Атырау, 23 қараша 18:30
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Алпысбай - қасқырдың қас жауы

15 210 просмотра

Облыстық аңшылық және балық аулау қоғамының деректері бойынша, жыл басынан бастап облыста 264 қасқыр, 14 шиебөрі және 57 бөлтіріктің көзі жойылған. Осы қасқыр аулау бәсекесінде атыраулық 53 жастағы аңшы Алпысбай КҮЛПЕЙІСОВ (суретте) жеке топ бастап тұр, оның еншісінде 172 олжа бар. Одан кейін 47 қасқырды атып алған Исатай аудандық аңшылық шаруашылығының қорықшысы Дауылбай ҚАНАТБАЕВ келеді.

 

МАЛҒА ОБАЛ БОЛДЫ

- Мен бұрын Мақат ауданы Комсомол селосында тұрғанмын, - деп бастады әңгімесін Алпысбай. – Мал ұстадым, жағдайым жақсы болды. 1991 жылы машина алғым келіп, етке үш сиыр тапсыруды жөн көрдім. Малымды алайын деп, жүк машинасымен қырға барсам, бір сиырымды қасқыр жеп кетіпті. Міне, содан кейін аңшылар қоғамымен шарт жасасып, аңшылыққа ден қойдым.

Алпысбай «ДоссорМұнайГаз» МГӨБ-да қондырғы операторы болып жұмыс жасайды, ал вахтааралық демалысы кезінде облысты аралап, фермерлердің қасқырлармен күресіне көмектеседі. Ол 172 санының ішіне фермерлер ұстаған жиырма шақты қасқырлар да кіретінін мойындады. Мұны ол өзіне облыстың белгілі бір аймағына баруға ұсыныс түскенде, ең алдымен сол жердің тұрғындарын көмекшілікке алатынымен түсіндірді. Аңдарды қоршау кезінде көмекшілерінің бірі қасқырды кетпенмен соғып алса, Алпысбай оған міндетті түрде тиісті 14 мыңын береді екен (бұл бүгінгі күнгі бір қасқырды өлтіргені үшін төленетін сыйақы, ал шиебөріге немесе бөлтірікке – 7 мың теңге), ал қалаға келген соң өз шығынын аңшы қоғамы кассасынан өтейді.

-Мен малшылардан өз жұмысым үшін ештеңе дәметпеймін, алайда аңшылар арасында әр өлтірілген қасқырға бір қойдан сұрайтындары да бар.

 

ШАЙҚАС АЛАҢЫНДА

Алпысбайдың айтуынша, тәжірибелі қасқыр аулаушылардың бірқатары соңғы кезде қасқырды тұлып (чучело) пен төсеніш кілемше жасау үшін аулауға машықтанып алды. Олар қажетті көлемдегі және түстегі қасқырды өлтіру үшін ұзақ уақыт торуылда отырады. Тұлыпшылардың аң аулау мезгілі қыста, қансонарда басталады, өйткені жазда қасқыр терісі сабалақ, сұрықсыз болады. Бір тұлып олжаның мөлшері мен жасау сапасына қарай 1-ден 5 мың долларға дейін тұрады. Алайда тек арланды ғана өлтіру малшы проблемасын түбегейлі шеше алмайды.

Қасқырмен шын мәнінде күресу үшін аңға жазда шығу керек. Қасқыр ыстықта жүгіре алмайды, ол күндіз апанда немесе тал түбінде жатқанды қалайды. Егер ыстықта даладан қасқыр көрсеңіз, сіз оның жатқан жерінен өтіп, үркіткеніңізді біліңіз.

Негізінен, қасқыр өз апанын бірнеше мал шаруашылығынан бірдей қашықтықтағы жерден қазады, алайда күшіктері екі айдан асқанда апанды болашақ құрбандарына жақын жерге көшіреді.

- Бір қасқыр үйірін құрту үшін маған он шақты күн керек, - дейді Алпысбай.– Мен үлкен қасқырлардың апаннан су ішуге немесе азық іздеуге баратын негізгі соқпақты тауып алып, торуыл жасаймын. Қасқырлардың біреуін немесе екеуін де өлтіріп, апаннан күшіктерді қазып алуға асығамын. Негізінде, апанда 8 немесе 10 күшік болады. Өте сақ болу керек. Егер арлан қасқыр сені байқап қалса, үйірін басқа жерге көшіріп, фермерлерге шабуылын жалғастыра береді.

Облыстық аңшылар қоғамының деректері бойынша облыс аумағында мекен ететін қасқырлардың жалпы саны шамамен 4,8 мың басты құрайды. «Қабандар мен киіктер популяциясын сақтау үшін жыртқыш аңдар санын реттеу мақсатымен қасқырларға спорттық аңшылық ұйымдастыру» бағдарламасы бойынша қасқырларды жыл бойы ату және сыйақы төлеу көкжалдардың санын бақылауға септігін тигізеді.

ОСАЛ ЖАУ ЕМЕС

- Тәжірибеңізде қасқырлардың сізді айлакерлігімен таңғалдырған кездері болды ма?

- Бірде біз көлікпен арланды қуғанбыз. Ол төбенің басына шықты да, жоқ болып кетті. Оның қайда кеткенін түсінбей, аң-таңбыз. Сәлден кейін айналаны жіті қарап, төбе басының күн қызуынан тілініп, жарылып кеткенін байқадым. Қасқыр солардың біріне түсіп, тығылып қалған екен. Мен оның айлакерлігіне таң қалсам да, жауды аяп қалмадым.

- Иттерді айтақтап қосасыздар ма?

- Мен Атыраудан осы күнге дейін бірде-бір қасқыр алатын ит көрген жоқпын. Үйге бір қасқыр күшігін әкеліп едім, иттердің барлығы құйрықтарын ішке тығып алды. Міне, жаратылыстың кереметі.

- Сіздің осы аңшылық ісіңізде шәкірттеріңіз бар ма?

- Жоқ, бірақ іздеудемін. Менің осы ісімді кім жалғастырады екен? Бұл үшін маған 20-25 шақырым жаяу жүре алатын жас жігіт керек. Қасқыр аулап жүріп, құс көрсе де, қабан ізін байқаса да алаңдамайтын алғыр, менімен пікірлес адам болса деймін. Мен шәкіртімді бірге аңға шығып жүрген осы малшылар ішінен табам деп ойлаймын. Айтпақшы, бүгін Қызылқоға ауданы Мұқыр селосы жағындағы Береке ауылынан суыт хабар келді: енді сол жаққа жиналу керек...

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Сурет Қанат ЕЛЕУОВТІКІ және А. КҮЛПЕЙІСОВТІҢ жеке мұрағатынан алынды

19 желтоқсан 2012, 16:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.