Атырау, 19 наурыз 07:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Тоқаевтың тапсырмасы орындалмай жатыр: мәжіліс министрді есеп беруге шақырды

2 527 просмотра

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәжіліс депутаттарына президенттің коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем төлеу туралы тапсырмасының орындалуы жөнінде есеп береді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен Зәуреш Аманжолова үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемнің уақытылы төленбеу мәселесін қозғады.

Депутат денсаулық сақтау министрлігінің деректерін келтірді. Оған сүйенсек, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 12 830 медицина қызметкері індетке шалдыққан. Ал мемлекеттен төлем алуға небәрі 2 475 өтініш түскен, бұл ауырғандардың жалпы санының 19%-ін ғана құрайды. Ал біржолғы әлеуметтік төлем тек 1 830 адамға немесе вирус жұқтырғандардың 14,3%-не төленген.

"Коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің отбасына өтемақы төлеу жұмысы мүлде нашар. Бүгінге дейін індеттен 197 медицина қызметкері көз жұмса, денсаулық сақтау министрлігінен төлемге тек 38 өтініш қана түскен. Ал өтемақыны алғандар саны небәрі – 25 немесе марқұм болғандардың жалпы санының 12,7%-і", – деді Аманжолова.

Оның айтуынша, министрлік қызметкерлерінің баяулығынан президенттің тапсырмасы дер кезінде орындалмай жатыр.

"Денсаулық сақтау және еңбек министрліктері өзара іс-қимыл алгоритімін уақытылы пысықтамаған. Салдарынан осындай проблемалар туындап отыр. Осы айтылғандарды ескеріп, сізден бұл мәселені жеке бақылауға алуды сұраймыз", – деді депутат.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин жақын арада денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы мәселе бойынша мәжіліске шақырылатынын айтты.

"Келіп есеп берсін. Президенттің тікелей тапсырмасы жарты жыл бойы орындалмай жатыр. Бұған не себеп? Медицина қызметкерлері алғы шепте жүрді, қиын жағдайда жұмыс істеді. Біреулерінің денсаулығы сыр берді, енді бірі қайтыс болды. Ал тапсырма әлі орындалған жоқ. Таяуда Nur Otan фракциясы министрді шақырып, осы мәселені қарастырады", – деді спикер.

Еске сала кетсек, мемлекет басшысы 30 наурызда COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда отбасына 10 миллион теңге өтемақы төлеуді тапсырды.

Президенттің тапсырмасын орындау үшін 9 сәуірде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем төлеу тәртібі туралы бірлескен бұйрығы шықты.


23 қыркүйек 2020, 14:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.