«Луговой жылқы зауыты» ЖШС Атырау облысы әкімдігіне қатысы сотқа талап арыз берді.
ЖШС өкілі Самат АҚСАМБИЕВТІҢ айтуынша, 2018 жылғы желтоқсанда Жайықтағы балықтың қырылуына кінәлі «Атырау Су Арнасы» КМК әлі күнге дейін оларға сотпен белгіленген 1,5 миллиард теңгенің шығынын өтемеген.
- Сондықтан біз Атырау облысы әкімдігінің үстінен талап арыз бердік, өйткені кәсіпорын әкімдіктің құзырында, заңға сәйкес, ол залалды өтеуге қатысуы тиіс, - дейді С.Ақсамбиев.
Өткенге оралайық. 2018 жылдың желтоқсанында Жайықта қара балық жаппай қырыла бастады. 12 желтоқсанда екі қылмыстық іс қозғалды, ал осы уақытта Луговой жылқы зауытының Атыраудағы учаскесінде және Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытында көп мөлшерде бекіре тұқымдас балық қырылды.
БҰЛ ҚАНДАЙ АМАЛ?
Балықтың жаппай қырылуына қатысты сот үкімі 2019 жылдың 25 желтоқсанында шығарылды. «АСА» КМК бұрынғы директоры Руслан ҚҰРМЕТОВ, оның орынбасары Виктор СУЩЕНКО және су тазарту станциясының басшысы Михаил ЧУРСИН екі жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сот «Атырау Су Арнасы» КМК-нен Атырау аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының пайдасына 13 миллион 924 мың теңге (14 тоннадан астам қара балық қырылды), Жайық-Атырау бекіре өсіру зауытының пайдасына 429 миллион 438 мың теңге (1 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық қырылды), «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің пайдасына - 1 миллиард 500 миллион 859 мың теңге (100 тоннадан астам бекіре тұқымдас балық қырылды) материалдық зиянды өндіріп алу туралы қаулы шығарды. КМК үшін ерікті орындау мерзімін 6 ай деп белгіледі.
Қазіргі уақытта кінәлілер жануарлар дүниесі инспекциясына да, бекіре өсіретін зауыттарға да келтірілген зиянды өтеген жоқ. Мәселе, мынада: сот үкімінен кейін бір аптадан соң «Атырау Су Арнасы» КМК жаңа коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын - «Атырау облысы Су арнасы» мекемесіне сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсетуді ресми түрде тапсырды. Сол кезде облыстық энергетика және ТКШ басқармасының сол кездегі басшысы Мұрат ИҒАЛИЕВ материалдық шығынды өтеу туралы сот қаулысына жаңа кәсіпорынның еш қатысы жоқ екенін, қаржылық ауыртпалық бұрынғы кәсіпорынның мойнында екенін мәлімдеді.
Мұны «астарлы амал» демеске болмайды. Яғни, қиын жағдайдан шығу үшін іс-әрекеттің күрделі, жақсы жоспарланған әдісі. Сол өндіріс, сол персонал, сол міндеттер, бірақ қазір басқаша аталады - сондықтан алдыңғы кәсіпорыннан сұраңыздар.
«СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ»
Біздің сауалымызға облыс әкімдігі бүгінде Әділет департаментінің сот орындаушылары «Атырау Су Арнасы» КМК-нен жоғарыда көрсетілген қарызды өндіріп алу жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес, сот қаулысын орындау мерзімі өткен жағдайда да, ол өз күшін жоғалтпайды және қайтадан мәжбүрлеп орындатуға берілуі мүмкін.
Әкімдік сонымен қатар балықтың одан әрі жаппай қырылуын болдырмау үшін шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Мысалы, суды өңдеу кезінде қолданылатын зиянды заттардың Жайыққа түсуіне жол бермеу үшін «Атырау облысы СуАрнасы» КМК су ағызатын жерде орнатылатын хлор анализаторын сатып алады - бұл ағызу құбырына хлор түскен жағдайда белгі береді. Ағызу құбырына барлық стандартқа сәйкес келетін су есептегіш аспап орнатылған.
Сондай-ақ, түпкі шөгінділерді құрғату станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Станция іске қосылғаннан кейін шөгінді полигонға шығарылады, ал тазартылған су сүзгілеу үшін қайта беріледі. Осылайша, шайылған су ағызылмайды.
«ҚАЛПЫНА КЕЛУГЕ КӨП ЖЫЛ КЕРЕК»
Қазір ауыр соққыдан кейін «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-нің Атырау учаскесі жұмысын жалғастыруда - Тараздан өсіру үшін 5 тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық әкелінді, ол жақта ЖШС-нің тағы бір балық өсіретін зауыты бар. Бірақ бұл әлі жетілмеген аналық балықтар - алдағы жылдары балық қырылғанға дейінгі жағдайға жету үшін тек балық өсірумен айналысады.
- 2018 жылдың желтоқсанында бізде балықтың бәрі қырылды, ештеңе қалмады, - дейді С.Ақсамбиев. - Бекіре тұқымдас балықтың жетілуіне 7-8 жыл қажет. Қырылған балықты біз шамамен 8 жыл өсірдік, енді уылдырық аламыз деп жоспарлаған едік. Бірақ үлгермедік...
Оның айтуынша, «Атырау Су Арнасы» КМК өзінің кассациялық өтінішінде зиянды КМК-нің сотталған үш басшысы төлеуі керек деп көрсеткен:
- Бірақ біз бұл ақшаны олар өмірде ешқашан төлей алмайтынын түсініп отырмыз. Сот үкіміне сәйкес, кәсіпорынның бүкіл технологиясы дұрыс емес болған. Егер басшылық осы технологиямен жұмыс істесе, онда бүкіл кешен кінәлі. Егер қазір әкімдік жауапкершіліктен қашса немесе «Атырау Су Арнасы» ештеңе төлемесе, Қазақстанда балық шаруашылығын ешкім қолға алмайды. Не үшін? Елімізде биоактивтер сақтандырылмаған. Егер кінәлі тұлғалар жазасыз қалса, ешкім бұл саланы қолға алмайды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ