Атырау қалалық №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Асылбек ОРАЗБАЕВҚА Астанада бейбіт уақытта ерлік жасаған қаһармандарға құрмет көрсету аясында мемлекеттік марапат тапсырылды. Елордада өткен шарада ол еліміздің түкпір-түкпірінен келген басқа қатысушылармен (өрт сөндірушілермен, дәрігерлермен, полицейлермен) қатар «Қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және «Қазіргі заман қаһарманы» мүсіншесімен марапатталған. Осы уақыт ішінде Асылбек жүздеген өртті сөндіріп, ондаған адамды құтқарыпты.
ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР АЯНБАДЫ
… 2009 жылдың 31 қаңтары әлі анық есінде. Таң алдында дабыл қоңырауы соғылып, бірнеше минуттан кейін жігіттер Атырау облыстық ауруханасына қарай жүйткіген қызыл машина ішінде отырды.
Жеке құрамның жедел әрекет ету шараларының арқасында сол күні таңертең 122 адам құтқарылды. Адамдардың опат болуына немесе зақым алуына жол берілген жоқ.
Эндокринология бөлімшесінің 63 жастағы пациенті Мәрзия ДҮЙСЕНОВАНЫҢ естелігінен: «Мен таңғы сағат бестер шамасында оянып кеттім. Бір жамандықтың болатынын сезгендей болдым. Халатымды киіп, дәлізге шығып қарадым: тыныш екен. Бірақ ауадан күйіктің иісі шығып тұрды. Біршама уақыттан соң палатаға дәрігерлердің бірі жүгіріп келіп, басқа емделушілерді оята бастады. Ол сабырлы боп көрінуге тырысқанымен, көздерінен әлдененің болғаны байқалды. Кенет дәліз: «Өрт шықты!!! Өрт!!!» деп жанұшыра айқайлаған дауысқа толды. Дүрбелең басталып кетті. Дәрігерлер қолдарынан келгенше науқастарды тыныштандыруға тырысып, оларды ординатор кабинетіне қарай шығара бастады. Кешікпей тыныс алу да мүмкін болмай қалды, қара түтін өкпеге кіріп, бәрі жөтеле бастады, біреулерінің халі нашарлап кетті...
Мұрағат мәліметтерінен: ашық өрт болды. Өрт ошағы облыстық аурухананың бас корпусының бірінші қабатының дәлізінен шықты. Өрт қабырға панельдерінің бойымен өте жылдам қаулаған. Нәтижесінде бірінші қабаттағы өртенген нәрселердің улы түтіні екінші және үшінші қабаттардағы баспалдақ алаңдары арқылы тарала бастады.
Палата есігінің алдында өрт сөндірушілер пайда болып, олар терезелерді ашты да, бізге өрт сөндіру баспалдақтары арқылы төменге түсіңдер деді. Үшінші қабат еді. Сырт қатты суық болатын. Біреулер жылы киім әкелуді өтінді, бірақ бұған уақыт жоқ еді. Дәліз бойы қою ащы түтіннен көрінбеді. Алғашқылардың бірі боп, әзер тыныстап, баспалдақтың алғашқы басқышына аяқ бастым. Төменге қарап едім, жерге егер біреу-міреу құлап кетсе деп, жамылғылар мен матрацтарды үйіп тастапты. Аяғымдағы сүйретпеммен тайып кетермін деп қорықтым. Дем беріп, қолдау көрсеткеннен кейін, кешікпей аяғым жерге тиді.
Содан кейінгі жағдайды төменнен бақылап тұрдым. Бәрінен бұрын төсекке таңылған: операциядан шыққан, жансақтау бөліміндегі науқастарды түсіру қиынға соқты. Өрт сөндірушілер оларға зақым келтірмеуге тырысты. Оларға қатты қиын болғанын көріп тұрдым. Науқастарды матрацтарымен шығарып жатты, кейбіреуін сүйемелдеп, өрт көлігінің себетіне отырғызды... Прожекторлар, машиналардың дауыстары дарылдап, бәрі жүгіріп жүрді, көбі үрейден еңіреп жылады. Қорқып қалған туыстары жақындарын іздеп, тапқан кезде құшақтасып көрісті. Сол күнді ешқашан ұмытпаспын...
«ЖІГІТТЕР БӘРІН ОЙДАҒЫДАЙ ОРЫНДАДЫ»
Асылбек Оразбаев әлденеше рет ауқымды және күрделі өртті сөндіруге қатысты. Екі үлкен мысалды келтіруге болады: 2007 жылдың 6 қаңтарында ол «Ақжайық» стансасында цистерналар рельстен шығып кеткен кезде өртенген мұнай өнімдерін сөндіруге қатысты. 2008 жылы 21 қарашада АМӨЗ-дегі ЭЛОУ-АВТ технологиялық қондырғысынан шыққан өртті сөндірді.
Асылбек Оразбаев: «Сол жерге 5-тен 35 минут кеткен кезде келдік. Содан соң өрттің шығу себебі электрдің қысқа тұйықталуы екені анықталды. Қауіпсіз жерге көшіру үшін шығатын жеті жолдың үшеуін ғана пайдалануға болатын еді. Біз келген кезде ғимарат ішінде тыныс алу мүмкін болмады, ештеңе де көрінбейтін. Біз екі топқа бөліндік: біреуі өртті сөндірді, екіншісі адамдарды құтқарды. Мен екінші топта болдым. Аурухана дәлізінің шегі жоқтай көрінді. Әр палатаны тексеріп, оның бойымен қалай жүгіргенім есімде. Біреулер қорқып кетіп, кереуеттің астына тығылып, тұншығып қалуы мүмкін ғой. Басқа палаталарда төрт адамнан жатқан екен, бәрінің айғай салып көмек сұраған дауыстары естілді. Мен оларды дәлізге шығарып, баспалдаққа мінуге көмектестім. Осылайша әрлі-берлі қанша рет жүргенім есімде жоқ. 20, бәлкім, 30 шығар. Орындарынан тұра алмай жатқан адамдар үрейден айқайлап, жармасып алып айырылмады... Бірақ біздің қолымыздан бәрі келуге тиіс болатын. Науқастардың бәрін құтқардық. Өз жұмыстарын менен кем жасамаған басқа да жігіттер болды. Жігіттер ерледі».
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор