Атырау, 28 наурыз 20:45
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Солтүстік Қазақстанда 256 мың құстың қырылуына тұмаудың қатысы жоқ болып шықты

2 493 просмотра

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов Солтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикаларында 520 мыңнан астам құстың өлгенін растап, тең жартысына құс тұмауының қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Жұмыс тобы барып тексерді. Ол жерде өлген құстың 256 мыңы ауа жетпеуінен тұншығып өлген. Талаптарға сәйкес, құс фабрикалары жабық болуы керек. Жабайы құстармен байланысқа түспейтіндей жағдай жасалуы тиіс. Екі фабриканы тексеруге барғанда ветеринариялық талаптардың орындалмағаны көрініп тұрды. Азық-түлік дайындайтын жердің төбесі ашық тұр, оның ішінде жабайы құстар жүр", - дейді Қабдолданов.

Айтуынша, құс фабрикаларында ветеринар дәрігер болып жұмыс істейтін азаматтардың қолында диплом жоқ. Құс өсіруші дәрігер қызметін де атқарып келген.

Осы орайда Тұрсын Қабдолданов құстардың құс тұмауынан өлгенін растайтын құжат болған жағдайда ғана орташа бағасы өтелетінін еске салды.

"Жеке мекеме құстың басқа жабайы құстармен байланыста болмауын немесе қажетті ауамен қамтамасыз етпесе, оған үкіметтен қаржы жұмсап, төлеп беруге құқылы емеспіз", - деп түсіндірді ол.

Құс тұмауынан өлген құстың құнын статистика комитеті бекітеді. Нарықтағы орташа баға қыркүйек үшін 1-2 қазанда хабарланады.

Қабдолданов сонымен қатар Қазақстанның бірнеше өңірінде соңғы тәулікте құс өлімі тіркелмегенін атап өтті.

"Екі облыста, республикалық маңызы бар бір қалада құс тұмауы анықталмады. Құс тұмауы расталған немесе сондай күдікке ілінген 48 елді мекенде карантиндік шаралар енгізілді. Соңғы тәулікте құс өлімі төмендеді. Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында құс өлімі тіркелмеді. Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысында қырылған құстың саны азайды", - деді Қабдолданов.

Құс тұмауына қарсы 7,7 миллион доза вакцина бөлінген. Вакцинаны жеткізу, вакцинациялау жұмыстары тегін жүргізіліп жатыр.


1 қазан 2020, 15:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.