Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі көгалдандыру мәселелері талқыланған ірі кәсіпорын басшыларымен кездесу өткендігі туралы баспасөз хабарламасын таратты. Енді атмосфераны ластайтын компаниялар жасыл желекті кең ауқымда отырғызуға және оларға күтім жасауға жауапты болады.
- Атырау облысының әкімдігі Атырау қаласы мен оның төңірегіне ағаш отырғызу бойынша он жылдық жобасын дайындады. Онда көгалдандыру алаңдарын, жауапты орындаушыны және отырғызу кестесін белгілеу қарастырылған, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Ержан АБЫЛХАНОВ. - Бұл жобаны іске асыру үшін белгілі бір инвестициялар қажет және бұған атмосфераға тасталатын шығарындылардың негізгі көзіне айналған мұнайгаз өндіруші және мұнай өңдеуші кәсіпорындар тартылады.
«Ластаушы төлейді» қағидасы бойынша облыстың негізгі кәсіпорындары - ТШО, НКОК, ЕМГ, АМӨЗ және басқалары анықталды. Оларға 3-5 жыл бойы көгалдандырып, алғашқы күтім жасайтын учаскелер бекітілген. Содан кейін бұл учаскелер қалаға немесе орман шаруашылығы қызметіне беріледі. Әкімдік биылғы қазан-қараша айларында қаланың өзіне алғашқы ағаштар отырғызылады, ал келесі жылдан бастап Атырау төңірегіне «жасыл белдеу» жасау жұмыстары басталады деп сендіреді.
«Жасыл белдеу» дегенде 2011 жылы сол кездегі ірі мұнай компаниясы «Аджип ККО» мен облыс әкімдігі Қарабатан мен Атырау арасында шаған, терек, қарағаш, ақ тал мен үйеңкі бой көтеретін 14 гектарлық орман пайда болады деп мәлімдегені еске түсті... Он жылға жуық уақыт өтті - біз бұл аумақтан малынған жасыл желекті ақыры көре алмадық.
Дегенмен, әкім орынбасары бұл жолы бәрі басқаша болатынына сенімді. Оның айтуынша, облыстың орман шаруашылығы қызметі Атыраудың климатына бейімделген ағаш көшеттерімен қамтамасыз етуге дәрменді.
- ТШО, NCOC, АМӨЗ, ЕМГ сияқты ірі компаниялар жобаға қатысатынын растады, 1-2 апта ішінде меморандумға қол қойылып, жұмыс басталады. Бұл жобаның іске асырылуы қала мен облыстың экологиялық жағдайын жақсартады деп сенемін. Жақын арада жай «Атырау» демей, «Жасыл желекті Атырау» деп айтатын боламыз! - деді Әбілханов.
Дайындаған Фархат ӘБІЛОВ