Атырау, 5 қазан 02:14
 ашықВ Атырау +17
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

ТШО-ның жақын серіктестері

1 866 просмотра

14 желтоқсанда ТШО-да шағын және орта бизнесті дамытудың серіктестік бағдарламасы жөніндегі форум болып өтті.

АРМАНДАҒАН АРТЫҚ ЕТПЕЙДІ

Естеріңізге салсақ, экономикалық даму министрлігі мен «Атамекен» ұлттық-экономикалық палатасы жергілікті филиалының және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қолдауымен облыстық әкімдік жасақтаған бағдарламаның мақсаты – ірі компаниялар үшін жергілікті жеткізушілер желісін дамыту болатын. Мұнда алыптардың профильдік қызметтеріне байланысты емес бизнес бағытын дамытуға үміт артылып отыр.

ТШО немесе Аджип ККО секілді компаниялармен келісім-шарт жасау әрбір атыраулық кәсіпкердің арманы екенін болжау қиын емес. Өйткені бұл - кепілдендірілген көлемдер мен тұрақты кірістер. Алайда форумда айтылған ТШО менеджерлерінің қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі оптимистік мәлімдемелеріне қарамастан, жолы болғыш жандардың қатарына кіру өте қиын.

Форумға қатысушы - жергілікті бизнесмендердің арасында өткізілген сауалнамаға сәйкес, олардың барлық 100 пайызы ТШО тендерлеріне қатысуға қызығушылық танытып отыр. Олардың 30 пайызы болашақ тендерлер туралы ақпаратты компания сайтынан алса, 10 пайызы – БАҚ-тар арқылы хабардар болған. Қалған 60 пайызы, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, өткізіліп жатқан тендерлер туралы мүлдем білмейді екен. Сауалнама, сондай-ақ кәсіпкерлердің көпшілігі ТШО-ның 1997 жылдан бастап шағын және орта бизнесті дамыту үшін несиелер беретіндігі туралы (жылына 1 млн доллар) білмейтінін және ықтимал жеткізушілерге ТШО-ның қоятын талаптарымен таныс еместігін көрсетті.

ЖОҒАРҒЫ ШЕК…

«ТШО» ЖШС-нің жергілікті қамтуды дамыту бөлімінің менеджері Марат ДӘУЛЕТЬЯРОВТЫҢ айтуынша, компания кәсіпкерлердің бизнес-жоспарларын қарастырып, несиелік кеңесте пайызсыз несие беру жөнінде шешім шығарады. БТА банк бағдарламаның серіктесі боп табылады.

Оң тәжірибе ретінде ТШО-ның Қазақстанның машина жасаушылар одағымен бірлескен жұмысы айтылды. 2011 жылы Теңіздегі Келешек кеңею жобасы үшін машина жасау өнімдерінің 230 атаудан тұратын тізімі құрастырылды. Қажетті өнімдерді шығаруға қабілетті қазақстандық 22 зауыт белгіленді: олардың 11-іне тапсырыс берілді, 2 зауыт болмашы жаңартуды, қалғандары – техникалық шарттардың өзгеруін және технологияны шеттен әкелуді қажет етіп отыр

ТШО өкілдерінің пікірінше, ҚР-да дамыту үшін ықтимал бағыттар арасында – тұрба өнімдері, жылу алмастырғылар, тиекті арматуралар, компрессорлық, газ-турбиналық, сорғы жабдықтары және т.б. бар.

Дәулетьяров ТШО-ның мердігерлерге қойып отырған жоғары талаптарына дәлелдер келтірді: біріншіден, нашар сападағы тауарлар мен қызметтер тікелей қызметкердің қауіпсіздігіне әсер етеді. Екіншіден, жоғарғы «шек» жергілікті компанияларды дамытады және олардың халықаралық деңгейге жетулеріне мүмкіндік береді. Кез келген компоненттің жоғары сапасы қаншалықты маңызды екенін көрсету үшін ол тораптардың бірінің жарамсыздығы салдарынан зауыттың болжамды қысқа мерзімге тоқтау зардаптарын сипаттады:

- Біз өз өнімдерімізді өндірмейміз, теміржолдағы, теңіздегі көлік жүйесі тоқтап қалады, терминалдар тұрып қалып, бәрі де шығынға ұшырайды.

Мұндай кінәмшілдік, әрине, сенім тудырады. Тек соңғы жылдары мердігерлер жіберген (және тапсырыс беруші «өткізіп жіберген») құрылыс ақаулары салдарынан екінші тынысты зауытта жиілеп кеткен апаттар еріксіз еске түсіп отыр. Құрылыс кезеңінде шетелден әкелінетін жабдықтардың күмәнді сапасы туралы да әңгіме көп айтылған еді. Бұл ахуалды соңғы күрделі жөндеу жұмыстары да өзгерте алмады. Одан кейін де апатты кідірістер әлі күнге дейін орын алып жатыр.

… ЖӘНЕ «ЕҢБЕКШІЛЕР ХАТЫ»

Сөз соңында М. Дәулетьяров ТШО-ның басты мақсаты «активтерді тиімді әрі қауіпсіз пайдалану және жоба бойынша серіктестердің игілігі үшін жоғарғы пайдаға қол жеткізу» боп табылатындығын мәлімдеді.

Компанияның «активтерін пайдалануда» тек серіктестердің ғана табыс таппайтындығына күмән бар (айтпақшы, қазақстандық тараптың Теңіз мұнайынан қанша табыс табатындығы туралы ақпарат әлі күнге дейін құпия боп келеді). Кәсіпкерлер бейресми түрде (ешкім де ТШО-мен сөзге келгісі келмейді) ақпараттың жоқтығына, бас тарту себебін түсіндірместен жобалардың жабық қаралатындығына шағымданады. «АЖ»-ға тендерлік процедуралар үшін жауапты қазақстандық және шетелдік менеджерлердің арасындағы сыбайлас жемқорлық туралы хаттар (жасырын, әрине) жиі түсіп тұрады. Әрі олардың нақты фамилиялары да айтылады. Атырау мен Алматыдағы элиталық (жабық) сауналарда, барларда және мейрамханаларда үнемі кездесіп тұратындығы, сол жерде құпия құжаттар беріліп, шетелдік валютамен әжептәуір ақшалай сомалардың таратылатындығы туралы жазады.

Соңғы жіберілген осындай жолдауда (сапасыз) орындалатын жұмыстар мен ауызбастырық құнын көтерудің айқын жолға қойылған сызбасы туралы айтылған. «ТШО бұл ретте ақталмаған шығындарға ұшырап, пайдасын жоғалтса, Қазақстан – болжамды аударымдарды жоғалтады. Сонда қалай, техникасы өте әлсіз және заманауи жабдықтары түгелдей дерлік жоқ шағын фирма өзінде озат батыс технологиясы бар деп көз бояп, ТШО үшін қызметтер орындайтын болғаны ма? «Ұтып алынған» тендерден кейін жұмыстардың мәлім етілген кестеден қалыс қалып, қымбаттап жатқаны да анықталып жатады. Бірақ бұл үшін ешкімге де жауапкершілік жүктелмейді».

Тендерге қатысушыларды іріктеу мәселесін шара соңында Дәулетьяровтың өзі қозғап, былай деді:

-  Біз жыл сайын алдағы жылдың сатып алулар жоспарын ҚР мұнай және газ министрлігіне береміз, содан соң ол министрлік сайтында жарияланады. Тендерге келетін болсақ, тек біздің шарттарымызды орындауға қабілетті компанияларды ғана тіркейміз. Ал халықты көп тартқымыз келсе, БАҚ-тарда ірі тендерлер туралы ғана жариялаймыз. Содан соң бәрібір тендерге қатысу үшін үздікті таңдау процесі жүреді. Қазақстандық қамту жөніндегі біздің мақсатымыз – болашақ тендерлерді күтпей, қазірдің өзінде уақыты келгенде дайын болуы үшін кәсіпкерлермен жұмыс істеу. Біздің жыл сайын толығып отыратын дерекқорымыз бар. Тендер өткізетін қызметкерлер базадан лайықты компанияларды таңдап, оларды тартады. Бірақ бұл жерде де іріктеу жүргізіледі. Біздің бәріміздің де мектеп қабырғасынан бері келе жатқан достарымыз, студенттік жылдардағы достарымыз, жұмыстағы әріптестеріміз бар. 25 сыныптастың бәрімен бірдей осы күнге дейін достық қарым-қатынас жасалмайды ғой. Араласып тұратын біреу немесе екеуі қалған шығар. Бұл жерде де осылай: ең үздікті таңдағанда табиғи іріктеу жүргізіледі.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

19 желтоқсан 2012, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.