- Бірнеше жылдан бері мемлекеттік балабақшадан орын ала алмай келеміз, сондықтан да баламызды жекеменшік бақшаға апарып жүрміз. Балаларын жекеменшік бақшаға беріп жүрген ата-аналарға «Балапан» бағдарламасы бойынша өтемақы төленеді деп БАҚ беттерінен бірнеше рет оқыдым. Облыс әкімі соңғы бір сөзінде осы мәселені қозғап, өтемақылар 2013 жылдан бастап төленеді деп мәлімдеген болатын. Құжаттарды қайда тапсыру керек (ХҚО-ға ма әлде қалалық білім беру бөліміне ме)? Қандай құжаттар дайындау керек? Ақша қалай аударылады – арыз берушінің атына ма әлде балабақша шотына ма? Төлемақы төлеу мерзімі қандай?
Берік
Сұраққа облыстық білім беру басқармасының бастығы Сатқан ЕСЕНҒАЛИЕВ жауап берді:
- «Балапан» балаларды мектепке дейін оқумен және тәрбиемен қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша 2010-2014 жылдарға Балаларын жекеменшік мектепке дейінгі тәрбие ұйымына беріп жүрген ата-аналарға төлемақы төлеу қарастырылмаған. Әңгіме республикалық бюджеттен қаржыландырылатын, жекеменшік балабақшаларға орналастырылуы мүмкін мемлекеттік тапсырыстар жөнінде. Мұнда да балалардың тамағына кеткен шығынды ата-аналар есебінен өндіру принципі сақталады. Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 4 мамырдағы бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие және оқытуға, техникалық және кәсіби, ортадан кейінгі, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беруге, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттік тапсырысты орналастыру ережесіне сәйкес мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарына мемлекеттік тапсырысты орналастыру меншік формасына, түріне және типіне қарамастан жүзеге асырылады. Мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемінде мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымының тәрбиелеу және оқыту бойынша шығындары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары шеңберінде бір балаға шаққандағы есеппен өтеледі.
Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін қалалық, аудандық білім беру бөлімдері балалар контингентін кезек тәртібімен жинақтайды. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар байқау жариялайды. Байқауға өтінім берген мектепке дейінгі ұйымдар қатыстырылады. Өтінім беру нысаны – ерікті. Байқау ұйымдастырушысы – жергілікті атқарушы орган өткізу кезеңін белгілейді, байқау жариялайды, комиссия құрып, оның құрамын бекітеді, комиссия жұмысын қамтамасыз етеді, комиссия шешімі негізінде мектепке дейінгі ұйымдар тізбесін бекітеді. Мемлекеттік тапсырысты орналастырумен жергілікті атқару органдары мен жекеменшік балабақшалар құрылтайшылары айналысады.
Біз тағы да осы мәселеге түсінік беру үшін облыстық білім беру басқармасының маманы Ақкенже ИСАНБЕРГЕНОВАҒА жолықтық.
- Қысқаша айтқанда мемлекеттік тапсырысты орналастыру сызбасы мынадай. Мәселен, жекеменшік балабақша 60 орынға есептелген, бірақ онда 50 бала тәрбиеленуде, 10 орын бос. Бұл жағдайда жекеменшік балабақша мемлекеттік тапсырыс алу үшін байқауға түсуге өтінім бере алады. Білім бөлімі балабақша орнына кезекте тұрған 10 адамды таңдап, ата-аналарына балаларын жекеменшік бақшаға беруге ұсыныс жасайды және ақшасының белгілі бір бөлігін мемлекет төлейді.
Мұндай мемлекеттік тапсырысты кез келген балабақша ала алмайды, талап өте қатал. Мысалы, өткен жылы бірде-бір бақша байқауға қатысуға өтінім берген жоқ. Байқау өткізу мерзімі ақша түсуге тікелей байланысты, 2012 жылы ақша тек сәуірде ғана келді. Келесі жылы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қандай көлемде қаражат бөлінеді және оның қашан түсетіндігі белгісіз.