомаларын атаудан бас тартты. ЕОАҚ-ғылар жылыойлықтар құрған қоғамдық ұйымдарды дамытуға арналған жобаларға гранттар бөлінгенін және 50 тренингтің (соның ішінде Ресейде) өткізілгендігін ғана хабарлады. Алайда бұл тренингтерге бөлінген нақты сомаларды атамады.
Сонда кезінде осы «майлы» шелпектен ауыз тие алмай қалған атыраулық ҮЕҰ-дар бекерге наразы болмағаны ғой. Екінші жағынан алып қарасақ, сол кезде бір-бірімен осындай гранттар үшін жанжалдасқанша, оларға тиімді жұмыс істеуге кім кедергі келтірді?
ҮЕҰ МЕН БҰО
Ең «көзі ашық» жылыойлықтар құрған ҮЕҰ-ке келер болсақ, олар шынымен де жұмыс жасап тұр. Алайда бастапқыда, ЕОАҚ өкілі Айгүл ТАҒАТОВА атап өткендей, жергілікті тұрғындар үшін БҰО (белгісіз ұшатын объект) мен ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) шамамен бірдей мағынадағы түсініктер болыпты.
- Ал енді бізді көшеде танитын болған, - дейді Айгүл құлсарылықтардың қалай өзгергендігі туралы қызықты әңгімелерді айта отырып. - Мәселен, оқыту тренингтеріне белсенді қатысушылардың бірі - мұғалім мектептегі әріптестерінің «мұның бәрі ұят нәрсе» деп, өзін әжуалайтындығын айтқан еді. Бірақ уақыт өте келе оған деген көзқарастары өзгерді. Жастар клубына шақырған кезде бастапқыда қатты қысылатын жасөспірімдердің қазір қалай өзгергенін көрсеңіз?!
«Құлсары Жастары» ҚБ тренері, Жылыой мұнай және газ колледжінің заңгері Ләззат ҚАМЗАЕВАНЫҢ (мен онымен екі жыл бұрын ол тренер болсам деп армандай бастағанда танысқан болатынмын) айтуынша, ЕОАҚ арқасында Құлсарыда мектептер жанынан ашылған 14 жастан бастап 20 жасқа дейінгі адамдардың басын қосатын 15 көшбасшылар клубы жұмыс жасайды екен. Олардың ішінде интернат мекемелері де бар.
Біздің көз алдымызда Мүгедектерді оңалтуға арналған орталық үшін Құлсары қаласының әкімі бөлген ғимаратта бірнеше қыз бала – көшбасшылар клубының мүшелері мүмкіндіктері шектеулі балаларға арналған арт-терапия сеанстарын өткізді. «Жүрек жылуы» ҚБ үйлестірушісі Анна ЮРЕНКОВАНЫҢ айтуынша, қазіргі уақытта Жылыой ауданында балалар церебральды сал ауры диагнозы бар 108 бала тіркелген. Олардың көпшілігі орталыққа барып жүр. Бұл балаларды осы жерде массажбен және науқас сәбиге күніне 40 минуттан кигізілетін ғажайып костюмнің көмегімен емдейді. Костюмдер мен спорттық құрал-саймандардың бір бөлігін ЕОАҚ алған болса, бір бөлігін жергілікті кәсіпкерлер сыйға тартқан. Бізге осы жерде алғаш рет өздігімен аяғынан тұрған ұл бала мен мүгедектік есебінен шығарылған қыз бала туралы әңгімелеп берді.
- Массажистердің тапшылығы проблема болып отыр. ҮЕҰ – коммерциялық емес ұйым, бір сеанс үшін бір мың теңгеден ақша төлей алмаймыз. 250 теңге, әрі кеткенде 500 теңге төлейміз. Содан соң массажистер кетіп қалады, - деп проблемасымен бөлісті Анна.
ЕНДІ ӨЗДЕРІ ӘРЕКЕТ ЕТЕДІ
Аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Серік ҚАМИДОЛЛАНЫҢ айтуынша, оңалту орталығының ғимаратында мүгедек балалардан өзге демалыс және еңбек ардагерлерімен кездесу бөлмесі, сондай-ақ, керең-мылқау әйелдерді тігін ісіне үйретуге арналған кабинет орналасқан.
Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Шынарбек СӘРСЕНБАЕВ («Жылыой демеу» ҚҚ) Тұрғызба селосындағы өз үйінің ауласына спорт залын салған. Ондағы ЕОАҚ алған жаттығу құрылғыларында балалар арнайы әдістеме бойынша емдік дене шынықтырумен айналысады.
Жылыой ауданында басқа да жобалар бар, бірақ сол күні уақыт тығыздығына байланысты танысып үлгермедік.
Үш жылдық жоба 2012 жылы аяқталды, ал содан кейін не болады деген ой туындап отыр. ЕОАҚ-ғылар «қозғағыш іске қосылды», әрі қарай жылыойлықтардың өздері қолға алады деп есептейді. Тренерлердің үшжылдық еңбектері зая кетпей, әлеуметтік дамуға қатысатын белсенді азаматтардың бұл жерде көбейе беретіндігіне сенгіміз-ақ келеді. Әйтпесе ТШО-ның мұнай долларлары тағы да желге ұшқан болады ғой.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор