Атырау, 8 қазан 04:14
 ашықВ Атырау +21
$ 484.37
€ 531.06
₽ 5.05

Балық азаюда

9 380 просмотра

Су тоғандары мұз құрсаулана бастасымен, Жайық пен Қиғаштан және Каспий теңізінен балық аулайтын артельдер ауларын жинады. Балық аулау маусымы аяқталып, ауланған олжаны есептер күн де туды.

Көктем мен күзде Жайықта – 10, Қиғашта – 5, Каспийде - 16 балық аулау кәсіпорны ау салды. Маусым артельдер үшін ауыр, тіпті кейбірі үшін мүлдем табыссыз болды. Өзендерде лимитті игерудің орташа көрсеткіші 47%-ды құрады және ол әр кәсіпорын үшін әртүрлі жүзеге асты. Мысалы, «Восток» ЖШС жоспарды   85%-ға, «Інжу-маржан» ЖШС - 62%-ға орындады. «Стандарт» ЖШС алынатын биоресурстар салығын өз уақытында төлей алмай, нәтижесінде ау салуға кешікті – игеру көрсеткіші - 12,9%.

Балық қорғау органының деректері бойынша қазір Жайық өзені мұзының қалыңдығы 17-18 сантиметрді құрайды. Судағы оттегі құрамы - 8-12%. Алайда мұздың тығыздығына байланысты судағы О2 құрамының апта ішінде балыққа зиянды деңгейде түсіп кету қаупі бар. Мұз астындағы О2 7%-ға дейін төмендесе, дабыл қағу жоспарлануда. Ал егер ол 3%-ға дейін төмендесе, өзенде тек мөңке ғана жан сақтай алады. Осындай судағы келеңсіздікті болдырмас үшін ең бірінші кезекте орындалатын шара – арнайы бригадалардың көмегімен үкілер мен мұзойықтарды ою. Сондықтан да мұз үстінде сақ болыңыздар!

Биыл теңізде сазан жақсы болды. Осы сазан болмағанда, отбасын асырап отырған балықшыларға қиын болар еді. Балық түрлері бойынша лимиттің игерілуіне келсек, сазан - 63%, қара балық (тек Қиғашта) – 60%, қаракөз - 55,6%, мөңке – 53%, табан – 49% және көксерке – 40%-ға орындалды.

Сондай-ақ, балықшылар 2012 жылдан бастап балық аулау ережелеріне енгізілген өзгерістерге риза емес. Олардың айтуынша, балық көп болатын көктем маусымы негізсіз қысқартылған. Ереже бойынша көктемгі маусым Жайық өзенінде мұз кеткеннен 25 сәуірге дейін, Қиғашта 30 сәуірге, Каспийде 10 мамырға дейін созылады және әр бес күн сайын 3 күн демалыс қарастырылған. Осылайша, балықшылар 2012 жылғы көктемде тек 15 күн ғана балық аулаған.

Ережеге тағы бір енгізілген жаңалық оларды қуанта қойған жоқ. Егер бұрын ұдайы өндіріске, ғылыми мақсаттарға және әуесқой балық аулауға бөлінетін үлес жалпы лимиттің 2%-ын құраса, қазір ол 7%-ға ұлғайтылды, яғни, кәсіпшілік балық аулау 5%-ға қысқарды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

26 желтоқсан 2012, 16:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.