Биыл облыстық туберкулезге қарсы балалар шипажайына 50 жыл толды. «АЖ» шипажайдың бас дәрігері Алма ШОБАЛАЕВАҒА бірнеше сауал қойған еді.
- Алма Өтеғалиқызы, сіздің мекеме қанша бала қабылдай алады?
- Бізде туберкулезбен ауыратын емес, сол аурудың вирусын жұқтырған, манту екпесі іскен балалар емделеді. Біздің емдеу-сауықтыру орталық бір мезетте 75 баланы қабылдай алады, осынша кереуетпен жабдықталған. Дегенмен, кей кездері одан да көп баланы қабылдауға мәжбүрміз. Мәселен, қазіргі уақытта біздің орталықта 78 бала ем қабылдап жатыр. Оның 38 пайыздайы аудандардан келген болса, 62 пайызы осы қаланың балалары. Шамамен, жылына біздің орталықтан 300 бала ем алып, жазылып шығады. Әдетте әр емделуші бала бізде 3 ай уақыт ем қабылдайды, ал кей жағдайларда 6 айдан 36 айға дейін ем қабылдап жататын балалар да бар. Емделушілеріміз мектеп оқушылары болғандықтан, бізде мектеп бағдарламасы бойынша сабақтар үздіксіз жүреді - №21 мектептің мұғалімдері сабақ (35 минут) береді. Балалар шипажайда ұзақ уақыт жатады, ата-анасын, үйлерін сағынады, сондықтан олардың көңіл-күйін көтеру үшін жұмыс жасайтын психологтар да бар.
Орталықта жоғары санатты 3 фтизиатр дәрігер, 11 медбике, 5 педагог, 12 күтуші және әр топта 2 тәрбиеші қызмет атқарады. Мекеме дәрігерлері мен медбикелері білімін көтеру курстарынан үнемі өтіп отырады.
Жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген 3 топтың өзіне бөлінген медбикелері, дәрігерлері, педагогтары мен күтушілері бар. Сонымен қатар бізде физикалық ем қабылдау кабинеті де жұмыс жасайды.
Балалардың анализдерін айыруға қажет деген аппаратура мен құрал-жабдықтар бар. Тек қана рентгенге түсіру үшін флюорография кабинетіне қалалық емханаларға барамыз.
- Балаларға берілетін тамақтың құнарлылығы жоғары болуы керектігі белгілі.
- Иә, дәл солай. Біздің балалар 6 мезгіл тамақтанады. Күн сайын әртүрлі тамақ беріледі, екі мезгіл ет тағамдарын береміз: котлеттер, мантылар. Сонымен қатар, күніне жалпы алғанда 500 мл сүт тағамын қабылдайды. Бұрын шұбат беретін едік, соңғы жылдары СЭС қызметкерлері ауылдардан келетін шұбатты санитарлық талаптарға сай келмегендіктен беруге тыйым салды. Сол себепті шұбатты фабрикалық қаптамадағы айран және сүт өнімдерімен алмастыруға тура келді.
- Сіздің мекеме бюджеттік болып есептеле ме?
- Иә, қаржы жергілікті бюджеттен бөлініп тұрады. Соны жеткізіп, үнемдеп жұмсауға тырысамыз. Коммуналдық төлемдер де бар дегендей. Дегенмен, көптеген компаниялар да демеушілік көрсетіп отырады.
- Туберкулезге қарсы шипажайға балалар қалай түседі?
- Бізге келген немесе емханалар арқылы ауру ошақтарындағы балаларды ешқандай кедергісіз қабылдаймыз.
Соңғы кездері туберкулездің дәрі-дәрмекке қарсы тұратын түрі көбейіп жатыр, сондай отбасылардағы балаларды емханалар арқылы тез өзімізге алдыртып, олардағы аурудың алдын аламыз.
Туберкулез өзіндік белгілерсіз де дами беруі мүмкін. Бала тамақ ішпейді, жылайды, әлсіздік пайда болып, терлейді. Бірақ, ол жөтелмеуі мүмкін. Осы жағдайларды қадағалап отыру керек. Туберкулез емделеді, тек емді үзбей алып, дұрыс тамақтану керек.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА