Атырау, 19 сәуір 15:02
 ашықВ Атырау +23
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Елордалық 96 жастағы кейуана үш айдан бері ауруханаға жата алмай келеді

2 318 просмотра

96 жастағы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері Серафима Шевелёва үш айдан бері ауруханаға жата алмай келеді. "Қарт әжей төсек тартып, ұзақ жатып қалғандықтан, оның терісі ойыла бастаған. Ал зейнет жасындағы қызы қант диабетімен ауыратындықтан оған тиісті деңгейде көмек көрсетіп, күтім жасай алмай отыр", – деп хабарлайды Astana TV.

Науқастың қызы Галинаға жергілікті емхана қызметкерлері бастапқыда "карантин" деп сылтауратып, кейіннен кейуананы ауруханаға жатқызу "мәнсіз" екенін айтқан.

"Таңертең Достыққа қоңырау шалғанымда дәрігер үйге бармайтынын, жедел жәрдем шақыру керектігін айтты. Ал жедел жәрдем дәрігерлері көрді де кетті. Осылайша, ауруханадан анама орын табылмады. Себебі, олар " емдеуді мәнсіз" деп санады", – дейді науқастың қызы Галина Николаевна.

Ақ халаттылардан қайырым көрмеген қос зейнеткерге Lider.kz еріктілер қозғалысының өкілдері көмек беруге тырысқан. Алайда, олар да проблемаға тап болған. Яғни, зейнеткер тіркелген емханада оның картасы жоқ болып шықты.

"Медициналық құжаттарсыз біз оны хосписке жатқыза алмаймыз. Сондықтан да, ауру тарихы жазылған картаның маңызы зор. Адамдар арасындағы немқұрайлылық басым болып бара жатқаны алаңдатады", – дейді еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Татьяна Прейс.

Осы жағдайға байланысты, арна тілшілері пікір алу үшін елордалық денсаулық сақтау басқармасына жүгінген. Алайда, денсаулық сақтау саласының өкілдері уақыт жоқтығын айтып, түсініктеме беруден бас тартқан.

Айта кетейік, Серафима Шевелёва соғыс кезінде сарбаздарға бушлат-күрте тігіп, траншея қазған. Кейіннен өмір бойы ол кірпіш зауытында еңбек еткен екен.

2 қазан 2020, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.